
Қарақоға ауылдық округіндегі іргелі қосалқы үй шаруашылықтарының бірі “Д.Жаманбаев” жеке кәсіпкерлігі болып табылады. Жеке кәсіп иесі Данабек Жаманбаев оны осыдан үш жыл бұрын құрған болатын. Осы аз ғана уақыттың ішінде оның қорасындағы мал басы өсіп, ірілі-ұсағы бар ірі қарасы қырықтан асса, жылқы саны елудің үстіне шықты. Сол сияқты, ішкі қажетіне жарату үшін отыз шақты қой ұстайды. Әлі қырықтың қырқасына да ілікпеген жас жігіт үшін бұл аз шаруа емес. Өзінің іскерлік ұмтылысымен және бір шаңырақтың астында бірге тұратын ата-анасы Керімбай ақсақал мен Роза апайдың беретін ақыл-кеңестерінің арқасында мал басына бас қосып, қазіргі күн талабына сай кәсіпкерлік ісін дөңгелетіп отырған жайы бар.
Данабектің бір бауырдан тараған інісі мен қарындасы да осында, Қарақоға ауылында тұрады. Бұдан біраз уақыт бұрын болашағы жоқ ұсақ елді мекендердің іргелі шаруашылық орталықтарына қоныс аударуы бағдарламасына сәйкес бұрынғы кеңшар бөлімшесі Бірлік ауылынан үш отбасы болып көшіп келген. Бауырларының шаңырақтары бөлек, өздерінің жеке істерімен айналысады. Інісі Марат өзі сияқты мал өсіріп отырса, қарындасы Еркежан Қарақоға ауылында екі дүкен ұстайды.
Өз кәсібін одан әрі кеңейте түсу үшін Данабек бұрнағы жылы “Сыбаға” мал шаруашылығын дамыту бағдарламасы бойынша сомасы 5 миллион 350 мың теңгенің кредитіне қол жеткізді. Ауыл шаруашылығын қолдау қоры арқылы берілген бұл қаржыға 30 сиыр және асылтұқымды бір бұқа сатып алды. Несиелеуші қордың талабы бойынша кредит алмас бұрын кәсіпкерде қаншалықты мал болуы қажет болса, ол Данабекте артығымен табылды. Яғни, оның қорасындағы ірі қара мал басы оған дейін де 30-дан кем түсіп көрген емес еді. Қолындағы жергілікті тұқымдағылардан басқа, “Алабота” асылтұқымды мал зауытынан сатып әкелінген 10 бас тайыншасы бар болатын.
Қолда қыруар мал ұстаған соң, әрине, соған лайықты қора жайы болғаны жөн. Бұл орайда Данабектің ерекше іскерлік танытып, жеке-жеке мал қораларын тұрғызып алғанына тәнті боласың. Оған от басы орамының қонысжайы үшін ауылдың түстік жағындағы темір жол торабының сыртынан орын алғаны да жақсы болған. Қоныстанған жері қолайлы болғандықтан, үй орамы, қора-қопсысы бәрі де кең. Әсіресе, осызаманғы материалдан тұрғызылған үйі сондай көрікті, көшеге сән беріп тұр десе болады. Сол сияқты, аула орамындағы жеке сиыр және жылқы қоралары да шағындау болғанымен, шаруашылық фермаларындағыдан кем емес.
– Сиыр қорасын 2011 жылы тұрғыздық, онда отыз шақты мал байланады. Бұзаулаған сауын малын сонда ұстаймыз. Қорада электрлі сауын аппаратын орнатып, сүт өндірісін жолға қоймақ ойымыз бар. Ол үшін қажетті сауын аппараттарын алып та қойдық. Ал қазір сауып отырғанымыз 6-7 сиырдан аспайды. Әзірге қолдан сауу жұмысын сауыншымыз Ақбөпе Таубаева атқаруда, оған анам Роза көмектеседі. Қорадағы мал бағымы жұмыстарын малшы-тракторшыларымыз Қайрөш Таубаев пен Серік Жарткеев жүргізеді.
Жылқы қорасы 2012 жылы салынды. Оған негізінен семіртілетін жылқылар қойылады, қазір онда 25 бас жылқы тұр. Сөз реті келгенде айта кетейін, биыл жыл басынан бері семіртілген жиырма шақты жылқы саттым. Оның ішінде соғымдық малды тірідей алып жүргендер бар, ал негізінен жылқы етін қаладағы сауда орындарына өзім жеткіземін, – дейді Данабек Керімбайұлы.
Халық даналығы: “Жан қиналмай жұмыс бітпес, Талап қылмай мұратқа жетпес” демей ме?! Кәсіп иесінің осы табыстарының бәрі – оның тынымсыз еңбегінің жемісі. Ол үшін жоғары білімді маман болу да қажет емес, зор талапты ынта мен ниет болса жеткілікті. Ең бастысы Данабекте осындай еңбекке деген ыстық ықылас пен құлшыныс бар. Небәрі Қарақоғаның кәсіптік-техникалық училищесін ғана бітірген механизатор жігіт бүгінде мал шаруашылығы жұмысын тасқаяқтай қағыстыруда. Оған, мүмкін, олардың отбасы болып бірігіп, іске жұмыла кірісулерінің де септігі тиіп отырған шығар? Отбасылық іске ата-анасы мен зайыбы Ақнұр ғана емес, қайын атасы Әділбек те қолғабыс жасауда.
Әйтеуір, не керек, “Сабақты ине сәтімен” дегендей, кәсіп иесінің ісі оңынан оралып, жылдан-жылға нығайып келеді. Семіртілген басы артық өгізшелерді етке өткізе бастады. Бұл орайда сәті түскенде өңіріміздегі ірі ет өндіру кәсіпорындарының бірі “Казмясопродукт” ЖШС-мен келісімге келіп, малын тірідей соларға тапсырып отырғандарын айтуға болады. Биыл жыл басынан біршама тәуір бағада алғашқы он басты өткізген болса, бүгінде тағы осынша мал жемде тұр. Қолдағы ірі қара басының бұлайша оралымға келуі алдағы уақытта “Сыбағадан” алған кредиттік берешегін мезгілінде қайтаруына мүмкіндік берері сөзсіз. Ал әзірге оның екіжылдық жеңілдік мерзімін пайдаланып, өнім өндіруді жолға қойып алуға тырысуда. Соның бір дәлелі – үй фермасында механикалық сауын желісін ашқалы отырғаны. Жер аяғы кеңіп, мал ауызы көкке тиісімен 30 сиыр саууды қолға алмақшы. Онда күніне кемінде 300-350 литрден сүт сауылады. Өндірілген өнімді алушы бар, “Булаев май зауыты” деп аталатын “Пальчик” ЖШС-і қазірдің өзінде кәсіпкердің үй шаруашылығында аз ғана сиырдан сауылған сүтті күнара өздері келіп алып кетеді, төлемақысы да жаман емес, литрін 62 теңгеден қабылдайды. Үй фермасының сүт өндірісі өндірістік жолға қойылар болса, қабылдаушымен арадағы келісімшартының қайта қаралары сөзсіз.
Іскер жігіттің төрт түлік малдан нәпақа тауып, оны отбасының табыс көзіне айналдырып отырғанына және 6-7 ауыл адамын жұмыспен қамтығанына қалай риза болмассың?! Оның шаруашылық құрылымы жеке кәсіпкерлікке саналғанымен де, іс жүзінде атқарып отырған жұмыс ауқымы шаруа қожалығындағыдан кем емес. Техникалық жарақтануы жақсы, екі “МТЗ-82” және бір “МТЗ-80” тракторлары, олардың бірнеше тіркемелері, жүк машинасы бар. Өткен жылы роторлы шалғы сатып алып, қолындағы малына жетерлік шөп дайындап алды.
Жан сүйсінерліктей осындай жетістіктерін көргенде, шынында да, “Мал өсірсең, Данабектей бол!” дегің келеді. Биылғы жыл басы – Наурыз мерекесін жеке кәсіпкер көтеріңкі көңіл күймен қарсы алуда. Сиырлары мен қойлары жаппай төлдеп, аққа кенеліп отыр. Момақан Қой жылы жанға жайлы, тынышты болар деп ойлайды. Кәсіпкер биылғы жылы кемінде 4-5 бие байлап, күрпілдетіп күбі піспекші. Шаруашылығын біршама жолға қойып, қалауынша өнім шығара алатын оның бүгінде ұлттық салт-дәстүрлерімізге сай сан алуан тағамдар дайындауға ынтасы зор. Данабектің түбінде оған да қолы жетеріне сенеміз.
Тоқтар ЗІКІРИН,
“Солтүстік Қазақстан”.
СУРЕТТЕРДЕ: Данабек Жаманбаев жылқы орамында.
Суретті түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.