«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Мария ИВАКОВА

Есімі Ресей және Қазақстан жұртшы­лығына белгілі тележүргізуші, актриса Мария Ивакованың кіндік қаны 1986 жылы қазақ жерінде тамды. Ол Қарағанды облысындағы Теміртау қаласында дүниеге келіп, балалық шағын осы шаһарда өткізді. Ата-анасы әскери қызметті атқаруына байланысты ол отбасымен еліміздің бірқатар өңірлерінде тұрып, кейін Ресейдің Санкт-Петербург қаласына көшіп кетеді.

2013 жылы Герман Сидаковтың драма мектебінде “Театр және кино әртісі” мамандығы бойынша білім алып, еңбек жолын тележүргізушіліктен бастайды. Мария бұған дейін де көгілдір экран арқылы ойын-сауық бағдарламаларын жүргізіп, әсіресе, жастар арасында танымал бола түскен еді. 2009 жылы “YouTube” арнасында сән әлеміне бағытталған блогын ашып, шеберлігін шыңдайды. 2012 жылы талапты жасты Ресейдің МТV телеарнасы жұмысқа қабылдап, танымал “Trendy” бағдарламасына редактор етіп тағайындайды. Осы тұстан бастап жүргізушінің өмірі күрт өзгереді, ол Ресей жұлдыздарымен танысып, жобаларда бірлесе жұмыс іс­тейді. Маша “Орел и решка. Шопинг” және “Утро Пятницы” телебағдарламаларын сәтті жүргізіп, шоу-бизнес, сән саласында өз жобаларын жарыққа шығарды.

Ол, сондай-ақ, актриса ретінде де бағын сынап, кішігірім рөлдермен қатар басты кейіпкерлердің де образын сомдады. Бүгінде жұлдыз көрермендерге “Привычка расставаться”, “8 новых свиданий” және “8 лучших свиданий” телехикаялары арқылы танымал.

Гүлбике КУБЕНОВА,

“Soltústik Qazaqstan”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp