«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МАҒЖАН АУДАНЫНДА МІН БОЛМАУҒА ТИІСТІ

Сейсенбі күні облыс әкімі Ерік Сұлтанов жұмыс сапарымен Мағжан Жұмабаев ауданында болды. Онда өңір басшысы аудан орталығында жаңадан ашылған “Алтын күн” жекеменшік балабақшасының жұмысымен танысты. Содан кейін Ерік Хамзаұлы аудан әкімі Қайрат Пішенбаев пен Золотая Нива ауылдық округінің әкімі Қайыргелді Байтақовтың тұрғындар алдындағы есепті кездесулеріне қатысты және азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.

Мемлекет пен жекеменшік арасындағы әріптестік ірі қалаларда ғана емес, сонымен қатар ауылды жерлерде де жолға қойылуда. Оған Мағжан Жұмабаев ауданының орталығы – Булаевода ашылған “Алтын күн” балабақшасы дәлел. Жеке кәсіпкер Эльмира Уәлиева тәрбие ошағын осыдан бірер апта бұрын іске қосқан. Қазір 50 орынға шақталған балабақшада 2 топ жұмыс істеуде. Балалар саны толық.  

Бұл нысан кезінде үй болған. Оны кәсіпкер өткен жылы сатып алып, іші-сыртын күрделі жөндеуден өткізіп, балабақшаға айналдырыпты.

– Өзімнің салған қаржым 7 миллион теңге болды. Ол жетпегендіктен, “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы аясында “Даму” кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы тағы 12 миллион теңге ақша алып, балабақшаны пайдалануға беру мүмкіндігіне ие болдым, – деді Эльмира Уәлиева облыс әкімімен әңгіме барысында.

Ерік Хамзаұлы балабақша жұмысымен танысып, тәрбиешілермен, ата-аналармен тілдесті.

– Бүгінгі күні аудандарыңызда сәбилерді мектеп жасына дейінгі тәрбие орындарымен қамту мәселесі 99,5 пайызға шешіліп отыр. Оған сіздің де қосқан қомақты үлесіңіз бар. Жалпы бұл жұмыс елді мекендерде жолға қойылып отыр. Ал облыс орталығында әлі де кезек күткендер көп. Бұл мәселені шешуде кәсіпкерлер де қол қусырып отырған жоқ. Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдауды мейлінше пайдалану керек, – деді Ерік Сұлтанов.

Жаңа балабақшаның ашылуы 20 жұмыс орнын құруға мүмкіндік берген. Өңір басшысы балабақшаға плазмалы теледидар сыйлады.

Облыс әкімінің ауданға жасаған жұмыс сапары бұдан соң Золотая Нива ауылдық округінде жалғасты. Мұнда Ерік Хамзаұлы елді мекендегі мектеп жанындағы жаңа хоккей қорабының ашылуына қатысып, саламатты өмір салтын ұстанған жастарға спорт киімдерін сыйға тартты. Хоккейшілермен әңгімелесіп, дүбірлі додаларда округ, аудан ғана емес, облыс намысын қорғайтын командаға айналуы керектігін тілге тиек етті. Артынша Ерік Хамзаұлы ауылдық округ әкімі Қайыргелді Байтақовтың тұрғындар алдындағы есепті кездесуіне қатысты. Ол бұл қызметке өткен жылдың қарашасында тағайындалған.

– Ауыл мектебіндегі оқушылар саны – 46. Сондай-ақ, 25 орынға шақталған балабақша жұмыс істеп тұр. Тұрғындарға қызмет көрсететін медициналық қосын мен пошта, жекеменшік дәріхана бар. Ауызсудан тапшылық жоқ. Тұрғындарды көшелерді жарықтандыру, елді мекенді абаттандыру, ауыл ішіндегі жолдарды жөндеу мәселесі толғандырады. Бұлардың бәрін осы жылдың жұмыс жоспарына енгіздік. Ол алдағы уақытта шешімін табатын болады, – деді баяндамашы.

Бұдан соң есепті кездесуге жиналғандарды ауданның өткен жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінен аудан басшысы Қайрат Пішенбаев құлағдар етті.

– Былтырғы жылы аудан бойынша ауыл шаруашылығы саласының жалпы өнім көлемі 26,8 миллиард теңгені құрады. Бастырылған астық – 656,5 мың тонна. Мал шаруашылығына тоқталсақ, 2013 жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда ет, сүт, жұмыртқа едәуір артық өндірілді. Өнеркәсіп саласында шығарылған өнім көлемі 3,3 миллиард теңгені құрады. Білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет пен спорт, құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы салаларында да қыруар жұмыс атқарылды. Былтырғы жылғы есепті кездесулерде тұрғындар тарапынан 95 ескерту мен ұсыныс түскен болатын. Олардың 93-і шешімін тапса, 2-еуі осы жылға қалдырылды, – деді аудан әкімі.

Жиында тұрғындар жазбаша және ауызша сауалдар жолдады. Шаруа қожалықтарының бірінің еңбеккерлері жалақыларының уақтылы берілмейтіндігін жазбаша жеткізсе, енді бірі қожалық меншігіндегі мал қараусыз жайылатындықтан, ауыл іргесіндегі зираттың ішіне дейін кіріп кететініне шағымданды. Сол сияқты пайды уақтылы ала алмау, жердің құжаттарын рәсімдеуде кездесетін қиындықтар да көтерілді. Жиынды қорытындылаған Ерік Хамзаұлы өңіріміздің өткен жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуын тілге тиек етті.

– Өңірдің жалпы ішкі өнімі былтыр 3 пайызға артып, 800 миллиард теңгеден асты. Өнеркәсіп өндірісінің көлемі 3,5 пайызды құрады. Теңгеге шаққанда ол сома 160 миллиард. Ондағы сіздердің аудандарыңыздың үлесі – 2 пайыз. Бөлшек тауар айналымы 6 пайызға төмендеген. Сіздердегі шағын және орта кәсіпкерліктің 65 пайызы ғана жұмыс істеп тұр. Өзіндік кіріс көрсеткіші тек 92,2 пайызға орындалған. Аудан әкіміне бұл бағыттағы жұмыстарды жандандыруды міндеттеймін. Мал шаруашылығын дамыту жұмыстарында 4 пайызға өсім бар. Жол мәселесіне келсек, осы жылы Булаево – Возвышенка – Молодогвардейское бағытындағы жолдың 25 шақырымына жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады, – деді Ерік Сұлтанов.

Ал аталмыш округ әкіміне жол жөндеу, ауызсумен қамтамасыз ету, ауылдағы жұмыссыздық мәселесін шешіп, еңбекақының уақтылы төленуін бақылауда ұстау қажеттігін тапсырды.

Бұдан соң өңір басшысы есепті кездесуге қатысқан тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады.

Самат ЕСМАҒИ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суреттерді түсірген

  Виталий ВЛАСЕНКО.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp