«Ауылында бар Ағаның қызқарағай,
Тал бойында бір мін жоқ қыз баладай.
Ақ балтырлы ақ қайың арасында,
Жалғыз өсіп асқақтап тұр дарағай.
Қызқарағай, қызқарағай…
Жалғыз өсіп асқақтап тұр дарағай».
Республикалық радиолардан арагідік КСРО-ның халық әртісі, бұлбұл үнді әнші Бибігүл Төлегенованың орындауындағы «Қызқарағай» әнін тыңдай қалсақ, бейнебір тамылжыған табиғат аясына еніп кеткендей ерекше күйде болатынымыз жалған емес. Таңғажайып әлемге жетелейтін әннің сөзін жерлесіміз Мақсұтжан Әубәкіровтің жазғанын қызылжарлықтардың көбі біле бермейді. Еліміздің рухани астанасы – Алматыға барған сапарымызда жерлесіміздің зайыбы Сабира Қаликенқызымен дидарласудың сәті түсті.
Көптеген дереккөздерде Мақсұтжан Әубәкіровтің туған жері Ақжар ауданындағы Қарабұлақ ауылы деп көрсетілген. Алайда жақсының жары жұбайының Есіл ауданындағы ел ішінде «Бай-Еңбек» атанып кеткен Еңбек ауылында дүниеге келгенін айтты. «Мәкең кішкентай кезінде ата-анасы Николаевка ауылының маңындағы Қарабұлақ елді мекеніне қоныс аударыпты. Сол жерде, өсті, оқыды, ержетті. 1936 жылы туған. Жақындары соғысқа алып кетеді деп қорқып, дүниеге келген жылын 1938 деп көрсетіпті», – деді Сабира тәтей.
Петропавл қаласындағы мектепте оқыған Сабира Қаликенқызы Алматыдағы Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетін физика пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша бітіріп шығады. Оңтүстік астанада оқу оқып жүрген Қызылжардың қыз-жігіттері жиі бас қосатын болған. «Біздің жас кезімізде қыз бен жігіт болып жүру деген түсінік мүлде болмады. Мынау ұл, ана қыз деп бөле-жармай, барлығымыз тонның ішкі бауындай жақын араласатынбыз. Университет қабырғасындағы іс-шаралардан кейін пәтер жалдап, қона салатынбыз. Қыздар төрде, жігіттер босағада жатады. Жігіттер қызға қолдарының ұшын да тигізбейтін», – деп жастық шақты еске алды.
Алғашында аға-қарындастай сыйласқан Мақсұтжан мен Сабира достықтың махаббатқа ұласатынын аңғармаған. Бір-біріне бауыр басқан олар 1961 жылы отау құрды. Апамыздың айтуынша, Мақсұтжан жас болғанымен ел ағаларымен етене араласқан екен.
Көркем сөздің зергері Ғабит Мүсіреповтің үйіне жиі ат ізін салып, жерлесінің шығармашылығымен танысуға әуес еді. Сабира апай шай үстінде отбасылық мұрағатында сақталған суреттерді көрсетті. Мұқабасы ескірген фотоальбомнан Ғабеңнің «Қазақ әдебиеті» газетінің фототілшісі Б.Сәрсенов түсірген суретін тауып алдық. Суреттің сыртындағы «Мақсұт ініме! 24.12.81 г.» деп жазылған қолтаңба көзіме оттай басылды. Ол кезде белгілі тұлғалардың суретін ең жақын адамдарына ғана тарту еткенін ескерсек, Ғабеңмен Мақсұтжанның қалай сыйласқанын аңғару қиын емес.
Жақсының жары әңгіме арасында «Қызқарағай» әнінің қалай жазылғанын айтып берді. «Бір жұма бойы жазды. Жазады, ұйқасы келіңкіремей тұр деп сызып тастайды. Ұйықтап жатсам, оятып алады да өзгерткен жерін көрсетіп, қалай шыққанын сұрайды. Мен болсам «жақсы» деумен шектелемін. «Ғабаға ұрысады. Ол кісі тым талапшыл, сыншыл», – деп көрсетпес бұрын бірнеше рет қарап шықты. Үйіне барып, оқып, Ғабит ағасына ұнағанын естігенде есі шығып, қуанғаны көз алдымда. Арада көп уақыт өтпей, «Есіл бойы – Қызылжар» дүниеге келді», – деді Сабира апамыз.
Мақсұтжан Әубәкіров музыкалық аспаптарда шебер ойнаған. Күй тартқанда Нұрғиса Тілендиевтің өзі сүйсініп, тамсанып отырады екен. «Мақсұт-ай, академиялық білімің болмаса да, оқыған, дипломы бар мамандардан артық орындайсың ғой. Неткен шеберлік», – депті бір естелігінде көрнекті композитор, профессор Базарбай Жұманиязов.
Сабира апамыз «Мәкең өте балажан болды» деп жұбайының отбасындағы орнын айта бастағаны сол еді әңгімені қызы Әлия қостай кетті. «Бір күні қайын атам радиодан «Қызқарағай» әнін тыңдап, таңдай қақты. «Әннің сөзін жазған менің әкем», – дедім ол кісіге. Сөзіме сеніңкіремеді. Мен үйде жоқ кезде радио редакциясына хабарласыпты. Әкемдей талантты жанмен құда болғанын мақтаныш санады», – дейді Әлия.
Бір күні Сабира апамызға бірқатар радио, телеарна мамандары хабарласып, «Қызқарағай», «Есіл бойы – Қызылжар» әндері үшін төленген қаламақыны алып кетуін өтініпті. Біраз уақыттан бері жиналған гонорар қомақты қаражатқа айналған екен. «Әкеміз өзі кетсе де, бізді әлі күнге дейін асырап жүр», – деген сөзді ұл-қыздары бүгінге дейін айтатын көрінеді.
Әбу Сәрсенбаев, Хамит Ерғалиев, Кәкімжан Қазыбаевтармен туысқандай араласқан Мақсұтжанның есімі әдеби ортада үлкен құрметпен аталады. Сабырхан Асанов, Асқар Сүлейменов, Шот-Аман Уәлиханов, Есләм Зікібаевтармен әзілдері жарасып, бір заманның жырын жаза білген ол қазақ әдебиетінің дамуына бір кісідей атсалысты. Өз атағының шыққанынан бұрын ұлт руханиятының ілгері басқанына баса назар аударды.
«Мақсұтты үйдің ішкі мәселесі, әлеуметтік ахуалы алаңдатқан емес. Маған сенді. Бірақ қонақ шақырарда телефонның құлағында отыратын. Шақырылған меймандар үйге сыя ма, сыймай ма? Оған бас ауыртпайтын. Телеарнада жұмыс істеген жылдары әріптестері біздің үйімізді «Телеарна асханасы» деп әзілдесетін. Өз үйлерінде жүргендей тоңазытқышты ашып, керектерін алып, дастарқан жайып жүре беруші еді. Ол кезде қазіргідей дәмхана, мейрамхана деген жоқ. Үйімізге келіп бір кесе ыстық шай ішкен адамдардың барлығын дос санап, бауыр тұттық», – деді жақсының жары.
Мақсұтжан Әубәкіров көзі тірісінде туған-туыстарын, жора- жолдастарын ерекше сыйлаған. Алматыға келген бір сыныптасы Қызылжарға қайтарда билет алар ақшасы болмай, қаламгерден қарыз сұрайды. Еліне аман-есен жеткенін айтып хабарласқаннан кейін хабар-ошарсыз кетіпті. Дос санап жүрген жанның бұл қылығына ренжіген Сабираға жұбайы: «Қарызын бермей жүр деген әңгімені доғар. Достардың арасында ақша жүрмейді. Қызылжардағы бір досымды пойызға отырғызып жібере алғаным үшін қуанамын. Бастысы, аман болсын. Сен де қарыз жайлы әңгімені ұмыт», – деп бұл әңгіменің нүктесін қойған екен.
Мақсұтжан Әубәкіровтің ерекшелігі – кітапты бір рет оқумен шектелмей, кемінде үш мәрте парақтап, мазмұны жадында сақталғанша тыным таппайтыны. Мектеп қабырғасында оқып жүргенде-ақ кітаппен дос болып, кітапхананың есігіне қара құлып ілінгенше тапжылмай отырады екен. Ұл-қыздары әкелерінің: «Кітаптардың көбін жас күнімде оқып тастағаныма қуанамын. Қатарластарымның бәрі емтиханға дайындалып жүргенде мен демалып отырушы едім. Оқыңдар. Күндердің күнінде жемісін береді», – деген сөзін өмірлік бағдарға айналдырған.
Мақсұтжан Әубәкіров ақын Ғафу Қайырбековпен дос болған. Оқжетпестегі шипажайлардың бірінде демалып жатқан Мәкеңе Ғафу ақын:
«Көкшетау деген жақсы тау,
Жаман болуға жоқ сылтау.
Бас қаңғырып барады,
Не қыламыз Мақсұт-ау», – дейтін көрінеді. Мақсұтжан болса досының бетін қақпай, сұрағанын беретін болған.
Қаламгер 1996 жылдың күзінде дүние салды. 1998 жылы журналистика саласының майталманы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Зейнолла Серікқалиұлы қаламгердің «Бір үмітпен өмір сүр» атты кітабын жарыққа шығарып, оның шығармаларына екінші өмір сыйлады.
Сабира апамыз ұлын ұяға, қызын қияға қондырып, немере-жиенінің қызығына бөленіп отыр. Оның бар байлығы балалары мен жарынан қалған көркем естеліктер.
«Мақсұтжан Мағжан туралы кітап жазбақшы болды. Ол арманына жетпеді. Ауырып, дүние салды. Мағжан жайлы көп білуші еді. Марат Ақпанов деген сыныптасым бір күні Мәкең екеуімізді Алаш арысының жары – Зылиқа Құрманбайқызының үйіне апарды. Ол кісі ақ батасын берді. Қызылжар үшін алаңдайтынын, сағынатынын айтты. Жан жарымның туған жері – маған да ыстық. Ондағы халықтың тілеуін тілеп отырамын», – деп әңгімесін аяқтады Сабира апай.
Самрат ҚҰСКЕНОВ,
«Soltüstık Qazaqstan».
«Шын ғашық адам сүйгенін ешқашан жарнамалап, дәріптемейді. Өз басым махаббаттың қасиетін жоғалтпау керектігін қанша айтсам да, сүйгенімді жырлаған емеспін. Отбасылық сырыңды неғұрлым құпия ұстасаң, соғұрлым бақытты боласың. Лирик ақын–жазушылар менсіз де көп. Бәріміз бірдей отбасылық өмірімізді насихаттасақ, ұлттық құндылықтар, адамгершілік қасиет, сыйластық пен түсіністікті жазатын ақын–жазушы табылмай қалуы да мүмкін. Сондықтан үйімнің маңайынан шығып, ұлт болашағына қызмет етуді мақсат тұттым. Менен махаббат, сезім жайлы өлең сұрайтындар да кездеседі. Олардан үндемей құтыламын. Себебі ғашықтық тақырыбындағы жырларымды жарымнан басқа жандар оқымауға тиіс».
Мақсұтжан Әубәкіровтің күнделігінен.