Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда “Рухани жаңғыру” бағдарламасы аясында жыр жампозы Мағжан Жұмабаевтың ескерткіші ашылды.
Ескерткіштің ашылу салтанатында сөз сөйлеген аудан әкімі Болат Жұмабеков тұрғындарды айтулы шарамен құттықтап, ақынның еркіндік пен азаттықты аңсаған жырлары халқымызға бай мұра болып қалғанын тілге тиек етті. Сондай-ақ, Алаш қайраткерін ардақтауға үлес қосқан бір топ адамға мерейтойлық төсбелгілер тапсырды. Айбынды ақынның ескерткішін орнатуға атсалысқан кәсіпкерлердің еңбегі де атаусыз қалған жоқ.
Новоишим ауылына сән беріп, алыстан менмұндалаған ескерткіштің ашылу салтанатына қатысқан тұрғындар бұл игі шараның өршіл рухты ақынды ұлықтаудың көркем көрінісі екенін айтты. Сондықтан ұлтының қамын ойлап, ұрпақтың ертеңі үшін күрескен жерлесіміздің рухына тағзым еткен аудан жұртшылығы үшін бұл шараның мәні терең, маңызы зор. Мағжан Жұмабаевтың немере інісі Тасболат Бекенов сөз алып, аяулы ұлын ардақтаған жұртшылыққа алғыс білдірді. Шара соңында қатысушылар Мағжан Жұмабаевтың мүсініне гүл шоқтарын қойды.
Сағыныш ОРАЗБЕКОВА.