«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МАМАН ДАЯРЛАУДЫҢ МАҢЫЗЫ АЙРЫҚША

Мемлекет басшысы берген тапсырмалардың орындалу барысымен танысу үшін Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев өңірге жұмыс сапарымен келіп, оның аясында бірқатар кәсіпорындарды аралады, еңбек ұжымдарымен кездесті.

 Палата төрағасы «Қазақстан өңір­лерінде еңбек ресурстарын дамыту: қазіргі жағдайы мен келешегі» тақы­рыбына арналған «дөңгелек үстелге» қатысып, сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы Жолдауда белгілеп берген басымдықтардың бірі – аймақтардың өсіп-өркендеуіне жол ашатын жаңа өндіріс орындарын дамытудың, бұл мақсатқа қол жеткізу үшін білікті, кәсіби мамандар мен барлық деңгей­де кешенді жұмыс жүргізудің қа­жеттігіне назар аударды.

«Мемлекет басшысы «Aна тілі» га­зетіне берген сұхбатында экономика­ның өсуін қамтамасыз ету – алды­мызда тұрған басты міндет екенін атап өтті. Қазіргі таңда елімізде сала­лық мамандар – инженерлер, энерге­тиктер, су шаруашылығы мамандары, агрономдар, мал дәрігерлері және басқа да маңызды мамандықтардың өкілдері үлкен сұранысқа ие.

Осы себепті 2025 жыл – Жұмыс­шы мамандықтар жылы деп жария­ланды. Бұл ретте аталған мамандар­ды даярлап қана қоймай, елімізде ерекше еңбек мәдениетін қалыптас­тыру, еңбек адамдарына құрмет көр­сетуге тәрбиелеу, еңбексүйгіштік пен кәсіпқойлық құндылықтарын дәріп­теу аса айрықша. Еңбек адамдары – ел дамуының негізі. Сол себепті жұ­мысшы мамандықтардың беделі жо­ғары деңгейде болуы керек», – деді Сенат спикері.

Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, еңбек ресурстарының тапшылығы, әртүрлі өңірлер, қала мен ауыл және мамандықтар арасындағы еңбек теңсіздігі, теңгерімсіз урбанизация, демографиялық дағдарыс қазіргі таң­дағы ең өзекті мәселелер болып сана­лады. Оларды шешу үшін барлық мүдделі тараптың күш-жігерін ортақ мақсатқа жұмылдыру қажет.

«Өңірлер арасындағы еңбек ре­сурстарының теңгерімін қамтамасыз ету аса маңызды факторлардың бірі. Түркістан, Жамбыл облыстары сияқ­ты еңбек ресурстары артық облыстар мен Солтүстік Қазақстан секілді жұ­мыс күші жетіспейтін өңірлер бар. Аталған мәселеге Қызылжар өңірін­дегі халықтың табиғи кему үдерісі де өз салқынын тигізбей қоймайды. Мұнда туу көрсеткіші төмен, ал өлім- жітім жоғары. Бұл экономикалық өсудің баяулауына және өндіріс әлеуетінің төмендеуіне әкелетін бір­қатар проблемаларды туындатады. Демографиялық үрдістер мен эконо­микамыздың қажеттіліктерін ескере отырып, еңбек ресурстарының ішкі көші-қонын жүйелеу, кадрларды ал­мастыру, жастарды оқыту, жұмысқа орналастыру бағдарламаларын жан­дандырудың маңызы зор. Бұрынғы тәжірибені талдап, ол бағдарлама­лардың неге тиімсіз болғанын зерде­леп, елімізде еңбек көші-қонының ауқымын арттыруға қажетті қадамдар мен тетіктерді пысықтаған жөн», – деген Палата төрағасы еңбек көші- қон бағдарламаларын одан әрі жетілдіру жолдарына тоқталды.

Мәслихат депутаттарымен және өңір жұртшылығымен кездесу кезін­де Мәулен Сағатбекұлы облыстың агроөнеркәсіптік әлеуетіне тоқта­лып, Сенат депутаттары оны іске асыруға заңнамалық деңгейде қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді. Осыған байланысты индустриялық және инфрақұрылымдық жобалар, сондай-ақ бірлескен жұмыстың бас­қа да негізгі бағыттары сөз болды. Сонымен қатар кездесуде инфрақұ­рылымды жаңғырту, оның ішінде ауылдардағы электр желілерін жа­ңарту мәселесі әңгімеленді.

Қазақстан халқы облыстық Ас­самблеясының мүшелері және қо­ғамдық ұйымдар, дін өкілдерінің қа­тысуымен өткен жиында рухани дип­ломатияны дамытуға қатысты тол­ғақты проблемалар талқыланып, әлемдік және дәстүрлі діндер көш­басшыларының VIII Съезі аясында­ғы мақсат-міндеттерді іске асыру жөнінде пікір алмасылды.

Сенат төрағасының сөзінше, еліміздегі барлық этникалық топтың рухани, мәдени, гуманитарлық мүд­делерін қамтамасыз ету үшін бірлес­кен іс-шаралар табандылықпен жү­зеге асырылады. Бұл бағыттағы басты міндеттердің бірі – мемлекеттік тілді ілгерілету және қолдау. Қазақ тілі – Қазақстандағы барлық этникалық топты ортақ мұратқа жұмылдыратын басты тетіктердің бірі. Оған ешқан­дай күмән жоқ. Осыған орай қазіргі таңда мемлекеттілік, Тәуелсіздік және Президентіміздің елдегі бірлік пен келісімді нығайтуға арналған саясаты сияқты ортақ құндылықтар төңірегінде бірігуіміз керек. Бұл рет­те Солтүстік Қазақстан облысы өзге өңірлерге үлгі көрсете алады.

Сапар аясында М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан уни­верситетіне барып, еңселі оқу орны­ның білім беру ісімен, ғылыми-зерт­теу қызметімен, алдағы даму страте­гиясымен танысты. Сондай-ақ депу­таттарға мал, өсімдік шаруашылық­тарына арналған зертханалары бар оқу-зертханалық корпустың қызметі таныстырылды. Онда тәжірибелер мен ғылыми зерттеулер жүргізіледі.

Сенат төрағасы азаматтарды қа­былдау орталығының қызметімен де танысты. Бұдан бөлек, «Зеленый Се­вер» ЖШС жылыжай кешені мен «Nord Panels» серіктестігінің ағашты терең өңдеу зауытының еңбек ұжым­дарымен жүздесті. «Qyzyljar Creative Center» креативті индустрия орталы­ғында SKO Hub-тың резиденттері­мен, «Sensitive» инклюзивті би тобы­ның ұжымымен және Бочча өңірлік бөлімшесінің параспортшыларымен кездесті.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp