Жүсіпбек Аймауытовтың: “Мамандықтың жаманы жоқ, бірақ бұның өзі үлкен икемділікті қажет етеді. Бұл – жай күн өткізу, тамақ асыраудың жолы емес, үлкен өнерді, зор шеберлікті қажет ететін нәрсе. Кімде-кім өзіне біткен ыңғайына қарай өз жолымен қызмет етсе, өз басына да, әлеуметке де үлкен пайда келтірмек. Өз орнында істеген адамның жұмысы өнімді, берекелі болмақ” дегені Ұлттық бірыңғай тестілеуді артта қалдырған түлектерге арнап айтылғандай.
Бүгінде көптеген талапкерлерді, бір жағынан, ата-аналары ақыл-кеңестерімен алқымнан алса, екінші жағынан, шәкірттерінің күні ертең кім боларына алаңдаған мектеп ұстаздары да ұсыныстарын айтуда. Кәсіп туралы көзқарастары қалыптаспаған, еңбек нарығында қандай мамандықтардың сұранысқа ие екендігінен хабары жоқ болашақ студент: “Бір жөні болар” деген оймен құжатын кез келген жоғары оқу орнына тапсырады. Бұл, әрине, дұрыс емес. Себебі, талапкер мектеп жасынан бастап мамандық таңдауға дайындалуы тиіс.
“Ізденген жетер мұратқа” демекші, мамандықты дөп басып таңдаған жастар болашақта өз саласының білікті маманына айналса, ҰБТ-да алған балына қарай көсілген жас балы жетіп тұрған мамандыққа оқуға түспеске басқа амалы жоқ. Мұндай түлектердің басым бөлігі дипломдарын алған соң екі қолға бір күрек таба алмай жүргенін білеміз. Жұмыс болғанның өзінде жүрегің қаламаған, көңіліңнен шықпаған салада жұмыс істеуге мәжбүр. Амалы құрыған кейбір түлектер қайтадан оқуға түсіп, өзге мамандықты меңгереміз деп алтын уақыттарын сарп етуде.
Нарықтың дәурені жүріп тұрған уақытта балаға жоғары білім беру үшін қомақты қаражат қажет. Өкінішке қарай, қажетті қаражатты кейбір ата-аналардың қалтасы көтермейді. Ақылы оқуда жүрген студенттеріміздің жағдайын оқудың қиындығы емес, сол оқуға төленетін қаржының қынжылтатыны сөзсіз. Себебі, оқудың бағасы жылдан-жылға өсіп, шарықтап барады. Мысал келтіретін болсақ, журналистика мамандығын таңдаған студенттер осыдан екі жыл бұрын бір жылға 225 мың теңге төлесе, өткен жылы ол баға 370 мың теңгеге дейін көтерілді. Келесі жылы 400 мың теңгеге көтеріледіміс. Алысқа бармай-ақ өзіммен бірге журналистика мамандығы бойынша оқып жүрген сегізіміздің барлығымыз грантқа түсіп, тегін оқып жатырмыз деп айта алмаймын. Ай сайын оқудың қаржысын төлер кезде құрбыларымның ата-аналары қиналары сөзсіз. Бірақ соған қарамастан, қайткен күнде де баламды оқытамын деген байғұс ата-ана несие алып, сау бастарына сақина тілеп алып жатыр.
Бүгінде жоғары оқу орындарын бітіргендердің дені– заңгер, экономист, кеденші. Олар оқуға түсер сәтте сол кәсіп иелерінің болашағы зор деген ойда болған. Десек те, қазіргі таңда нақ осы бөлімдерде оқыған жастардың таңдаған мамандықтары бойынша жұмысқа орналасулары екіталай. Мамандық таңдауда әу баста қателескен жастар төрт жылдан соң жаңылғандарын түсініп, бармақтарын тістеуде.
Біле білсек, жастарды кәсіби-техникалық білім берумен қамту мәселесі – басым бағыттардың бірі. Атап айтқанда, қазіргі таңда ауыл шаруашылығының мамандары жеткіліксіз. Облысымыздағы өндіріс орындарында да білікті мамандарға деген сұраныс артып жатыр. Сондай-ақ, ауылды жерде агроном мамандары тапшы. Яғни, сұраныс көп те, жұмысқа кірер білікті маман жоқтың қасы. Сондықтан, болашақ талапкерлер мамандықты таңдай білудің өзі үлкен жауапкершілікті талап ететінін есте ұстаулары керек. Жастар техникалық және жұмысшы мамандықтарға көңіл бөлсе нұр үстіне нұр болар еді.
Меңсұлу РАХМАТОЛЛА,
М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің студенті.