“Мағжан” әдеби-көркем қоғамдық-саяси журналының жаңа төртінші саны осы таяуда ғана сексен жасқа толған жерлесіміз, 1941 жылы жеті жасында Саратов облысының Энгельс қаласынан бүгінгі Шал ақын ауданындағы Ленин ауылына (қазіргі Ысқақ Ыбыраев ауылы) жер аударылып келген, көрнекті қаламгер, аудармашы, көсемсөзші Герольд Бельгердің қазақ жазушысы Тынымбай Нұрмағамбетов аударған “Елу үшінші жылдың шілдесі” деген әңгімесімен ашылған. Әңгіме желісі – Г. Бельгердің өзінің басынан кешкен оқиғалары, солардың ішінде НКВД-ның қатаң тергеуі, Қызылжардағы қарапайым қазақ шалы мен бәйбішесінің неміс бозбаласына көрсеткен риясыз бауырмалдығы, мейірбандығы тартымды суреттеледі.
“Халық тарих толқынында” айдарымен жазушы Қойшығара Салғараұлының “Мыңғұл мен моңғол және үш Шыңғыс” тарихи зерттеуінің соңы ұсынылған.
Журнал оқырмандары тағы бір жерлесіміз, өмірден ерте озған қаламгер Ермек Қонарбаевтың (1938-1984) “Соғыс жылғы ән” деген тартымды әңгімесімен таныса алады.
Басылымда Қазақ елінің әр өңіріндегі белгілі қаламгерлердің, ақындардың шығармаларын кездестіреміз. Атап айтқанда, жазушы Қуаныш Жиенбайдың “Ұзақ соғылған қоңырау” әңгімесін, ақын Нағашыбай Мұқатовтың “Ой орманын оңаша араладым” өлеңдер шоғырын оқуға болады.
Ал кезінде “Солтүстік Қазақстан” газетінде қызмет атқарған сықақшы Жоламан Шахановтың әзіл-оспақ әңгімелерінің топтамасы езу тартқызады.
Республикалық “Айқын” газетінің тілшісі Ғалым Сүлейменнің “Сайыпқыран Саян” атты шағын мақаласының кейіпкері – көгалдағы хоккейден КСРО-ның тоғыз дүркін жеңімпазы, Кеңес елі құрамасының капитаны болған, Қазақстанның Халық жазушысы Сафуан Шаймерденовтың ұлы Саян. Бұл естелік оның спорттың осы түрін Қазақстанда дамытуға қосқан үлесі жайлы деректі хикая болып табылады.
“Шетел әдебиеті” атты тұрақты айдары бар “Мағжанның” осы нөмірінде жапон әдебиетінің көрнекті жазушысы Харуки Муракамидің қазақтың белгілі қаламгері Думан Рамазан аударған бірқатар шағын хикаяттары орын алған.
Зейнолла ӘКІМЖАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.