«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МАҒЖАНҒА МҰҢ ШАҒУ

Қисынын таппай ел құрғағанда,

Қайғы-мұң торлап жүздерін.

Қиюы кеткен сол бір заманда,

Сен ғана үміт үзбедің.

Үзбедің үміт ертеңгі күннен,

Қажыдың, бірақ тозбадың.

Құнарлы, нәрлі көркем жырыңмен,

Жүректің қылын қозғадың.

Тілегі жерге тасталмас елдің,

Айтылар әр кез ұран боп.

Жолбарыс жонды жастарға сендің,

Қайратын қайрап шығар деп.

Құдіретті, күшті Аллаға сендің,

Жастарды қорғап тұрар деп.

Болашақ дейтін арнаға сендің,

Бізге де мойын бұрар деп.

Өмірің құлап, көңілің жылап,

Басса да ауыр еңсе мұң.

Сені алдамады сенімің бірақ,

Сені алдаған жоқ сол сенім.

Мұз үстіндегі алау боп жанды,

Сен сенген бір кез сол жастар.

Өр рухымызға жалау боп мәңгі,

Батырлар шықты қол бастар.

Сөз бастар топта шешен де шықты,

Көсем де шықты қол бастар.

Ақ жарма бұлттай нөсерлетіпті,

Сен сенген өткір алмастар.

Бұл істен әр кез сабақ алармын,

Қайрау сөз жанға ем дейді.

Ал қазір бірақ көп ағаларың,

Жастарға неге сенбейді?

Қазақтың осы бейбіт заманда,

Болашағы жоқ дейтіндер.

Тәу ететұғын кей күшті адамға,

Өз боғын өзі жейтіндер.

Қайыспай зәрлі сол бір заманда,

Үміт қосып ең үмітке.

Ал бүгінгілер кең бұл заманда

Күдік қосып жүр күдікке.

Кей ағалардың сол қылығына,

Сорлылығына налимын.

Біздердікі деп ендігі мұра,

Жігерімді өзім жанимын.

Жігерімді өзім жанимын күнде,

Сеніммен алға аттанам.

Сен жазған жырды сәби күнімде,

Өшпестей қылып жаттағам.

Біржан БАЙТУОВ,

көтермелеу жүлдесінің иегері.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp