«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МАРАДОНА — ЖАНКҮЙЕР ЖҮРЕГІНДЕ

25 қараша күні әлемге әйгілі футболшы Диего Армандо Марадона қайтыс болды. Көптеген атақ-даңқтың иегері, есімі футбол королі – Пелемен қатар аталатын 60 жастағы аргентиналық жұлдыз ұзақ жылдар бойы жасыл алаңда жасындай жарқырап, барша жанкүйерді асқан шеберлігімен тәнті еткен болатын. Теңбіл доптың теңдессіз шебері, Аргентинаның ерке ұлы жайында біз не білеміз? Бүгінгі мақаламызда Марадонаның жүріп өткен жолы мен оның спорттық мансабы жайында біраз қызықты мәліметті жариялауды жөн көріп отырмыз.

Диего Марадона – нағыз фут­бол фено­мені. Ала допты аяғын­да ұршықша үйірген оның есімі ал­тын әріптермен жазылып қал­ды. Қарғадай бойына қарамастан, аяқпен де, баспен де қатар ой­найтын Марадона­ның жасыл алаңдағы қимылы ерлікпен па­ра-пар. Оның көз ілеспес қимылын, қақ­паға бағыттаған жойқын соқ­қы­ларын, сүрінбе­йін­ше доптан айырылмайтын қасиетін, алаң­да­ғы мәдениеттілігін, жоқ жерден гол со­ғатын сиқырын сөзбен жет­кізу мүмкін емес. Марадонаны бү­кіл әлем таниды. Та­лантына күллі жер шары тәнті болы. Тіпті, оның алаңдағы қимылы теңдессіз деп та­нылады. Алғашқы «Алтын доп» иегері деген атаққа қол жеткізуі де сондықтан.
Диего Армандо Марадона 1960 жылдың 30 қазанында Буэ­нос-Айрес провинциясы маңын­да­ғы Фьорито ауылында кедей от­басында дүниеге келген. Диего­ның футбол ойынына деген құ­мар­лығы 6 жасқа то­луы­на орай ту­ған ағасы Бетоның былғары доп сыйлауынан басталыпты. Мек­теп­те оқып жүргенде Диего тө­мен­гi сынып оқушыла­ры­нан құ­рал­ған топқа қабылданады. 14 жас­қа толғанда футбол үшiн мек­теппен қошта­сып, «Хуниорс» ко­мандасымен шартқа оты­рады. Ал 16 жасында кәсiби ойыншы ретiн­де ересектермен бiрге алаңға шы­ғып, та­маша ойын көрсетедi. Дие­го өзiнiң Аргенти­на құрамасы са­пын­да­ғы тұңғыш матчын 1977 жы­лы 27 ақпанда Буэнос-Айрес қа­ла­сында Венгрия құрамасына қарсы өткізген. Бұл ойында арген­тиналық «Бока Хуниорс» клубы Диегоға, сол кездің өлшемімен ал­сақ, бас айналдырар қаржы – 3,6 миллион долларды санап бе­рiп, оны клубта қалды­ру­дың жо­лын iздестiредi. Алайда, араға 1 жыл салып, 1982 жылы Испа­ния­ның «Бар­се­лона» командасы Ма­радонаны 5 мил­лион долларға сатып алады.
Кейiн Диегоның жарақат алуы, журна­лис­тер­мен сөзге келіп қа­луы және клуб бас­шы­ларымен, әсi­­ресе, белгiлi бапкер Ме­нот­­ти­мен араздасуы оның клубтан ке­туiне әкелiп соғады. Осыдан соң ол италиялық «На­поли» команда­сымен келiсiмшартқа оты­рады. Жаңа клуб Марадонаны 7 мил­лионға бағалап, өзiне 700 мың дол­ларын бiрден төлеп бередi. Неапольда Марадо­на­ны құдай­дай құрмет тұтады. Марадона­ның командаға келуiмен клуб 1987 жылы Италия кубогын, 1989 жылы УЕФА кубогын, 1990 жылы Италияның супер кубогын же­ңiп алады. Команда бұған дейiн 60 жыл бойы Еуропада немесе Ита­лияда бiрде-бiр рет жеңiмпаз ата­нып көрмеген екен. 2017 жы­лы аты аңызға айналған аргентина­лық­қа Неапольдың құрметті аза­ма­ты атағы бе­рілген болатын. Атақты футболшының Ар­ген­тина құ­рамасының сапындағы ерлiкте­рiн еске алсақ, есiмiзге, ең алды­мен, 1989 жылғы әлем бiрiншiлiгi оралады. Бұл бiрiн­шiлiкте Ма­радона Аргентина құрамасының нағыз серкесi атанады. Қарсы­ластар қақпа­сына бес доп соғып, Аргентинаның екiншi рет Әлем чемпионы атануына үлес қосады.
Кейін атақты футболшы бап­керлік қыз­мет­ке бет бұрды. Ал­дымен өз еліндегі «Тек­стиль Ман­дию» командасын жаттықтырған ол 1995 жылы «Расинг» коман­да­сының тіз­гінін ұстады. 2008-2010 жылдары Арген­тина құрамасына жетекшілік етті. Ал 2011-2012 жыл­дары Біріккен Араб Әмірлігінің «Аль-Васл», 2017-2018 жылдарда «Аль-Фуджайра» командаларын­да бас бапкер болды. Сондай-ақ, 2018-2019 жылдары Мек­сиканың «Дорадос» клубын жаттықтыр­са, 2019 жылдан Аргентинаның «Хим­­насия-Эсгрима» клубының тіз­гінін ұстады. Ол бар­лығы 632 ресми ойынға қатысып, 318 доп со­ғыпты. Аргентина құрамасы үшін 91 матч өткізіп, 34 гол соққан. 1986 жылы «алтын», 1990 жылы «қо­ла» доптың иегері атанған ол Оң­­түстiк Американың алты дүр­кiн, Арген­тинаның бес дүркiн үздiк футболшысы атағын иеленген. Ма­радона – сонымен бiр­ге Испа­ния, Италия кубогының иегері.
Мыңжылдықтар тоғысында ха­лықара­лық ФИФА ұйымы интер­нет арқылы жан­күйерлер ара­сында «ХХ ғасырдың үздiк фут­бол­­шысы кiм?» деген тақырыпта сауална­ма жүргiзiп, Марадона кө­рермендердiң ең көп дауысын ие­ленген болатын. Жалпы, Арген­ти­наның алтын ұлы Диего Ар­ман­до Марадонаның есімі ХХ ғасыр­дың ең үздiк ойыншысы ретiнде Пе­леден кейiнгi екiншi орында тұр. Аргентина футбол федера­ция­сының шешiмiмен бұдан бы­лай ұлттық құрамада 10 нөмiрмен ешкімді ойнатпау жө­нiнде ұйға­рым жасалған. Бұл да – атақты фут­болшыға деген құрмет.
Қанат АТАМАНОВ,
«Soltústik Qazaqstan».

 

 


    

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp