Мағжанның ұлылығы – ақындығы.
Жүректің түкпірінде – ақыл, мұңы.
Өзгеден артықтығын әспеттеуге,
Жетті оның жүрекжарды батылдығы.
Ерлікке жол бастады өлеңі үндеп,
Дүниенің зерттеп білді дерегін көп.
Ең алғаш Алаш туын ұстап тұрып,
Айтқан ол “Мен жастарға сенемін!” – деп.
Алаштың арманы үшін таппай тыным,
Халқының ар-намысын сақтайтынын.
Айтқан ол қара шекпен кигендердің,
Жерінде шегірткедей қаптайтынын.
Айтқан ол, Абай сынды айта білген.
Қайғырған, одан кейін қайта күлген.
Түрмеден аман-есен қайтып келіп,
Қауышқан Сарыарқадай байтағымен.
Қашанда құшағында арман – әлем.
Қыран ол қатар қонбас қарғаменен.
Мейлі, ол қай қиырда жүрсе-дағы,
Сырласқан Сарыарқамен, сар даламен.
Ешқашан шаң жұқпайды шын асылға,
Түседі күннің нұры күнәсызға.
Болған ол ұлтына – ұл, халқына – құл,
Мағжанның ұлылығы, міне, осында!