Ер-тұрман, ат әбзелдерін жасау – дәл бүгінгі уақытта екінің бірінің қолынан келе бермейтін кәсіп. Сондықтан да оларды жасап шығару бүгінде өндірістік жолмен атқарылады, яғни ол зауыт, фабрикалардың мойнына жүктелгендей. Ал біз кезінде кез келген ауылда темірден түйін түйетін шеберлер болғанын көріп-біліп өстік.
Өз басым ауылдағы Ержан ақсақалдың көлеңкеде қамшыға қайыстан таспа тіліп отырғанын талай көрдім. Кейде ойын балалары бізді шақырып алып, қайысының бір шетін ұстатып қоятын. Ондайда мұқият болуды ескертетін. Себебі, бір орында деміңді ішіңе тартқандай, тапжылмай тұруың керек. Ал сәл-пәл қозғалып кетсең, қайыс атқан оқтың түзулігіндей тілінбейді. Міне, шеберлік, міне, ептілік, Ержан ақсақал тілген, ұзындығына қоса, жіңішкелігімен де бірінен-бірі айнымайтын таспаларға қарап таңғалатынбыз. Келесі күндері дайын болған қамшыны да қызықтап шебердің маңайынан шықпаушы едік. Көз тартатын етіп жасалған жаңа дүние адамды қызықтырып, өзіне тартып тұрады емес пе?!
Сол балалық кезде қамшының бір емес, бірнеше түрі болатынын біз білген жоқпыз. Жиырмадан асып жығылады екен. Ат қамшы, дырау қамшы, дойыр қамшы, жертуыл қамшы, білеу қамшы, жыланбауыр қамшы, шашақты қамшы, тіпті, бала қамшы делініп әрі қарай кете береді. Ол екі таспадан, он алты таспаға дейін өрілетінін де әркім біле қоймас, сірә.
Жылқыға жақын болып өскен ауыл балаларына сол киелі жануар ғана емес, кездесе қалғанда оның ер-тұрмандары, әбзелдері де ыстық көрінеді. Наурыз мерекесі күні мерекелік жәрмеңке қызу жүріп жатқан М. Жұмабаев көшесімен бойлап келе жатып сауда жасауға арналған шатырлардың бірінен ат әбзелдерін көрдім. Сатушы – Владимир есімді орыс жігіті екен. Амандасып алысымен, таныстық, одан әрі тілдестік. Көп әңгімелесудің реті келмеді. Ол визиткасын ұсынды.
Келесі жолы мен оны “Алтын базарға” әдейілеп іздеп бардым. Оларда екі бірдей сауда нүктесі бар екен. Олар деп отырғаным – Владимир Осипов пен оның әріптес жолдасы Александр. Екеуі бірлесіп жеке кәсіпкерлік құрған. Оның аты – “Осипов” деп аталады. Контейнер кіреберістен бастап, ұсағы бар, ірісі бар түрлі заттарға толып тұр, қайсысын қарарыңды білмей қаласың. Іздеп жүргеніңде, қажет-ау деп саналатыны да жетерлік.
Ал ат әбзелдеріне келсек, тауарлардың көп бөлігін солар құрайды. Темір-терсектердің арасынан ауыздық көзіме түсті. Бағасы жапсырулы тұр – 1500 теңге. Міне, ер, доға, қамыт, ершік, жүген, божы, ноқта және тағы басқалары жатыр. Ердің өзінің оған қоса бірнеше әбзелдері болады емес пе? Үзеңгі, тартпа, айыл, белдік, терлік және басқалары соған жатады. Олар 5-6 түрлі екен, сондықтан бағалары да әртүрлі. 25 мыңнан 40 мыңға дейін. Доғаның бағасы – 4-5 мың, божы – 1800-2000 теңге. Ершік зауыттан шығарылғаны – 5, ал қамыт сәйкесінше 5 және 8 мың теңге.
Владимир келесі сауда орнында ер-тұрман, құрал-саймандар мұндағыдан да көп дегендіктен, сонда бардық. Айтқандай, бұл бутик те тауарларға аузы-мұрнынан шығарылғандай толтырылыпты. Сауда нүктесі басқалары сияқты емес, екіқабатты екен. Біріншіден, басы артық тауарлар сонда қойылса, екіншіден, ол жерде ат әбзелдерін тігетін цех ашпақ.
– Мынау өндірістік үлгідегі тігін машинасы. 8 миллиметрге дейінгі былғарыны тіге береді. Ер тігуге қолайлы. Былғары демекші, бізде жақсы былғары жоқ. Сол үшін, басқа да көптеген тауарлар әкелу үшін Ресейге барамыз. Соңғы рет 250 килограмм былғары әкелдім. Олар да теріден жасалатын өнімдерді шығарумен мықтап айналысады. Өзім ер жасап, тігуді солардан әкелген ерді қарап отырып үйрендім, – дейді кәсіпкер жігіт.
“Үлкен жол кішкентай қадамнан басталады” деп жатсақ, жөн айтылған сөз деуіміз керек. Жасы 30-дың ар жақ, бер жағындағы еңбекқор жігіт мұндай іске кішкентайынан ыңғай танытқан. Алдымен бокс спортымен айналысатындар жаттығатын қап, иттің мойнына тағатын қарғыбау тігуден бастапты. Бірте-бірте білмегенін үйренуге ұмтыла берген. Адам ойлағанын ден қоя қолға ала білсе, талай істі тындыруға болатындығын ол бүгінде дәлелдеген сыңайлы. Осындай сәтте шаруаңды бастау үшін алдымен қаражат керектігі де сөзсіз. Бұл жерде, екі бірдей сауда нүктесін ашу, оларды тауарлармен лық толтыру оңай болып па?! Қаншама қаражат керектігі көрініп-ақ тұрған жоқ па?!
Владимир шешінген судан тайынбайтынын былай танытқан. Бутик, контейнер, оған қоса тауарлар сатып алуға суырып алып, сала қоятын ақшасы болмағандықтан, астындағы шетелдік жеңіл көліктерін сатқан.
Бір таңғалғаным, ол тігіншілік мамандыққа оқымапты, ерінбей, талмай, өздігінен үйреніпті. Содан да шығар, жас екендігіне қарамастан, білетіні де аз емес. Оны, әрине, әңгімесінен аңғарасың. Біреуден қазақтың ерін сатып алыпты. Екі қойға. Ер түгелдей қажетті әбзелдерімен емес, қаңқасы ғана. Ол тұтастай қолмен ойылып жасалыпты, үстіне лақтың терісі шегеленген. Былай алып қарасаң, ол жалтырата тазартылғаны сондай, сүйек сияқты, жып-жылтыр.
Владимир оны қалпына келтірмек. Сатуы-сатпауы екіталай, мүмкін, сирек тауар ретінде сөреге қоятын шығармын, дейді әңгіме барысында. Мұндай дүниені біздің жақтағылар қымбатсынып, дұрыс бағалай білмейді. Ал ол Алматының Талғары сияқты жерлерде 2,5 мың долларға саудаласып жатпай-ақ өтетін көрінеді.
Көзіме сәндеп жасалған, қызғылт-қоңыр түсті ер түсті. Қырғыздардікі екен. Бағасы тәп-тәуір, 150 мың теңге. Мұны ешкім сатып ала қоймайтындығын, тым қымбат екендігін білдірдім. Сатушы жігітім сасар емес, сатылатын басқа дүниелер де жетерлік, мұндай ердің сатылмай, келгендердің көзін қызықтыра сөреде жатқанының өзі неге тұрады деген жауап алдым. Жылқы десе ішкен астарын жерге қоятын сігәндәрмен де Владимир байланысын үзбейді екен.
– Олар ер-тұрман, ат әбзелдерін жасауға өте шебер және жасайтын дүниелері жұмысқа жегілетін жылқыға емес, арнайы бір жерге шыққанда пайдалануға лайық. Сондықтан кез келген заттарын сатып аламын да, саудаға қоямын, – дейді Владимир.
Қамыт та тауарлардың арасында сұранысқа ие екен. Осыны түсінген кәсіпкер оны үстіміздегі жылдан бастап өзі жасауға кірісіпті. Тапсырыс болса, 1-ші размерден, 10-шы размерге дейін жасай беруге дайын. Бұл жерде, 10-шы размер қамыт ауыр жүк таситын ірі денелі жылқыларға арналған делік. Ал 1-ші размер ше? Оған да ара-тұра сұраныс бар екен, ол болса есекке арналған.
Қолөнерімен қабілет-қарымың болмаса, оңай айналысып кете алмайсың. Владимир мұндай кәсіпті айтқанда сирек кездесетін шеберлердің бірі болса, шеберлігін күннен-күнге шыңдай түсуде.
Қошан ҚАЛИ,
“Солтүстік Қазақстан”.
СУРЕТТЕ: ат әбзелдерін жасайтын шебер В. Осипов.
Суретті түсірген автор.