“Сен де бір кірпіш дүниеге,
Кетігін тап та, бар қалан”, – деп ұлы Абай айтқандай, өмірден өз орнын табу – әркімнің міндеті. Орта мектепті аяқтағалы отырған әр бозбала мен бойжеткеннің алдында өзінің болашақ мамандығы мен сол бойынша білім алатын оқу орнын таңдау сынағы тұрады. Болашақ мамандықты таңдауда қателеспеу керек. Әдетте, біз күнделікті өзіміз көріп жүрген мұғалім, дәрігер, тәрбиеші немесе ата-анамыз қалаған мамандықты таңдауға тырысамыз. Дегенмен, жүрегіңнің қалауын да ескерген дұрыс.
Оны айтып отырған себебім, осыдан екі жыл бұрын балалық балғын шағымның, уайымсыз, қамсыз күндерімнің куәсі болған алтын ұя мектебіммен, білім нәрімен сусындатқан ұстаздарыммен мен де қоштастым. Сыңғырлаған соңғы қоңырау үні бақытты балалық дәуреннің аяқталғанын сездіріп, үлкен өмір жолына бастар оқу орнын таңдауым қажет болды. Менің таңдауым әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне түсті. Бүгінде таңдауымның дұрыс екеніне көзім жетті, өйткені, бұл оқу орнында сапалы білім алуға және бос уақытымды тиімді өткізуге барлық жағдай жасалған. Университетіміз рейтинг бойынша еліміздегі жоғары оқу орындарының ішінде көш бастап келеді. Онда түрлі сала бойынша мамандар даярлайды. Университетте 14 факультет, 98 кафедра, 20 ғылыми-зерттеу институты мен орталығы жұмыс істейді. Оқу орнында 2 мыңнан астам ғылым докторы мен кандидаты, профессорлар, 100 академик, 30-ға жуық мемлекеттік сыйлықтың лауреаты еңбек етеді. 18 мыңнан астам студент пен магистрант білім алады.
Университетте әскери кафедра бар. Ол студенттердің қосымша білім алуына мүмкіндік береді. Барлық студенттік ұйымдарды бір жерге тоғыстырып отырған “Жастар ұйымы” комитетінде әркім өз қалауы бойынша сүйікті ісімен айналысады. “Сұңқар” одағы отбасылық жағдайы төмен, жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалғандар мен мүгедек студенттерге көмек көрсетеді. Университет студенттерінің сенаты – креативті, білімді жастардың жаңа жобаларын іске асыратын ұйым. Студенттердің кеңесі жатақханамен қамтамасыз етумен қатар, ондағы тәртіп пен тазалықты қадағалайды, түрлі іс-шаралар (ойын-сауық кештерін, спорттық жарыстар, пікірталастар, түрлі байқаулар) ұйымдастырады. Ғылыммен айналысқысы келетіндер студенттердің ғылыми қоғамына кірсе, өзгеге жақсылық жасауға асығатындар “Көмек” еріктілер ұйымына мүше болады.
Мен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін таңдағаныма өкінбеймін. Онда мен өзімнің қалаған ісіммен айналысып, өмірлік серігім болатын мамандығымды меңгеріп жүрмін.
Биылғы түлектерге айтарым: мамандық таңдау өте маңызды! Сондықтан, кейін өкініп қалмас үшін мамандық таңдау алдында мұқият ойланыңыздар!
Сәуле СМАҒҰЛОВА,
әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 2-курс студенті.