«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МАУСЫМ АЙЫНДА, ЕСІЛ БОЙЫНДА…

Қызылжар ауданында оқушылардың танымдық қызығушылықтарын ескере отырып, белгілі тәжірибелік бағытты көздеген инновациялық жобадағы лагерьлер жұмыс істей бастады.  

Осындай бағыттағы лагерьлерді ұйымдастыру идеясы бұрындары қолға алынғанымен, жүзеге асырылмаған болатын. Қызылжар аудандық білім бөлімінің әдіскерлері оған шығармашылықпен қарап, осызаманға лайықтап, теориялық тұрғыда негіздеп, қолданысқа енгізді. Сөйтіп, әлеуметтік әлжуаз топтағы отбасыларынан шыққан балаларға арналған “Мәдени мұра” – Долматово археологиялық-шатырлы лагері, “Сұңқар” – Большая Малышка әскери-спорттық лагері, “Зеленый парус” – Красноперовка экологиялық лагері және “Көкжиек” Новокаменка этномәдени лагері болып құрылып, жұмыс істей бастады. Аталмыш лагерьлерге ауданның елді мекендерінің жүзге жуық баласы қоныстанды.

Балалар мен ата-аналарды, оқушыларды демалыс маусымының ашылуымен аудан әкімі Е.Каменов пен білім бөлімінің басшысы Б.Аюпов құттықтады. Олар осы инновациялық жобаны жүзеге асыруға өздерінің педагогикалық ұжымымен бірге батыл кіріскен мектеп директорлары М.Туркова, Н.Машкина, О.Михайлова, Л.Амановаға ризашылықтарын білдірді.  

“Қар қылаумен өседі, бала сылаумен өседі” демекші, олар лагерьде демала отырып, туған жерлерінің тарихымен, тұрмыс-салтымен, шаруашылығымен танысады. Оқушыларға Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры О.Әшімовтің қолдауымен тарих және әлеуметтік пәндер кафедрасының доценті, тарих ғылымдарының кандидаты А.Плешаков пен археолог, тәжірибеден өткізуші педагог О.Мартынюк басшылық жасайды. Оқушылар ата-аналары мен отбасыларынан жырақта, әскери жағдайда шатырларда тұрып, өздерінің денсаулықтарын нығайтады. Тауға шығып, альпинистік дағдыларын шыңдаумен қатар, жер бедерінің сызбасын жасауды үйренеді. Өңірімізде тіршілік ететін жануарлармен, құстармен, өсімдіктермен танысып, әр ұлттың этномәдениетін, тұрмысы мен тілін зерттейді.

Балалар әсем табиғат аясында каникул уақыттарын осылайша көңілді өткізуде. Өйткені, лагерьлердің барлығы да Есіл өзенінің бойындағы табиғаты әсем қорықтық аймақтарға орналастырылған. Жазғы демалыс маусымы кезең-кезеңмен шілденің ортасына дейін жалғасатын болады.

Светлана ТРЕМБАЧ,

журналист.

Қызылжар ауданы. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp