Біздің облысымыздың ауыл шаруашылығында егіншіліктің үлесі басым. Өңіріміз еліміздің негізгі астық өндіруші аймағы болып табылады. Астықпен қатар техникалық және азықтық дақылдар өсіріледі, картоп пен көкөніс шаруашылығы дамыған. Табиғи жағдайлар сапалы ет пен сүт өнімдерін өндіруге мүмкіндік беретін мал шаруашылығын дамытуға да қолайлы.
Ауа райы жағдайларына байланысты біздің өңіріміздің ауыл шаруашылығы кәсіпорындарындағы (ЖШС, ШҚ, ФШ) жұмыстар көбінесе маусымдық сипатта болады.
Ауа райына немесе өзге де табиғат жағдайларына байланысты белгілі бір кезеңде (маусымда), бірақ бір жылдың ішінде орындалатын жұмыстар маусымдық деп танылады.
Маусымдық жұмыстарға арналған еңбек шартын жасау кезінде қызметкердің өзіне тапсырылатын жұмысқа сәйкестігін тексеру мақсатындағы сынақ мерзімі белгіленбейді.
Маусымдық жұмыстарда істейтін қызметкерлермен еңбек шарты, Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 54-бабында көзделген негіздерден басқа:
1) жұмыс берушідегі жұмыстар өндірістік сипаттағы себептер бойынша екі аптадан артық мерзімге тоқтатылған;
2) қызметкер еңбекке уақытша жарамсыздығы салдарынан қатарынан бір ай бойы жұмысқа шықпаған жағдайларда жұмыс берушінің бастамасы бойынша бұзылуы мүмкін.
Маусымдық жұмыстарда істейтін қызметкер бұл туралы жұмыс берушіні күнтізбелік жеті күн бұрын жазбаша түрде ескерте отырып, еңбек шартын өз бастамасы бойынша бұзуға құқылы.
Жұмыс беруші маусымдық жұмыстарда істейтін қызметкерді еңбек шартының Еңбек кодексінің 54-бабындағы 1-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көзделген негіздер бойынша бұзылатыны туралы күнтізбелік жеті күн бұрын жазбаша ескертуге міндетті.
Маусымдық жұмыстарда істейтін қызметкермен еңбек шарты бұзылған кезде, жұмыс беруші пайдаланылмаған демалыс үшін өтемақы төлемін жұмыс атқарылған уақытқа барабар төлейді.
Маусымдық жұмыста істейтін қызметкермен еңбек шарты ұйымның таратылуына, қызметкерлер санының немесе штатының қыс-қаруына байланысты тоқтатылған кезде, екі апталық орташа жалақы мөлшерінде демалыс жәрдемақысы төленеді.
Облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясының басқармасы жүргізген тексерістердің барысында біздің өңіріміздің ауыл шаруашылығы кәсіпорындарында маусымдық жұмыспен қамтылған қызметкерлермен еңбек шартын жасамаудың көптеген фактілері анықталды. Сөйтіп, қызметкерлердің еңбек құқықтарының, әсіресе, еңбекақы төлемі, өтемақы төлемі, зейнетақы аударымдары, әлеуметтік кепілдіктерді қамтамасыз етуде бұзылғаны байқалды. Маусымдық қызметкерлермен еңбек шартын жасамаған жұмыс берушілер әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Осыған байланысты жұмыс берушілерді мұндай заң бұзушылықтарды жібермеуге шақырамыз. Қазақстан Республикасының еңбек заңнамаларын қолдану жөнінде өзіңізді қызықтырған сұрақтар бойынша “СҚО Мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы” ММ-іне СҚО, Петропавл қ., Абай к., 64 мекенжайына немесе 46-86-06, 46-37-73, 46-01-94 телефондарына, сондай-ақ, басқарма сайтына – git.sko.gov.kz. жүгінуіңізге болады.
Жангелді ТҰРАЛИНОВ,
облыстық мемлекеттік еңбек инспекторы.