«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МАХАББАТСЫЗ ДҮНИЕ БОС

Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрында “Меңдуана махаббат” спектаклінің тұсаукесері өтті.
Спектакльдің қоюшы-режиссері – белгілі сатирик, “Терісқақпай” әзіл-сықақ театрының директоры Асқар Наймантаев. Алатаудың бөктерінен арнайы келіп, қызылжарлықтарды саф өнермен сусындатқан режиссердің шеберлігіне көрермен тәнті болды. Өйткені, махаббат дейтін ұлы күшті спектакльге арқау еткен режиссер бұл әлемде нәзік сезім ғана қатыгездік пен зұлымдықты жеңе алатынын дәлелдеді. Махаббат екі ғашықтың бір-бірін құлай сүюімен ерекшеленбейді. Ол әркімнің түсінігінде әр қилы.

Адам бойындағы сүйіспеншілік, құштарлық, қамқорлық – махаббат дейтін ұғымды қалыптастырады. Туыстық, достық, ғашықтық әртүрлі сипатқа ие екенін ескерсек, бір-бірін құлай сүйген мұңлықтардың іңкәр көңілі, нәзік сезімі мейірім мен сүйіспеншілікке толы болады. Бұл орайда Ләйлі – Мәжнүн, Қозы – Баян, Еңлік – Кебек, Қыз Жібек – Төлеген сияқты махаббат пен мөлдір сезімнің символына айналған ғашықтарды қалайша ұмытуға болады.
“Меңдуана махаббат” спектаклі де ғашықтық сезім қатігездікке жол бермейтініне көз жеткізді. Комедияда сүйе білетін, сүйіктісі үшін күйе білетін жаны таза, сезімі пәк, жүрегі ақ жандардың оқиғасы көрермен назарына ұсынылды. Адамдар арасында алдау, арбау, сатқындық, опасыздық орын алса да, ең соңында ұлы сезім жеңіске жетті.
Комедия жанрында көрерменге ұсынылған қойылымның астарында терең мән бар. Дана Абай “Махаббатсыз дүние бос” демекші, ғашықтық сезім кез келген қиындықтан құтқаратынын көрерменге жеткізуге тырысқан режиссердің діттегені болды. Күлдіре отырып көрерменге ой салған актерлер де өздеріне жүктелген сенімді ақтады. Театрға жиналған көрерменнің де қатары аз болмады. Махаббат жайлы комедияны тамашалап, ерекше әсерге бөленген олар орындарынан тұрып, сахнагерлерге қол шапалақтады. Бұл – өнер арқылы өмірді көрсеткен актерлерге деген шынайы құрметтің белгісі.

Ақмарал ЕСДӘУЛЕТОВА,  “Soltústik Qazaqstan”.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp