«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МАЛ ӨСІРСЕҢ, ҚОЙ ӨСІР…

«Бұрындары отар-отар қой болушы еді» дегенді 100 саулықтан 120 қозы алған атақты шопандар мен сақманшылардың кезеңін көрген үлкендерден жиі естуші едік. Қазір осы ескі сүрлеуді жаңғырту мақсатында қой шаруашылығын жандандыруға бағытталған түрлі бағдарламалар іске асырылып жатыр. Осының әсері ме екен, қазір «Мал өсірсең қой өсір, пайдасы оның көл-көсір» деген қазақы нақылға құлақ асқан кәсіпкерлердің қатары көбейген. Дегенмен қазір қолда бар қойдың саны 1990 жылдардағы көрсеткіштің жартысына да жетпейді екен.

Қазақтың ата кәсібі

Қой шаруашылығы дамыған елдердің тәжірибесіне көз жүгіртсек, көбінесе тез семіретін етті, жүнді тұқымды өсіруге басымдық беретінін байқаймыз. Себебі бұл үрдіс ел экономикасының дамуына жол ашады. Ұсақ малдан түсетін табыс та мол. Осы ретте қайта жанданған кәсіп ауылдардың әлеуметтік- экономикалық дамуына, тұрғындардың тұрмыс-тіршілігінің жақсаруына дем берері анық.

Бүгінде өңірімізде 395 мың шамасында қой бар. Оның ішінде агроқұрылымдардағы қойдың саны – 101,4 мың бас. Алпысқа жуық шаруашылық негізінен тауарлық және асыл тұқымды қой өсірумен айналысады. Бүгінде осы шаруашылықтардың өрісінде 25,1 мыңға жуық асыл тұқымды қой бағылып жатыр. Олар – Еділбай және қазақы құйрықты қылшық жүнді, қазақы жартылай қылшық жүнді қойлар.

Соңғы 3 жылда облыстың агроқұрылымдары 34,1 мыңнан астам қозы сатып алған. Олар Ақмола, Қостанай, Павлодар, Алматы, Жамбыл, Қарағанды, Батыс Қазақстан, Маңғыстау облыстарынан әкелінді. 2 0 2 1 жылы «Солтүстік» әлеуметтік- кәсіпкерлік корпорациясы (8 жылға дейінгі мерзімде 4 пайызбен) арқылы жеңілдетілген қаржыландыру аясында бірнеше жоба жүзеге асырылды. «Шұғыла», «Қаратомар», «Екпін-2002» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері, «Ақынбаева» жеке кәсіпкерлігі, «Аманат» шаруа қожалығы қаржыландырылып, 11 мың бас асыл тұқымды қой сатып алды.

Ал Айыртау ауданындағы «Тамды» фермерлік қожалығы Алматы облысынан бір мың бас Гэмпшир, Жамбыл ауданындағы «Туған Жер» фермерлік қожалығы Павлодар облысынан мың бас Еділбай қойын өз қаражаттарына әкелген.

Шетелде сұранысқа ие

Өңірімізде Еділбай қойын өсіріп отырған шаруашылықтардың бірі – «Екпін-2002» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. 2016 жылы құрылған шаруашылықтың иесі Өмірсерік Әбиевтің айтуынша, Жамбыл ауданында мал шаруашылығы айтарлықтай дамымаған. Сондықтан ата кәсіп – қой өсіруді қолға алып, Шопан ата түлігінің санын көбейтуге бел буған.

– Еділбай қойының отаны – Батыс Қазақстан облысындағы Еділ өзенінің бойы. «Еділ бойының қойы» дегеннен гөрі, «Еділбай қойы» деп айтуға жеңіл, әрі ыңғайлы. Бұл қойдың сүйегі берік, кеудесі кең, төс сүйегі шығыңқы келеді. Төлдері тез жетілгіш, қысқы жайылымға төзімді. Батыс Қазақстан, Ақмола, Қарағанды облыстары малдарды біз сияқты қорада ұстамайды, далада жайылып жүреді. Біз де желтоқсан айының соңына дейін жайылымда ұстадық. Олардың құйрық майы – энергия көзі, сондықтан күйін жоғалтпайды, – дейді Өмірсерік Әбиев.

Бүгінгі таңда Еділбай қойларына сұраныс жоғары. Бұған әлемді әбігерге салған коронавирустық пандемия оң әсер еткен көрінеді. Бұрын құйрықты қойлардан сырт айналғандардың ендігі таңдауы – Еділбай қойы. Серіктестіктің қойларын өңірдегі шаруашылықтардан бөлек Қостанай, Қарағанды облыстары, Астана қаласы малдануға әкетеді. Ал жасы жеткен саулықтарды Павлодар, Қостанай ет комбинаты алып кетеді. Қойдың етін табыс көзіне айналдырғандар Еділбай қойын құйрық майға аңсары ауған Дубай сияқты елдерге экспорттауда.

– Ол жақтарда қазақтың қойы сұранысқа ие. Мәселен, Аустралиядан 100 қойдың еті келсе, олардың көлемі, бітімі біркелкі болады. Ал Қазақстаннан апарған қойлардың ішінен бірдейі табылмайды. Аустралиядан, Жаңа Зеландиядан жеткізілген қойлар өндірістік бағыттағылар, ал біздікілер табиғи ортада өседі, – деген Өмірсерік Әбиев қойларды малдануға сатқанда да, етке өткізгенде де еш қиналмайтындарын айтты. Себебі нарық бар. Биыл олар екі серіктестікке 1200 бас қозы сатқан. Алты айлық қозылардың бағасы 80-100 мың теңге аралығында. Биыл серіктестік саулықтың санын 10 мыңға жеткізуді көздеп отыр.

Қанша дегенмен елімізде, оның ішінде өңірде қой шаруашылығы қалыпты дамып жатыр. Бұл – ауылдардағы мыңдаған қой өсіріп жатқан кәсіпкерлерді көрген кезде түйген ой.

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,

«Soltüstık Qazaqstan».

Суретті түсірген

Шыңғысхан БЕКМҰРАТ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp