Петропавл қаласындағы Ғабит Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер кітапханасы өңірдегі барлық білім ошақтарымен ынтымақтаса жұмыс істеуді дәстүрге айналдырған. Жас жеткіншектердің болашағына бей-жай қарамайтын кітапхана ұжымы олардың мамандық таңдауына қатысты іс-шараларды жиі өткізеді. Өйткені адам баласы үшін өз мамандықты дұрыс таңдау маңызды.
Петропавлдағы гуманитарлық-техникалық және Мағжан Жұмабаев атындағы жоғары педагогикалық колледж оқытушылары мен студенттері оқушыларға бағыт-бағдар беру мақсатында осы кітапхана қабырғасында №1 және №6 орта мектептің шәкірттерімен кездесті. Жиналғандарға өздерінің оқу бағдарламасы, мамандықтары жайлы әңгімеледі. Түрлі бейнероликтердің, презентациялардың көмегімен студенттер мен оқытушылар сұранысқа ие мамандықтар туралы айтып берді. “Мамандық таңдаудағы бағдар” тақырыбындағы көрмеден де оқушылар мол мағлұмат алды. Биыл 9-шы сыныпты тамамдағалы отырған жеткіншектердің көбі осы кездесу кәсіп таңдауға септігін тигізгенін айтты.