
Қаңтардың екінші жұлдызында елордалық “Желаяқ” клубы алты және он екі сағаттық марафон ұйымдастырған болатын. 18 бен 79 жас аралығындағы спортшылар қатысқан додада төрт солтүстікқазақстандықтың да жұлдызы жанды. Олардың екеуі он екі сағаттық жарыс жолын бағындырып, І, ІІ орынды еншілесе, алты сағаттықта тағы екі желаяғымыз І, IV орындарға табан тіреді.
Еліміздің желаяқтарының басын қосқан аталмыш марафон Астанада 2009 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. “Алатау” спорт кешенінің жабық манежінде өткен сайысқа қатысушылар жас ерекшеліктеріне қарай екі топқа бөлінді. Онда елуге дейінгілер тоқтаусыз 12 сағат жүгіруге бел буса, елуден кейінгілері алты сағатты бағындыруға шарттасқан болатын. Нәтижесінде бірінші топта өнер көрсеткен жерлес спортшымыз Әскер Қожанов бас жүлдені қанжығалады. Он екі сағат ішінде оның жүгіріп өткен жолы 128 шақырымды құраса, екінші орынды бағындырған Ильдар Халиулиннің көрсеткіші – 124 шақырым.
Ал алты сағаттық додада 60 шақырымды бір деммен жүгіріп өткен Бауыржан Қалиев мәре сызығын бірінші болып қиса, Дархан Жарқынбаев бұл топта төртінші орынға табан тіреді.
Ақпанның он үшінде Мәскеуде “Ресей кубогы” сарапқа салынбақ. Онда марафоншылар 100 шақырымдық қашықтыққа тоқтаусыз жүгіруден бақ сынаспақ. Оған Әскер Қожанов пен Ильдар Халиулин де шақырту алыпты. Қос спортшымыз қазір соған әзірліктерін бастап кетті.
Самат ЕСМАҒИ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.