
Петропавл қаласындағы Ғабит Мүсірепов көшесінде «Toyota RAV4» көлігінің жүргізушісі жолдың жиегінде тоқтап тұрған «Lexus»-ты соғып кетіп, оқиға орнынан табанын жалтыратқан. Зардап шеккен көлік иесі бейнекамералардың жазбаларын жинастырып, айыпты адамды іздеп тауып, полицейлерді шақырған.
Сараптама нәтижесінде кінәлі жүргізушінің мас екені анықталды. «Toyota RAV4» салонынан сыраның құтылары және мемлекеттік нөмірлер табылды. Ұсталған 1987 жылғы петропавлдық бұған дейін де тәртіп бұзғаны үшін көлік жүргізу құқығынан айырылған екен. Қазір тергеушілер іс материалдарын сотқа тапсыруға әзірлеуде.