22-23 қазанда Астанадағы “Хан Шатыр” сауда-ойын сауық орталығы маңында Солтүстік Қазақстан облысының “Өңір берекесі” атты ауыл шаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі өтеді.
Елорда тұрғындары мен қонақтарына өңірдің 100-ден астам ауыл шаруашылығы құрылымдары мен қайта өңдеу кәсіпорындарының өнімдері ұсынылады. Астанада 741 тонна ауыл шаруашылығы өнімін сату жоспарланған, соның ішінде ет және сүт өнімдері, балық, жеміс және көкөністер, шұжық өнімдері, бал бар. Жәрмеңкеге 100-ден аса өнім түрлері қойылмақ.
Жәрмеңке аясында елорда тұрғындары мен қонақтарына мазмұнды мәдени бағдарлама дайындалған. 18 қазанда сағат 18:30-да М. Горький атындағы мемлекеттік академиялық орыс драма театрында Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театры “Мағжанның соты” қойылымы сахналайды.
21 қазан күні сағат 18:30-да Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ сазды-драма театрында астаналықтар С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының “Елім-ай” тарихи дастанының желісімен қойылған “Дауылпаз баба – Қожаберген” спектаклін тамашалайды. Кішкентай көрермендер үшін “Жастар” сарайында 19, 20, 21 қазан күндері сағат 10:00, 12:00, 14:00-де облыстық қуыршақ театры “Әуеле, домбыра!” спектаклін қояды. Балалар үйінің тәрбиеленушілері үшін 21 қазан сағат 10:00-де “Менің досым – бағдаршам” атты қайырымдылық қойылымы көрсетіледі.
20 қазан сағат 11:00-де Астана қаласының мемлекеттік мұрағатында Солтүстік Қазақстан облыстық мұрағатының ұйымдастыруымен “Солтүстіктің байлығы: бірегей мұрағат құжаттарындағы тарих” көрмесі ұйымдастырылады. Іс-шара аясында қала тарихы, облыс ортылығының атақты тұлғалары туралы “Петропавл қаласы” атты деректі фильм көрсетіледі.
22 қазан сағат 11:00-ден бастап Бейбітшілік және келісім сарайында Солтүстік Қазақстан облысының мұражай бірлестігінің ұйымдастыруымен “Туған жердің тартылысы” көрмесі, сондай-ақ, жергілікті суретшілердің “Өңір маржаны” көрме экспозициясы ұйымдастырылады. Осы жерде ағашты оюлау, қайың қабығынан және киізден түрлі бұйымдар жасау сияқты қолданбалы өнер түрлерінен шеберлік дәрістері өтеді.
22 қазан сағат 11:00-де Ұлттық кітапхананың көрме залында С.Мұқанов атындағы облыстық кітапхананың “Солтүстік Есіл өңірі – өрісі биік өлке” тақырыбында безендірілген кітаптар көрмесі өтеді. 22 қазан сағат 17:00-де Бейбітшілік және келісім сарайында Солтүстік Қазақстан облысының үздік шығармашылық ұжымдарының “Мағжан елінен–Елорда төріне” атты гала-концерті өтеді.