
Алдағы уақытта Қызылжар өңіріндегі емдеу мекемелері жоғары білімді жас дәрігерлермен толығады. Денсаулық сақтау басқармасы мамандарының мәліметтеріне қарағанда бүгінгі күні өңірімізге 230-ға жуық, оның ішінде ауылдық жерлерге 80 жоғары білімді маман қажет.
— Облыс орталығындағы медициналық мекемелерде салалық мамандар жетіспейді. Мәселен, аллерголог пен балалар пульмонологы мүлдем тапшы. Бұлардан өзге терапевт, анестезиолог-реаниматолог, акушер-гинеколог, хирург және онколог сынды мамандар да қат. Өткен жылдан бастап ауылдарға жолдама алған дәрігерлерге 1,5 миллион теңге мөлшерінде бір реттік көтерме ақы беріледі. 58 маманды қабылдадық. Олардың 40 шақтысы ауылдық жерлерге орналасты, — дейді басқарма басшысы Тимур Сұлтанғазиев.
Қалаға келген мамандарға 500 мың теңге көлемінде қолдау көрсетіліп, жалдамалы пәтермен қамтамсыз етіледі. Сондай-ақ, облыс орталығында қызмет ететін мамандар “7-20-25″ бағдарламасы аясында да баспаналы бола алады. Ал ауылға баратын ақ халаттылар үшін 30 үй әзір тұр. Облыс әкімдігі тарапынан резиденттерге арналған 80 грант бөлінеді. Бұл жағдайда 2-3 жылдық резидентураны бітірген мамандарға 5 жыл бойы өңірде жұмыс істеу талабы қойылады.