«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МАЛ ҰРЛЫҒЫ ҚЫЗҒАН ШАҚ

Күн жылынысымен, тұрғындар қорадағы малын жайылымға шығара бастады. Бұл мал ұрылары үшін оңтайлы сәт.

Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның полиция бөліміне жергілікті тұрғын хабарласып, үйдің маңында жайылып жүрген қойы қолды болғанын айтқан. Тәртіп сақшылары куәгерлерден жауап алып, бейнебақылау камераларындағы жазбаларды, криминалдық есепте тұрған аудан тұрғындарын тексерді. Көп ұзамай екі күдікті анықталды. Олар 1988 және 1995 жылдары туған жергілікті екі тұрғын болып шықты. Күдіктілерден қойдың мүшеленген етінің бір бөлігі тәркіленді. Аталған факті Қылмыстық кодекстің 188-1 бабының 3-тармағы, яғни «Мал ұрлау» бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Тергеу жүргізілуде.

«Мал ұрлығының басым бөлігі еркін жайылымда жасалатынын еске саламыз. Малды ұры-қарыдан қорғаудың ең дұрыс жолы – жергілікті әкімдік, мал иелері мен бақташылардың арасында үшжақты келісім жасасу», – дейді облыстық полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Петр Климов.
Жыл басынан бері облыста 8 мал ұрлығы тіркелді. Оның жетеуінің беті ашылды. Былтырғы жылдың сәйкес кезеңінде 24 дерек тіркелген болатын. «Алайда ұрлық саны азайды екен деп арқаны кеңге салуға болмайды» дейді полицейлер. Аудандарда ұрланған малды, мүшеленген етті алып өтетін жолдар жедел топтардың ұдайы бақылауында. Блок-бекеттер арқылы тасымалданатын ет өнімдерінің құжаттары мұқият тексеріледі. Мал ұрлығын ашу және алдын алу облыстық полиция басшылығының бақылауында.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp