«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МАМАНДЫҒЫММЕН МАҚТАНАМЫН

Мен анамның тәрбиесін көріп өстім. Әкем кішкентай кезімде келмес сапарға аттанып, өзімнен кейінгі екі қарындасыма ағалық қамқорлық танытып, оларды қызғыштай қоруды үйрендім. Үйде орын алып жататын техникалық ақауларға (жарықтың өшіп қалуы, токпен жұмыс істейтін құралдардың істен шығуы сынды) мен жауапты болатынмын. “Үйдегі атқамінеріміз өзіңсің”, – деп анам да ауыр жұмысты маған сеніп тапсыратын.

Менің техникаға әуестігімді байқаған анам Петропавл қаласындағы гуманитарлық-техникалық колледждің “Көлік техникасы және технологиялар” мамандығына оқуға түсірді. Аталмыш мамандықты таңдауыма өзім оқыған №43 мектептегі ұстазым Любовь Николаевнаның да септігі болды. Ол әлемнің алпауыт мемлекетіне айналып отырған Жапония, Германия елдерінің даму тарихын, бүлдіршіндерді тәрбиелеудегі озық қағидаларын көп айтатын. Оның: “Жапон халқы балаларының қандай іске бейім екендігін алдын ала бағдарлап, қабілеттеріне қарай тәрбиелейді, білім береді”, – дегені санамда берік орнығып, алдыма өз таңдауымның хас шебері атанамын деген мақсат қойдым.  

Сыныптастарым қай мамандықты таңдарын білмей, біреуі ата-анасы бағыттаған оқу орнына құжат тапсырып, енді біреуі қоғамда беделді саналатын салаларға тоқталып жатқанда, менің бұл таңдауыма мұрын шүйіріп, менсінбей қарағандар да аз болмады. Қарапайым қара жұмысшылардың қызмет биігіне өрлей алмайды дегендеріне мән беріп те қарамадым. Өйткені, мен өз қызығушылығыма, қарымыма, ең бастысы, жаным қалаған саланы таңдағаныма риза болдым. Ол ойым да алдамапты. Талап пен еңбектің орта жолда қалдырмайтынына сенген мен табанымды тоздырып, жұмыс іздемей, диплом алғаныма екі күн өтпей Петропавл ауыр машина жасау зауытына орындаушы-слесарь болып орналастым. Адал еңбек, маңдай терімен зауыттың кем-кетігін жамаған, көпжылдық тәжірибесі бар әріптестерімнің ізгі әрекеттерін үлгі еттім. Берілген тапсырмаларды асырып орындамасам да, айна-қатесіз атқаруға бар күшімді салдым. Алғаш алған еңбекақыма анамның ойы жетсе де, қолы жетпей жүрген жиһазын, қос қарындасымның керек-жарағын алып беріп, олардың қуанышты жүздерін көргенде өзімді өмірдегі ең бақытты жан сезіндім. Өз жұмысымның нәтижесі жақын адамдарымның алғысына бөленуім екенін ұқтым.

Өзім жұмыс істейтін зауытта 1200-дей адам еңбек етеді. Кеңестік заманда қорғаныс саласына ғана жұмыс істеген кәсіпорында бүгінде өнімнің 70-тен астам түрі шығарылады. Олардың барлығы да нарық талабына сай болғандықтан, үлкен сұранысқа ие болып отыр.

Ұжым да жақсы. Жалақым 100 мың теңгеден асады. Оның үстіне мемлекеттік мерекелер сайын сыйақы беріледі.

“Еңбек бәрін жеңбек” деген халқымыз тер төгіп, жұмыс істегеннің нәпақасыз қалмайтындығын айтқан. Аталмыш мақалды өмірлік ұстанымыма айналдырған мен бүгінде Омбы техникалық университетінде “Инженер технолог” мамандығы бойынша жоғары білім алудамын.

Қарапайым еңбек адамының құрыш қолы мен жүретін жолы жұмысшы мамандығын таңдаймын деген әрбір жастың қуатына қуат қосары сөзсіз.

Азат ЖҰМАҒҰЛ,

 Петропавл ауыр машина жасау зауытының слесарі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp