Облыстық кәсіпкерлер палатасы мен ақпараттық технологиялар және әдістемелік жұмыс орталығы мектеп бітіруші түлектердің болашақ мамандық таңдауда қателеспеуі мақсатында “Жастарға психологиялық көмек” айлығын өткізді.
Шара барысында Петропавлдағы бірқатар жалпыға бірдей орта білім беретін мектеп оқушылары ұстаздармен бірге колледждерді, жұмыспен қамту орталықтарын аралап, ондағы оқытушылармен, студенттермен кездесті, пікір алмасты. Содан кейін оқушылар белгілі психолог Е. Климованың “Сараланған диагностикалық сауалнама” әдісі бойынша құрастырылған тест сұрақтарына жауап берді.
– Біз тест сауалдарын қою арқылы 9-шы сынып оқушыларының таңдайтын болашақ мамандықтары туралы көзқарастарын білдік, – дейді Петропавл гуманитарлық-техникалық колледжінің психологі Дина Баймакишева.
Оның айтуынша, өзі қызмет атқаратын колледждің студенттері таңдаған мамандықтары бойынша 1-2 жыл оқығаннан кейін, 3-4-курстарда өзге салаға ауысатын көрінеді. Аталмыш шара осындай олқылықтың алдын алуға бағытталған.
Нұргүл ОҚАШЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.