«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МАРГАРИТАНЫҢ ОРЫНДАЛҒАН АРМАНЫ

“Дипломмен – ауылға!” бағдарламасы ауылдардағы кадр жетіспеушілігі мәселесін шешуге бағытталған. Аудан әкімдіктері және “Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” АҚ өңірлік филиалы арқылы ұйымдастырылатын мемлекеттік бағдарламада бір реттік жәрдемақы мен тұрғын үй сатып алу мәселесі қарастырылған. 2010 жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан аталмыш шара бойынша облысымыз бес жылда 2,1 миллиард теңгені игерген. Өткен жылы 416 миллион теңгенің 157 займы берілді, ал биылға 318 миллион теңге қарастырылып отыр.

Маргарита Кузнецова – аталмыш бағдарламаның игілігін көрушілердің бірі. Ол – осыдан бір жарым жыл бұрын тұрақты жұмыс орнын Қызылжар ауданындағы Бескөл ауылының Мәдениет үйінен тапқан жас маман.

– 2012 жылы Петропавлдағы өнер колледжін бірген соң той-думан өтетін мейрамханаларда ән салумен табыс тауып жүрдім. Мен – шығармашыл ортамен жұмыс істегенді ұнататын адаммын. Сондықтан, өз өмірімді басқаша қалыптастыруды жөн санадым да Бескөлдегі аудандық Мәдениет үйінде режиссерлік орын бос екенін естіп, осында келдім. Жұмысым өзіме ұнайды, – дейді Маргарита Владимировна.

Жас маман бір жыл бойы облыс орталығында тұратын ата-анасының үйінен қатынап жұмыс істепті. Сол кездегі әрлі-берлі жүріспен уақытын тиімді пайдалана алмай, қапаланып жүргенінде жағдайды өзгертуге мүмкіндік туған. Оның 2015 жылы “Дипломмен – ауылға!” бағдарламасы бойынша білдірген өтініші мақұлданып, қыркүйекте Бескөл ауылынан үй сатып алды. Енді артық жүрісі жоқ, уақытының барлығы шығармашылыққа, ұжыммен жұмыс істеуге жұмсалады.

– Мемлекеттік қордан маған үй сатып алуға 12 мың АҚШ доллары және 138 мың теңге көтермеақы берілді. Несиені ай сайынғы 12500 теңге төлеммен 15 жылда өтеймін. Өте тиімді. 26-ға толар-толмас жаста өз шаңырағым болады деп ойлаппын ба?! – деп ол қуанышын жасырмады.

Маргарита – күміс көмей әнші. Оның арманы – білімін одан әрі жалғастырып, шеберлік шыңына қанат қағу. Өнер колледжінің вокал тобында бітірсе де, мәдениет саласының басқа да бағыттарын игеруді мақсат тұтады. Сондықтан бойында таланты мен талабы бар қызға бүгінгі жұмыс еш ауыртпалық тудырмайды. Ол мұнда үлкенмен де, кішімен де жұмыс істейді. Ұжымды басқара отырып, елдің айтулы даталарына арнайы концерттік бағдарламаларды дайындауға машықтана бастаған. Ұжым жақында ауданның Соколовка, Якорь ауылдарына барып, өнер көрсетіп қайтқан.

Ол жас та болса – жан-жақты болуға талпынатын жан. Сондай-ақ, оның қазақ әндеріне сүйіспеншілігі зор екендігін білдік. Жас өнерпаз жақында облыс орталығында өтетін байқауға Абайдың “Көзімнің қарасы…” әнін дайындау үстінде.

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp