Бразилиядағы Рио-де-Жанейрода басталатын Олимпиада ойындарына жолдама алған солтүстікқазақстандық спортшылардың қатары жеңілатлетші Маргарита Мұқашевамен толықты.
Жерлес спортшы Солтүстік Қазақстан облысының Новопокровка ауылында дүниеге келген. Жеңіл атлетикамен 14 жасынан айналысады. Маргарита – Петропавлдағы облыстық спортқа дарынды балаларға мамандандырылған мектеп-интернаттың түлегі.
Бүгінде Маргарита Мұқашева білікті жаттықтырушы Петр Литвиненконың жетекшілігімен шеберлігін шыңдауда.
Туған жылы: 4 қаңтар 1986 жыл.
Спорт түрі: жеңіл атлетика.
Атағы: халықаралық дәрежедегі спорт шебері.
Бойы: 166 см.
Салмағы: 50 кг.
Спорттық жетістіктері:
Республикалық және халықаралық жарыстардың бірнеше дүркін жеңімпазы және жүлдегері.
2007 жылы – Аммандағы Азия біріншілігінде 4х400 метрлік эстафетада үшінші болды.
2009 жылы – Вьетнам астанасы – Ханой қаласында өткен Азия ойындарында 800 метрлік пен 4х400 метрлік эстафетада екі алтын медаль иеленсе, Қытайдың Гуанчжоу қаласында өткен Азия біріншілігінде 800 метрлікте екінші болды.
2010 жылы – Гуанчжоудағы жазғы Азия ойындарында 800 метр және 4х400 метрлік эстафетада алтын мен күміс медальға қол жеткізді.
2011 жылы – Жапонияның Кобе қаласында өткен Азия біріншілігінде күміс медальға ие болды.
2013 жылы – Татарстанның Қазан қаласында өткен ХХVII Бүкілдүниежүзілік жазғы Универсиададағы жеңісін айтпасқа болмайды. Бұл сайыста 800 метр қашықтыққа жүгіруде алтын медаль иеленді.
2014 жылы – Оңтүстік Кореяның Инчхон қаласында өткен Азия ойындарында 800 метр қашықтықта жеңімпаз атанды.