«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МАМЫРДА ҮЙЛЕНГЕНДЕР БАҚЫТСЫЗ БОЛА МА? Дінде жоқ, салтта болмаған тыйымды тоқтату қажет

Адам ата мен Хауа анадан бері адамзат баласы ержеткен соң, теңін тауып, шаңырақ көтеруді өздеріне абыройлы міндет санап келеді. Некені исі мұсылман қауым пайғамбарымыз Мұхаммедтің сүннеті деп біледі. Қазақ халқында отау құру отыз күн ойыны, қырық күн тойымен өткен. Қазіргі заманда бір ай тойланбағанымен, барлық сән-салтанатымен атқарылуда. Біз бұл мақалада үйлену тойларының қалай өтетіндігі емес, сол тойдың болатын уақыты, яғни той күнін белгілеу жайлы сөз қозғамақпыз.

Әдетте, мерекелік шаралар жаздың жайма-шуақ күндерінде жасалады. Қар еріп, күн жерді қыздыра бастағаннан той-томалақ та көбейеді. Бұл жастар қыста үйленбейді дегенді білдірмейді, дегенмен, қыстың суықтығын ескеріп, жұбайлар неке қию тойларын жазға қалдырып жататыны анық. Неге екені белгісіз, жұрт мамырдың мамыражай күндерінде үйлену тойын жасамайтын болған. Бір білеріміз, мамырда тойханалар бос, ал асабалар жұмыссыз қалады. Бұл, әсіресе, еліміздің солтүстік аймағында кең тараған үрдіс. Себебі қандай? Бұл не қылған тыйым? Елге танымал азаматтарымыздан сұрап көрелік. “Мамырда неге үйленуге болмайды?”. Бұл сауалды Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрындағы “Жетім тағдыр” спектаклінің премьерасына келген, осы туындының авторы, белгілі қаламгер, Қазақстан Республикасы Сенатының депутаты Жабал Ерғалиевке қойып көрдік.

Жабал Ерғалиев, журналист, жазушы, драматург, Қазақстан Республикасы Сенатының депутаты:

– Бұл бізге орыстан жұққан деп ойлаймын. Мамыр айында бұл халық жаппай баубақша, егістіктеріндегі жұмысқа шығады. “Көктемнің бір күні – жылға азық” деген нақыл содан шыққан. Көктемгі егіс жұмыстарына еш кедергі келтірмеу үшін өзге шаруаларды ысырып қойған. Ол халық үшін дұрыс. Ал иен далада малын жайып, жайлауға шығып, бір-бірімен танысып жатқан қазақ халқы мамырда қызын тұрмысқа бермепті, ұлдарын үйлендірмепті дегенді естімеппін. Сондықтан мен бертін келе бізге жұққан бұл тыйымға қарсымын. Алланың әр күні сәтті. Көңілдері жарасып жатса, жылдың он екі айының 365 күнінің кез келгенінде үйлене беруіне болады.

Мамыр – аты айтып тұрғандай етекті кеңге салып, мамыражай күй кешу дегенді білдірсе керек. Қазақтың таным-түсінігінде тыйым салынған күндер мен айлар деген мүлдем жоқ. Керісінше, бәрін сәттілікке жорығанын көреміз. Егер қазақта мамыр айы қатерлі ай болса, атауы да сәл басқаша болар еді ғой деген ой да келеді. Той тақырыбын асабалардан асырып ешкім білмес. Сондықтан біз Сәбит Мұқанов театрының белгілі әртісі Болат Мамытбековтың пікірін сұраған едік.

Болат Мамытбеков, мәдениет қайраткері, Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театры әдебиет бөлімінің меңгерушісі, асаба:

– Адам баласы әртүрлі ырымдарды жанына қабыл етіп жатады. Сол ырымы дұрыс па, бұрыс па, пайдалы ма, пайдасыз ба? Зиян келе ме, әлде пайдасын көре ме? Анықтап жатқан адам жоқ. Абай атамыз айтпақшы, жұрт айтса болды, соған ілесіп кете береді. Соның бірі – осы мамыр айында жастардың үйленбеуі. Егер үйленсе, өмір бойы мұңайып, жолы болмай өтетіндей көреді. Ол орыстың “маяться” деген сөзінен шыққан ғой. Өкінішке қарай, біздің қаракөз бауырларымыз оның түп төркіні қайдан шыққанын ойлап та жатқан жоқ.

“Мамырда үйленсек, бақытсыз боламыз, жолымыз болмай қалады”, дейтіндерге асыл дініміз не дейді екен? Қазақ – ежелден Ислам шариғаттарын ұстанып келе жатқан халық. “Он үште отау иесі” деп, ұлдарын – ұяға, қыздарын қияға қондырған. Пайғамбарымыз Мұхаммед те “жағдайы бола тұрып, үйленбегендер бізден емес” деген сөз қалдырған. Демек, бұл сөздің тамырына үңілсек, жалған наным-сеніміміз мұсылмандар қатарынан шығып қалуымызға себеп болуы да ғажап емес. Осы орайда “Қызылжар” орталық мешітінің өкілі Азамат Сәрсеновтың сөзін тыңдап көрейік.

Азамат Сәрсенов, “Қызылжар” орталық мешітінің наиб имамы.

– Бауырларымыздың Исламнан хабары әлі де аз болғандықтан, шариғатқа қайшы келетін кейбір нанымдарға, ырымдарға сеніп жатады. Солардың бірі – осы мамыр айында отбасын құрмау. Ал Ислам дінінде белгіленген бір уақытта, мерзімде неке қиюға тыйым салынбаған. Егер мұсылман адам мамыр айында үйленсем, бақытсыз боламын деген сеніммен үйленбейтін болса, ол қатты күнәһар болады.

Адамдардың бәрі бірдей емес қой. Жалған тыйымға сенбей мамыр айында үйленіп, бақытты болып кетіп жатқан отбасылар да жетерлік. Петропавл қалалық неке бөлімінің басшысы Наталья Сурмамен де сұхбаттасып көрдік. 2014 жылы шаһарда 2188 неке тіркеліпті, ал соның ішінде мамыр айында 66 отбасы құрылған екен. Бұл, әрине, аз, мамырдан кейін келетін маусыммен салыстырсақ, неке саны 4 есеге дейін кем екенін көреміз.

“Қазақ ырым етеді, ырымы қырын кетеді”, – дейді дана Абай бір сөзінде. Бұл сөз күн жылынып, жер көктеген жаймашуақ мамырда жалған үреймен үйленбей жүрген бауыр-қарындастарымызға қарсы айтылғандай-ақ. Асыл дінімізде, одан қалды ата-бабамыздың салтында жоқ тыйымға тоқтау салатын кез келген сияқты.

Ербақыт АМАНТАЙҰЛЫ,

журналист.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp