Қазақстан Республикасы Президент Әкімшілігінің және Мағжан Жұмабаев аудандық мәслихаты депутаттарының келісімімен Солтүстiк Қазақстан облысы әкiмiнiң өкiмiмен Қайрат Қайроллаұлы Омаров Мағжан Жұмабаев ауданының әкімі болып тағайындалды.
Қайрат Қайроллаұлы 1979 жылғы 15 наурызда бұрынғы Көкшетау облысының Володар ауданындағы Прекрасный ауылында туған. Қарағандыдағы “Фемида” заң академиясының Көкшетау филиалын, Көкшетау экономика және менеджмент институтын экономика бакалавры, заңгер мамандықтары бойынша тамамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Айыртау ауданының Прекрасный орталау мектебiнде мұғалiм болып бастады.
2004-2007 жылдар аралығында Ғабит Мүсiрепов атындағы аудан-ның әдiлет басқармасында жетекшi маман, кейін бас маман болып жұмыс iстедi. 2007-2008 жылдары Айыртау ауданы әдiлет басқармасының бас маманы қызметін атқарды. Бұдан кейінгі жылдары “Халыққа қызмет көрсету орталығы” РМК-ның Ғабит Мүсiрепов атындағы аудан бойынша бөлiмiнiң жетекшісі болды.
2012 жылдан бастап Ғабит Мүсiрепов атындағы аудан әкiмiнiң экономика және ауыл шаруашылығы жөнiндегi орынбасары қызметiн атқарды. 2015 жылдан осы күнге дейін Солтүстiк Қазақстан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы болды.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.