Бүгіндері ішкі істер органдары қызметкерлерінің кәсіби әлеуетін жетілдіру және кадрмен қамту мәселелерін оңтайлы шешу дұрыс жолға қойылған.
Қазіргі заманғы талаптарға және халықаралық білім беру стандарттарына сәйкес Ішкі істер министрлігінің оқу орталықтарында маман даярлау жүйесінің нормативтік-құқықтық базасы жаңарту мен жетілдіруді қажет етеді. Осыған орай қылмыстық-атқару жүйесінің тиімділігін арттыруға, яғни кадрларды іріктеуге, жеке құрамды кәсіптік оқытуға бағытталған шаралар жүргізілуде.
Жазаны өтеу органдарында кадр саясатын жүзеге асыру ұйымдастырушылық және әлеуметтік-психологиялық бағыттарды қамтуы тиіс. Бұл бағыт бойынша ұжымдағы ауызбіршілікті сақтау, мамандарды жедел-қызметтік міндеттерді орындауға жұмылдыру, олардың ұйымдастырушылық қабілеттерін қалыптастыру маңызды.
“ЕС-164/1” мекемесінде аттестаттаудан өткен 133 қызметкер жұмыс істейді, оның 92-сі – қатардағы және кіші басшы құрам өкілдері. Олардың 12-сі жоғары білімді маман болса, жиырмасы – орта арнаулы оқу орнын тамамдаған. Яғни, мекемедегілердің жартысынан астамының өзінің лауазымдық өкілеттіктерін атқару үшін жеткілікті теориялық білімі жоқ. Бұл олқылықтың орнын толтыру үшін жас мамандарды оқыту жүйесіне назар аударылуда.
Қазақстанның пенитенциарлық жүйесін реформалау саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру үшін білім беру, оқу, ғылыми-әдістемелік жұмыстарды жүйелі ұйымдастыру керек. Олар қылмыстық-атқару жүйесі мамандарының санасын, кәсіби деңгейін түбегейлі өзгертетін болады. Мұндай өзгерістердің қоғам, азаматтар және құқық қорғау органдары үшін маңызы зор болмақ. Соның нәтижесінде сала қызметкерлерінің әлеуметтік мәртебесі де арта түсетіні сөзсіз.
Екатерина ГОВОРКОВА, “ЕС-164/1” мекемесі арнайы есеп бөлімінің бастығы, әділет аға лейтенанты.