Солтүстік Қазақстан облысында адам өліміне әкеліп соқтырған жол-көлік оқиғасы орын алды. Мамлют ауданының Дубровное ауылында қас қарайған шақта үш ер адам «ВАЗ 2106» көлігін «ЗИЛ» жүк көлігіне троспен тіркеп жатқан кезде, сол маңайдан өтіп бара жатқан «УАЗ» жүргізушісі сынған көлік пен оның иесін соғып кеткен. Дубровное ауылының 1986 жылы туған тұрғыны алған жарақаттардан оқиға орнында қайтыс болды. Медициналық куәландыру анықтағанындай, «УАЗ» көлігінің жүргізушісі мас болған. Әрі көлік құралын басқару құқығы да жоқ болып шықты. Ол бұған дейін де құжатсыз көлік жүргізгені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Ол енді заңнамадағы биыл күшіне енген өзгерістерге сәйкес жеті жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.