«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МАРИЯНЫҢ ҒАЖАП МАШЫҒЫ

Солтүстік Қазақстан облыстық кәсіптік-педагогикалық колледждің қолөнершілер үйірмесінде оқушылардың қолынан шыққан бұйымдар көз қызықтырады. Олардың ағаш пен темірден жасаған, тоқыма және кестеден тіккен бұйымдары және бейнелеу өнері туындылары колледж мұражайына қойылған. Әрине, бұл – аталмыш білім мекемесінде қолданбалы өнерді жылдан-жылға жандандырып отырған ұстаздардың еңбегі. Мұнда оқушыларға кәсіптік білім алумен қатар өздерін басқа да қырларынан көр-сетуге мүмкіндік жасалған. Сондай өнерпаз шәкірттердің бірі – Мария Гуляева.
Кәсіптік білім беру колледжінде механик-технолог мамандығы бойынша дәріс алатын үшінші курс оқушысы Марияның ағашты ойып сурет салу қабілеті осы білім ордасында пайда болыпты. “Мен мектепте жүргенімде өзімнің қолөнерге қабілетімнің бар екендігін аңғармаппын. Осы колледждің табалдырығын аттаған алғашқы күні-ақ бізді оқыту орнының мұражайына апарды. Ондағы жәдігерлердің өзім сияқты жастардың қолымен жасалғанын көріп, қайран қалдым. Мен де осындай заттар жасасам деген арман туды. Содан бері сабақтан қолым босай қалса болғаны, колледждің шеберханасына қарай тартамын. Ондағы алғашқы тәлімгерім Виктор Ложкинге алғысым зор. Осындай шебер де білікті ұстаздан тәлім алудың өзі ғанибет!” – дейді Мария. Виктор Александровичтің талай шәкірттің бойында бұғып жатқан қабілетін ашқанын көпшілік мойындайды. Оның шеберханасынан шыққан бұйымдар – республикалық байқауларға қатысып, өңірімізде ұйымдастырылатын түрлі көрмелерде жұртшылықтың назарын өзіне аудырып жүрген құнды туындылар.
Болашақта өз мамандығы бойынша өндіріс орнында еңбек етуді қалайтын Мария қолөнерді де өзінің әуесқойлық машығы ретінде жалғастыратынын айтады. “Суретке аса шеберлігім жоқ еді”, – дейді ол. Десек те, адамның бойында табиғи дарын болмаса, шеберлікке енді үйреніп жүрген өнерпаздың бірден көздің жауын алатын туынды жасауы мүмкін бе?! …Оның “Мадонна жас бөбекпен” атты алғашқы туындысын көргендер оған жоғары баға беріпті.
– Өнерпаздық талабым болса да, ағашты ою құралдарын ұстаудың амал-тәсілдерін бір күнде үйренген жоқпын. Екі жыл ұжымдық туындыларға атсалыса жүріп, бір күні өзімнің жеке жұмыс істеуге жетілгендігімді сезінгендей болдым. Әрине, ол үшін үлкен ізденіс, зор толғаныс керек еді. Газет-журналдарды, ғаламторды ақтара отырып өзімнің көңілім қалаған туындыны таптым, – дейді жас өнерпаз.
Бұл туынды белгілі суретші Федор Брунидің “Мадонна жас бөбекпен” (1835 жыл) туындысының желісімен жасалған. Кенепке түскен әйел мен бөбек бейнесін Мария ағашқа ойып салады. Орыстың ұлы суретшісінің бұл туындысы қалай дүниеге келгені туралы жақсы ақпараттанған жас қолөнерші оған қатты қызығып, өз шығармашылығына да өзек етеді. Бір жарым айдың ішінде ағаштан ойып жасалған суреттің нәтижесі қуантарлық. Былтыр желтоқсан айында Алматыда өткен ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған “Біз бабаларымыздың мұраларын сақтап, көбейте береміз!” атты қолданбалы өнер байқауына Солтүстік Қазақстан облыстық кәсіптік-педагогикалық колледж оқушыларының бірнеше еңбегі жіберілген-ді. Сондағы байқаудың қазылар алқасы “Мадонна жас бөбекпен” және “Мерген” (ұжымдық) туындыларына жоғары баға беріп, солтүстікқазақстандық ұжым екінші орынды еншілеп оралған.
Иә, бұл Марияның – бірінші туындысы, бірінші жеңісі. Оның биылғы Қала күніне арнаған “Алма ағашы” қолөнер туындысының тақырыбы да қызғылықты. “Діңгегі мықты, тамыры тереңде, бұтақтарында жапырағы жайқалған ағаштың бейнесімен еліміздің жасампаздығын көрсеткім келді”, – деп екінші туындыны дүниеге әкелу идеясын түсіндірді. Қашанда ізденісте жүрген жас өнерпаз алдағы өмірінде талай туындыларды дүниеге әкелетіндігіне сенімді. “Келесі тақырыпты дінге арнаймын. Оны қалай көрсететінім – әзірге құпия. Үлкен толғаныста жүрмін. Имандылық жолын – ақ жол деп білемін”, – деді Мария Гуляева.
Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp