«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МАМАНДАНДЫРЫЛҒАН ХАЛЫҚҚА ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУ ОРТАЛЫҒЫ “Береке” шағынауданында салыну үстінде

Облыс орталығының “Береке” шағынауданында 13 көпқабатты тұрғын үймен бірге әлеуметтік нысандардың да құрылыстары қызу жүргізіліп жатыр. Солардың ішіндегі екпінді нысанның бірі – мамандандырылған Халыққа қызмет көрсету орталығының ғимараты.

Аталмыш нысанды “Күмбез” компаниясының жобасы бойынша “Альфа-Север” ЖШС-нің құрылысшылары жүзеге асыруда.

– Құрылысты биылғы жылғы 21 мамырда бастадық. Жоба бойынша ол тұтас ұстынды ғимарат болады. Соған орай құрылыс аумағында қажетті материалдар мен техникалар жинақталды. Серіктестік құрылысшылары ала жаздай жауған жауынға қарамастан, үзіліссіз еңбек етіп келеді. Оның өзіндік себебі де бар. Бұл маңызды нысан жоспар бойынша үстіміздегі жылғы 20 желтоқсанға дейін пайдалануға берілуге тиіс. Бүгінгі күні құрылысты желтоқсанның басында толығымен аяқтап шығу үшін барлық күш-жігерімізді жұмылдырып отырмыз, – дейді өткен жылдан бері осы шағынауданда жаңа жобадан басқа 72 пәтерлік 5 қабатты коммуналдық-жалгерлік тұрғын үйдің құрылысын жүргізіп жатқан, жаз айларында Тимирязев ауданындағы Докучаево ауылының жанында Сары мен Сүйір батырлардың кесенесін тұрғызған “Альфа-Север” ЖШС-нің директоры Андрей Капустин. Андрей Викторовичтің айтуына қарағанда, осынау екпінді құрылысқа тас қалаушылар, құрастырушылар, дәнекерлеушілер, әрлеушілер бригадалары – барлығы 120 адам жұмылдырылған. Онда мұнаралы, шынжыр табанды, доңғалақты 3 кран, “Шантуй” бульдозер-тракторы және шынжыр табанды экскаватор жұмыс істеуде.

– Жобада қарастырылғандай, аталмыш нысанның жалпы аумағы 3,2 гектар. Бұл күні онда екі-қабатты әкімшілік және Халыққа қызмет көрсету орталығы ғимаратының қабырғаларын қалау жұмыстары толығымен аяқталып, оның шатырын жабу, пластикалық терезелер орнату, қасбетін керамика-мәрмәртаспен қаптау, аумақты темір шарбақтармен қоршау шаралары атқарылуда. Автокөліктерді тексеру ғимараты, оқу-жаттығуға арналған автодром да осы аумақта болады. Құрылыс учаскесінің бастығы Сергей Габатель, прораб, “Құрметті құрылысшы” төсбелгісінің иегері Серік Мырзабаев аталмыш нысанның белгіленген кесте бойынша жүргізілуіне баса назар аударуда. Біз құрылысқа қажетті мамандардан тарыншылық көріп отырған жоқпыз. Дәнекерлеуші Вячеслав Сазонов секілді өз ісінің білгірлері жеткілікті. Осы нысанның қарсы жақ бетіндегі 72 пәтерлік тұрғын үйімізді мемлекеттік комиссия қабылдап алып жатыр. Оның маңын абаттандырумен басқа құрылыс компаниясы айналысады, – дейді “Альфа-Север” ЖШС-нің директоры Андрей Капустин.

“Халыққа қызмет көрсету орталығы” республикалық мемлекеттік мекемесі облыстық филиалы директорының орынбасары Серік Бейсеновтің айтуынша, жүргізуші куәлігіне емтихан тапсыру, жүргізуші куәлігін беру, курсанттарды жүргізуші мамандығына оқыту, жаттықтыру, сатып алынған көліктерді тексеру жұмыстары осы жаңадан пайдалануға берілетін мамандандырылған Халыққа қызмет көрсету орталығында жүргізілетін болады. Автодромда сынақ алаңы, 4 түрлі маркалы автокөлік, оларға арналған гараж да қарастырылған.

Нұрсайын ШӘРІП,  

“Солтүстік Қазақстан”.

СУРЕТТЕ: дәнекерлеуші В.Сазонов.

Суретті түсірген

 Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp