«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МАМАНДЫҚТЫҢ БӘРІ ЖАҚСЫ

“Кәсібі бардың – нәсібі бар” дегендей, мамандық таңдау, әсіресе, мүмкіндігі шектеулі жандарға оңай емес. Сондықтан балалардың нарықтық заманға бейімделіп, өз бейіміне қарай мамандық таңдауына баса назар аударамыз.  

№13 орта мектепте “Мүмкіндігі шектеулі балалармен кәсіптік бағдарлау жұмысын жүргізудің тиімділігі мен нәтижесі” тақырыбында семинар өтті. 1-сынып оқушылары “Мамандықтың бәрі қажет” ойын сабағында өздерінің қалауы бойынша рөлді сомдаса, орыс тілі мұғалімі Ольга Оржеховская 6-сынып оқушыларымен викторина өткізді. “Жеңілден – ауырға” қағидасы бойынша өрбіген тапсырмалар балалардың көңілінен шықты. Технология пәні мұғалімдері Наталья Новикова, Петр Березин 5-6-сынып оқушыларымен бірлесіп “Мектеп қабырғасынан мамандықтар әлеміне жол” атты жобаны қорғады. Олар технология сабағында жинақтаған тәжірибелерінің өз мүмкіндіктеріне сай мамандық таңдауына көмектесетінін дәлелдеді. Оқушылардың өздері жасаған бұйымдары көрмеге қойылды. Орыс тілі мұғалімі Александра Гончарованың “Қазіргі мамандықтар әлемінде” тақырыбына арнаған сынып сағатында заманға сай пайда болған имиджмейкер, мерчендайзер, менеджер, тағы басқа жаңа кәсіптер туралы бағыт-бағдар берілді. Балалар 3 топқа бөлініп, мамандықтар туралы сауалнама жүргізіп, ақпарат жинады. Әлеуметтік педагог Наталья Саулова әр жылғы түлектермен кездесу өткізді. Олар өз мамандықтары, жетістіктері туралы әңгімеледі.  

Семинар қорытындысында В.Маяковскийдің “Кім боламын?” поэмасының желісі бойынша оқушылар қойылым көрсетті.

Жанар МӘЛІКОВА,

№13 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі.

Петропавл қаласы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp