Қазақ поэзиясының жарық жұлдызы Мағжан Жұмабаевтың туған күнінде жыл сайын Қызылжарда ақын шығармашылығына арналған республикалық байқау өтеді. Биыл да әр өңірден іріктеліп келген өрендер қаламгердің туған өлкесінде бас қосты. Жас дарындарды айтулы доданың ашылуымен облыстық білім басқармасының басшысы Айнагүл Сұрағанова құттықтады.
– Осымен 22-ші рет Мағжан оқулары дарынды оқушылардың басын қосып отыр. Қатысушылар уақытын тиімді өткізу үшін барлық жағдайды жасауға тырыстық. Біз Мағжан Жұмабаев сынды даңқты жерлесімізбен мақтанамыз. Қаламгердің шығармашылығын насихаттау, мәдениет, әдебиет пен педагогикамызда қалдырған ізін дәріптеу біздің міндетіміз деп білемін. Бүгінгі шараға әр өңірден жиналған қатысушыларға сәттілік тілеймін, – деді Айнагүл Сұрағанова.
Жыл сайын Мағжан оқулары үш аталым бойынша өткізіледі. Онда оқушылар ақын өлеңдерін жатқа оқу, қаламгер шығармашылығы бойынша зерттеу жұмыстарын қорғау және өлең жазу бағыттары бойынша сынға түседі. Биыл байқауға қатысуға жер-жерден 55 жас дарын жиналған.
– Мағжан – тек Қызылжардың ғана емес, тұтас Қазақстанның, қала берді күллі түркі жұртының мақтанышы. Аз ғана ғұмырында Мағжан сынды мол мұра қалдыру әркімнің қолынан келе бермейді. Оқушылардың бойында да кешегі даңқты ақынның ұшқыны бар деп ойлаймын. Бүгінгі жастар Мағжан сынды жүректі, кең тынысты болсын деп тілеймін, – дейді қазылар алқасының төрағасы Дәстен Баймұқанов.
Байқау қатысушыларының өнеріне жергілікті оқу орындарының өкілдері, зерттеушілер мен ақындар баға берді. 19 аймақтан келген қатысушылар барын салып, білімі мен шығармашылық қабілетін көрсетуге тырысты.
Мағжан оқуларына келген оқушылар ақын туған ауданға сапарлады. Онда олар қаламгердің туған ауылындағы музейді аралап, Мағжан аллеясында болып, еске алу шарасына қатысып, тұлғасына тағзым етіп, ескерткішке гүл шоқтарын қойды.
Сайыс қорытындысы бойынша жас ақындарға арналған «Ақын да бір бала ғой айға ұмтылған» аталымында Алматы қаласынан келген Хангелді Бектенов, «Жасынан оқу оқып, өнер қуған…» атты ақын шығармалары бойынша зерттеу жұмыстары байқауында өңір намысын қорғаған Айша Жасұлан, «Өлең – менің Шолпаным, Айым, Күнім» ақын өлеңдерін жатқа оқу аталымында атыраулық Ақниет Аманжолова жеңімпаз атанды. Ал сайыстың бас жүлдесі Түркістан облысынан келген Жанерке Сәрсенбаеваға бұйырды. Дарынымен көзге түскендерге бағалы сыйлықтар табысталды.
Салтанатты шарадан кейін ақын атын иеленген көше бойындағы алаңда митинг өтіп, жиналғандар Мағжан тұлғасына тағзым етті.
Диас АЯҒАН,
«Soltüstık Qazaqstan».
Суреттерді түсірген
Шыңғысхан БЕКМҰРАТ.