Мемлекеттік қызметшілер билік пен қарапайым бұқара халықтың арасын жалғайтын алтын көпір десек, қателеспеспіз. Қарапайым тұрғындардың жергілікті билікке деген сенімі жоғалмай, ал мемлекеттік қызметшілер халық алдындағы жауапкершілік үдесінен шыға білсе, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы алға жылжитыны сөзсіз. Осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар жайын білмек болып Мемлекеттік қызмет министрлігінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Елена Степаненкомен тілдескен едік.
– Елена Федоровна, мемлекеттік қызмет саласында ұзақ жылдан бері еңбек етіп келесіз. Осы жолда азаматтық ұстанымыңыз қандай?
– Мен мемлекеттік қызметте 1990 жылдан бері еңбек етіп келемін. Еңбек жолымды Есіл ауданындағы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде бас маман ретінде бастап, бүгінде Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің Солтүстік Қазақтан облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары қызметіне дейін көтерілдім. Мемлекеттік қызметте еңбек еткен 26 жылдың ішінде өмірлік ұстанымым қалыптасты. Мен үнемі әріптестеріме: “Өзіңді сыйласын десең, өзгелерге де сондай ілтипат таныт”, – деп айтып жүремін. Сондай-ақ, мақсатшыл болып, өз көзқарасыңды ұстанып, оны дәлелдей білу керек. Бұл ешкімнің сөзіне құлақ аспау керек деген сөз емес, тек әр адамның жеке көзқарасы болуы керек деген пікір.
– Мемлекеттік қызметтің қыр-сырын бір кісідей білесіз. Еңбек жолыңыздың бір бөлігі осы саламен байланысты. Осыдан он жыл бұрынғы мен бүгінгі мемлекеттік қызметшіні салыстыруға бола ма?
– Сапалы қызмет көрсету жағынан мемлекеттік қызметтің қалыптасу кезеңіндегілер мен бүгінгі мамандарды мүлдем салыстыруға болмайды. Елімізде “Мемлекеттік қызмет туралы” Заң 2000 жылдың қаңтар айынан бастап қолданысқа енді. Өткен 16 жылдың ішінде елеулі өзгерістер орын алғаны сөзсіз. 2000 жылдардың басында мемлекеттік қызметшілердің орта жасы 42 болып, 40-50 жас аралығындағылардың үлесі 32 пайыздан асты. Қазіргі таңда мемлекеттік қызметшілердің құрамы жасарып, өңірімізде орта жас – 39. Осы орайда біздегі мемлекеттік қызметшілердің дені 30-дан 40 жасқа дейінгі азаматтар. Гендерлік саясат та ұмыт қалған жоқ. Бізде мемлекеттік қызметтегі әйелдердің үлесі 60 пайыздан асты.
– Ұлт жоспары “100 нақты қадам” бағдарламасында да кәсіби мемлекет құруға баса назар аударылды. Бүгінде қызмет көрсету сапасы қаншалықты өсті?
– Мемлекеттік қызметтің жұмыс сапасы жыл сайын жақсаруда. Егер өткен жылы конкурстық процедураларды бұзғаны үшін 6 мемлекеттік қызметші әкімшілік жазаға тартылса, үстіміздегі жылдың 9 айында мұндай заң бұрмалаушылық тіркелген жоқ. Бүгінгі таңда “Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы” Заңы бойынша сыбайлас жемқорлыққа жағдай жасайтын бұзушылықтар мемлекеттік қызметтің беделін түсіретін әрекет болып танылады. Үстіміздегі жылы осындай қылығы үшін 7 мемлекеттік қызметші жауапқа тартылды. Ал өткен жылдың сәйкес мерзімінде 16 мемлекеттік қызметші жауапқа тартылған еді. Заңды бұрмалау әрекеттерінің азаюына біз өткізіп жүрген алдын алу жұмыстарының да әсері бар ғой деп ойлаймын. Біздің ақпараттық жұмыстарымыз департаменттің сайтында және әлеуметтік желілерде жарияланып тұрады. Сондай-ақ, азаматтардан түсетін арыз-шағымдардың саны екі есеге артқанын айта кеткен жөн. Бұл азаматтардың біздің құрылымға сенетіндігін білдіреді. Департаментке мемлекеттік кәсіби аппаратты құру, кадрлық саясатты жүзеге асырумен қатар мемлекеттік қызметтің көрсетілу сапасына мониторинг жүргізу міндеті де жүктелген. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “100 нақты қадам” Ұлт жоспарында мемлекеттік аппараттың кәсібилігіне басымдық беруінің өзінде үлкен мән жатыр. Кәсіби мемлекеттік қызметшілерсіз қолға алынған реформалардың бірін де жүзеге асыру мүмкін емес.
– Мемлекет беделді болу үшін мемлекеттік қызметшілердің оң имиджін кім қалыптастыруы керек? Әлде пиар технологиялар бар ма? Журналистердің жұмысына қатысты айтсақ, көбіне мемлекеттік қызметшілер жұмысының көптігін желеу етіп, сұхбат беруді кейінге қалдырып, бір-біріне сілтеп, сөзбұйдаға салады. Бұл қаншалықты мемлекеттік қызметшінің этикасына сай?
– Мемлекеттік қызметшілердің оң имиджін қалыптастыру үшін ауқымды жұмыстар жүзеге асырып отырмыз. Осы орайда департамент ғимаратында өңір тұрғындары мен жоғары, орта оқу орындарының түлектеріне “Ашық есік күнін”, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің студенттерімен жүйелі түрде кездесулер ұйымдастырамыз. Сондай-ақ, біздің департамент ұйымдастырған Жас мемлекеттік қызметшілер мектебіне құжат қабылдау жұмысы аяқталды. Әрине, оң имиджді қалыптастыру мемлекеттік қызметшілердің өзіне тікелей байланысты. Олардың Әдеп кодексін сақтауынан, мемлекеттік қызметті сапалы көрсетуінен мемлекеттік қызметтің имиджі қалыптасады. Себебі, мемлекеттік қызметке тұрғаннан кейін өзімізге саналы түрде көптеген шектеулер қоямыз.
Ал БАҚ өкілдеріне ақпарат берудегі келеңсіздік мемлекеттік қызметшілердің заңнаманы дұрыс білмеуінен орын алады. Менің ойымша, бұл түбегейлі қате әрекет. Біздің әрекетіміздің стандарты Әдеп кодексінде көрсетілген. Онда “Мемлекеттік орган қызметінің мәселелері бойынша көпшілік алдында сөйлеуді оның басшысы немесе мемлекеттік органның бұған уәкілеттік берілген лауазымды адамдары жүзеге асырады” деп жазылған. Сондай-ақ, елімізде өткен жылы “Ақпаратқа қол жеткізу туралы” Заң қабылданған болатын. Осы заңға сәйкес әр жеке және заңды тұлға мемлекеттік органға хабарласып, олардың жұмысы жайлы ақпаратты алуға құқылы. Ол заң бойынша ақпаратты ауызша да, жазбаша да алуға болады. Егер мемлекеттік органның басшысынан ақпаратты жазбаша түрде сұратсаңыз, олар 15 күнтізбелік күн ішінде сізге жауап беруге міндетті. Егер олар бұл міндеттерін орындамаса, мемлекеттік органның басшысын әкімшілік жазаға дейін тарту қарастырылған.
– Бюрократ мемлекеттік қызметшілер бар, оларды қалай өзгертуге болады?
– Мемлекеттік қызметтің беделін түсіретін әрекеттер санатына Қазақстан Республикасының заңнамасында жеке және заңды тұлғалардың ұсынуы көзделмеген ақпаратты олардан талап етуі, жеке және заңды тұлғаларға құқықтары мен заңды мүдделерін іске асыруына ашық кедергі жасауы енгізілген. Осы теріс қылықтары үшін мемлекеттік қызметшілер қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартылады. Бұл – бюрократтықтың белгісі. Егер осындай әрекеттерді мемлекеттік органның басшылары жасайтын болса, онда бұл мәселе біздің департаменттің жанындағы Әдеп кеңесінің отырысында, ал қатардағы мемлекеттік қызметші жасаса, онда ол мемлекеттік органдардың өздеріндегі тәртіптік комиссияларда қаралады. Қызметінде осындай олқылықтарға жол бергендердің лауазымы төмендетіледі. Төмендетерліктей бос орын болмаса, онда атқарып отырған қызметіне толық сай еместігі туралы ескерту жасалады. Егер мұндай жағдай бір жыл ішінде тағы қайталанатын болса, онда жұмыстан шығарылады. Сондай-ақ, жұмыстан шығарылған күннің өзінде оларға 3 жылға дейін мемлекеттік қызметте жұмыс істей алмайтындай шектеулер қойылады. Елімізде осындай бюрократтық әрекеттермен күрес қарқынды жүргізілуде.
– Бұрынырақта мансапқор деген сөз жағымсыз естілсе, қазір мансап баспалдағымен көтерілуді жоспарлау – қажеттілік. Мемлекеттік қызметші мансап жолын жоспарлауда нені ескеруі керек?
– Бүгінгі таңда мемлекеттік қызметші мансап жолын жоспарлауға міндетті. Мәселен, әкімшілік мемлекеттік лауазымдарға орналасудың типтік біліктілік талаптарына сәйкес өз тәртібі бар. Қаланың немесе аудан әкімінің орынбасары қызметіне үміткер адамға еңбек өтіліне байланысты бірқатар талаптар қойылған. Сондай-ақ, үміткер аталған лауазымнан бір саты төмен қызметті кем дегенде бір жыл атқаруы керек. Ал қала не аудан әкімінің орынбасарынан кейінгі лауазым – аппарат жетекшісі. Егер сіз аппаратта бірнеше жыл бойы жұмыс істеген бас маман болсаңыз да орынбасар қызметіне үміткер бола алмайсыз. Сіз алдымен аппарат жетекшісі қызметін бір жыл атқаруыңыз керек. Мемлекеттік қызметке келген әр маман осының барлығын ескеруі тиіс. Әрине, халық арасында мансапқорлық жөнінде жағымсыз пікір қалыптасқан. Алайда, бүгінгі таңда мансапқорлық адамның өсу жолы ретінде қабылданады.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан
Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.