«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МАС ЖҮРГІЗУШІ – ҚОҒАМҒА ҚАУІПТІ

Өзінің де, өзгенің де өміріне жа­уапкер­шілік танытпайтындардың жүгенсіздігінен жол-көлік оқиғала­ры орын алып, қара жолда жан тап­сырғандардың саны жылдан-жылға артып келеді. “Жол мұраты – жету” дегені­мізбен, “темір тұл­пар­ды” тізгіндегендердің асығуы, жол­да жарыса жүйткуі, біреу жо­лын кесіп кетсе, соны басып оз­ған­ша аптығуы, спирттік ішімдік ішіп, көлік басқаруы көп жағ­дайда қайғылы жағдайға душар етеді. Әсіре­се, мас жүргі­зу­ші қо­ғам­ға қауіп төн­діреді. Өт­кен жылы өңірімізде мас күйде рөлге отырған 1312 жүргі­зуші ұс­талып, оның 969-ы көлік басқару құқығы­нан айырылды. Ал үстіміз­дегі жы­лы “темір тұлпарын” мас кү­йде тіз­гіндеген 24 адам ұс­талды. Оның үшеуі жүргізуші куә­лігінен айы­рылды.

Осындай жауапсыздықтың сал­дарынан жиі орын алатын қайғы­лы жағдайлардан жүрегі шайлық­қан тұрғындар Қылмыстық және Әкім­ші­лік кодекстерге масаң күй­де рөл­ге отырған немесе машина айдау­ға мүлдем құқығы жоқ адам­ның көлік құралдарын бас­қарғаны үшін жауапкершіліктің едәуір кү­шейтіл­генін қуана құптады. Үс­тіміздегі жыл­дың 11 қаңтарынан бас­тап қол­данысқа енгі­зілген тү­зетулер есір­гендердің есін жина­та­ры анық. Де­сек те, аталған заң күшіне енген күні Мамлют ауда­нын­дағы Дубров­ное ауы­лының маңында “УАЗ” көлігін тізгіндеген 35 жастағы мас жүргізуші жолдың бойында сынған “темір тұлпарын” жүк көлі­гіне тіркеп жатқан 1986 жылғы ауыл­дасын соқты. Зар­дап шегуші алған дене жарақа­тынан оқиға ор­нында көз жұмды. Белгілі болған­дай, бір адамның өмі­рін үзген жүр­гізушінің көлік басқаруға құқығы жоқ екен. Тіпті, өткен жылы жүргізуші куәлігінсіз рөлге отыр­ғаны үшін әкім­шілік жауапкерші­лікке де тар­ты­лыпты. Енді ол 7 жыл­ға дейін бас бос­тандығынан айырылуы мүмкін.
Заң бойынша көлік құралын бі­рінші рет мас күйде басқарған жүр­гі­зу­ші 7 жылға дейін көлік құралын басқару құқығынан айыры­лып, 15 тәулікке әкімшілік қамауға алына­ды. Жәбірленушінің денсаулығы­на қылмыстық белгілерсіз зиян кел­тірілсе немесе көлік құралда­рын, жүктерді, жол құрылыстары мен өзге де құрылыстарды не өзге мүлікті бүл­дірсе – көлікті басқару құқығынан жеті жылға айы­рылып, 20 тәулікке қамалады. Егер жүргізуші әкімшілік жаза мерзімі өт­кеннен кейін бір жыл ішінде бұл бассыздық­ты тағы қайталайтын болса, 20 тәулікке әкім­шілік қа­мауға алынып, 8 жылға көлік бас­қа­ру құқығынан айырылады.
Жүргізуші мас еке­нін растайтын тексеру­ден өтуге қарсылық білдірсе 8 жылға дейін жүргізуші куәлігінен айырылып, 15 тәулікті темір тор­дың арғы жағында өткізеді. Көлiк құ­ра­лын басқару құқығынан айы­рылған жүр­гiзушi рөлге отырар болса айыппұл төлеп, 10 тәулікке қа­малады. Егер осы әрекетін қай­талар болса, тағы да 15 тәулікті қоғамнан оқшау орында өткізеді.
Қылмыстық кодекске масаң күй­де көлік құралдарын басқа­ратын адамдардың жол-көлік оқиғасын жасағаны үшін жеке жауап­керші­лік­ті көздейтін жаңа бап енгізілді. Бұ­дан былай мас жүргізушінің ке­сірінен абай­сызда адам өлсе, 7 жылға дейін бас бос­тандығын шек­теу, не сол мерзімге бас бос­тан­ды­ғы­нан айыру қарастырылған. Ал абай­сызда екі немесе одан көп адам қаза тапса, өмір бойына кө­лік басқару құқығынан және 7 жыл­дан 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылады.
Сонымен қатар көлік құралда­рын басқа­ру құқығынан айырыл­ған және масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруымен бай­ланыс­ты құқық бұзушылықтар кө­лік құра­лын басқару құқығынан өмір бойы­на айыруды көздейтін қылмыс санатына ауыстырылды. Мәселен, Қылмыстық кодекстің 346-бабында көлік құралдарын бас­қару құқығы­нан айырылған жә­не алкогольдік, есірткілік және (не­месе) уытқұмар­лық масаң күйдегі адам­ның көлік құралын басқаруы не көлік құра­­­лын басқаруды осындай адамға беру, сол сияқты лауазымды адам немесе меншік иесі не иеленушісі осындай адам­ның көлік құра­лын басқаруына жол берсе, белгiлi бiр лауа­зым­дар­ды атқару немесе белгiлi бiр қызмет­пен айналысу құқығынан өмір бойы­на айы­рыла­ды. Соны­мен қоса, бес мың айлық есеп­тiк көрсеткiшке дейiнгi мөл­шер­де айып­пұл салынады не сол мөл­­шер­де түзеу жұ­мыс­тарына жі­бері­леді, не болмаса, бір мың екі жүз сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғам­дық жұ­мыстарға тартылады. Бес жыл­ға дейін бас бостандығын шек­теу, не сол мер­зімге бас бостан­дығы­нан айыру да қарас­тырылған.
Заң бойынша, көлік басқарып отырған адамның қолында жүргi­зу­шi куәлiгi немесе оның орнына берiлген басқару құқығына арнал­ған уақытша куәлiгi, көлік құралы­н тіркеу және заңнамада белгi­ленген өзге де құжаттары болма­са, “ес­кер­ту” түрінде ба­лама жа­за енгі­зілгенін айта кету керек.
Мұның барлығы заңға бағын­бай­тын, өзгенің де, өзінің де өмірі үшін қам жемейтін жауапсыз жүргізушілерді қатаң жазамен тоқтатуға бағытталып отыр. Қоғам мас күйде рөлге отырған жүргі­зу­ші айналасына қауіп төндіретін қыл­мыскер екенін түсінсе, бұл мә­селе де шешілер еді. Ал өткен жы­лы мас жүргізушілердің кесірінен орын алған 21 жол-көлік оқиға­сын­да бір адам қаза тауып, 33 жо­лаушы зардап шеккені әрқайсы­мызды ойлантуы тиіс.

 

Айдын БАЙМАТОВ,
облыстық полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы, полиция подполковнигі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp