Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жастардың елімізге ауадай қажет инженер, құрылысшы, кен ісі, физика, химия сынды техникалық мамандықтарды игеріп, жұмысқа орналасуына көңіл бөлінуі қажеттігін үнемі айтып келеді. Өйткені, ғылыми-техникалық дамудың барлығы осы техникалық бағыттағы мамандар арқылы жүзеге асатыны анық. Жыл сайын техникалық мамандықтардың тапшылығы сезіліп, елімізде осы салаға жас мамандарды тарту үшін түрлі шаралар қолданылуда.
Осыған орай облыстық кәсіпкерлер палатасының қызметкерлері өңір мектептерінің 9-11-сыныптарында оқитын оқушылары арасында әлеуметтік сауалнама жүргізді. “Болашақта қандай мамандық иесі болғыңыз келеді?”, “Біліміңізді қай оқу орнында жалғастыруды қалайсыз?” деген сұрақтарға он үш аудан мен Петропавл қаласынан 6149 оқушы жауап берді. Нәтижесінде оқушылардың жиырма бес пайызы техникалық салада арнаулы білім беретін оқу орындарында оқуға ниет білдірсе, қырық төрт пайызы жоғары оқу орындарында педагогикалық мамандықтар бойынша білім алуға талпыныс танытты. Сауалнамаға қатысқан мектеп түлектерінің қатарында оқуға түспей, жұмысқа орналасып, еңбек жолымды бастаймын дегендері де кездесті.
Шараны ұйымдастырушылардың айтуынша, сауалнама жауаптары облыстық білім басқармасына жолданбақ. Ол алдағы уақытта түлектерді техникалық мамандықтарға тарту жолында түрлі шаралар ұйымдастырады.
Нұргүл ОҚАШЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.