
Облыс аумағында өтікізілген “Қауіпсіз жол” республикалық жедел-алдын алу шарасы аясында мас күйде көлік жүргізгендерді анықтауға баса назар аударылды. Себебі, көлік басқару құқығынан айырылғандар мен жүргізуші куәлігі жоқтардың рөлге отыруы жиілеген.
Тәртіп сақшыларының айтуынша, жаз мезгілінде көлікті спирттік ішімдік ішіп жүргізетіндердің саны артады. Адамдар отбасымен немесе жолдастарымен жағажайға, орманға дем алуға шыққанда, бір-екі ұрттам сыраның еш қаупі болмас деп ойлайды. Алайда жеңіл масаңдықтың өзі жүргізушінің ойлау-қабілетін тежеп, апаттық жағдай қаупін арттырады.
Мәселен, Есіл ауданында жүргізушілердің бірінен медициналық куәландыру кезінде жеңіл масаңдық анықталды. Ол былтыр мас күйінде рөлге отырғаны үшін басқару құқығынан үш жылға айырылған екен. Ал алты күннен кейін спирттік ішімдік ішіп алып тағы көлік жүргізген оны патрульдік полицейлер ұстаған. Жүргізуші куәлігінен айыру мерзімі 6 жылға дейін ұзартылып, 100 сағатқа қоғамдық жұмысқа тартылған. Бір жылға жетер-жетпес мерзім ішінде үшінші рет ұсталған ол қылмыстық жауапкершілікке тартылады.
– Жедел-алдын алу шарасы өткен екі күннің ішінде мас күйде көлік басқарудың 25 фактісі тіркелді. Сондай-ақ, бұрын көлік жүргізу құқығынан айырылған 15 адамның және жүргізуші куәлігі жоқ 32 адамның көлік тізгініне отырғаны анықталды. Бұл жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзушылық болып табылады, – дейді облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Айдын Байматов.
Жалпы екі күннің ішінде облыста 1074 түрлі жол-көлік оқиғасы орын алды. Оның ішінде жылдамдықты асыру, маневр жасауды бұзу және бағдаршамның қызыл түсіне өту жиі кездескен.