Эхинацея өсімдігінің қанды, бүйрек пен бауырды тазартатын қасиеті бар. Ол дертті емес, оны тудыратын себеп-салдарды емдейді. Цистит, нефрит, гепатит, грипп, бронхит, тонзилит, пневмония, герпес, гастрит және тағы басқа дерттерге дауа.
Өсімдік Солтүстік Америкада тараған. Оның дертке шипалы қасиетін алғашқы болып үндіс тайпалары анықтаған көрінеді. Үндістер науқастанып қалған маралдардың үнемі орман ішінен эхинацеяны таңдап жейтінін байқаған. Гүлді өсімдіктің қасиетін сезіп, өздері де теріп, емге пайдалана бастайды. Эхинацеяның “марал тамыры” деп аталуының сыры да осында.
Эхинацеяның көптеген сұрыптарын бау-бақшада қалай өсірсеңіз, үй жағдайында да егуге болады. Өңіріміздің қытымыр аязына шыдамды келетін өсімдіктің тұқымын көктемнің басында ексеңіз, ұтасыз. Бірақ үй жағдайында қашан егемін десеңіз, еркіңізде. Емге өсімдіктің гүлін, жапырағын, сабағын, тамырын пайдаланады. Эхинацеяны жазда гүлдегенде жинаған дұрыс. Көпжылдық өсімдік болғандықтан, қыста тамырын қымтап, шөппен жабу қажет.
Кептірілген емдік өсімдіктен тұнба дайындаудың әдісі төмендегідей: 1 ас қасық құрғақ эхинацеяны жарты литр қайнаған ыстық суға салып, бір түн бойы термоста сақтаңыз. Сүзіп 100-150 миллилитрден күніне 3 рет тамақтың алдында (30 минут) ішіңіз. 10 күн ішіп, 5 күн үзіліс жасаған жөн. Арасына 10 күн үзіліс жасап, тағы да 10 күн ішу керек. Бұл бір курс болып саналады. Қажет болған жағдайда емді бір айлық үзілістен кейін қайталауға болады.