Мағжан Жұмабаев өзінің санқырлы дарынын өлең жазумен ғана емес, аса білімдар әдебиет зерттеушісі ретінде де танытқаны белгілі. Оның “Ақан сері”, “Әбубәкір ақсақал Диваев”, “Базар жырау” сияқты әдебиетіміздің ХІХ ғасырда өмір сүрген ұлы тұлғалары туралы аталған зерттеулері зор танымдық маңызымен санамызда жатталып қалады.
Біз бүгін Мағжанның “Жыраулардың жүйрігі” деп дәріптелген Балқы Базар Оңдасұлы туралы зерттеуін оқырмандар назарына ұсынып отырмыз.
Балқы Базар 1842 жылы қазіргі Қызылорда облысының Қармақшы ауданында дүниеге келіп, 1911 жылы Өзбекстанның Тамды ауданындағы Жалпақтау деген қонысында жерленген.
Оған он алты жасында Тәспен деген от ауызды, орақ тілді би батасын беріп, шапан жауып, жүйрік мінгізген.
Жырау көптеген дастандар шығарып, жырлаған. Солардың ең елеулілері – “Әр кемелге – бір зауал”, “Кенесары – Наурызбай”, “Керқұлан”, “Кермиық” дастандарын қазіргі термешілер орындап жүр.
Өткен дәуірдегі теңіздей тұңғиық әдебиетіміздің бізге бұл күнде адасқан ұшқындары, тентіреген тамшылары ғана жетіп отыр. Көбі, көбі болғанда ең сұлулары ұмытылған, желдей ескен жыраулармен бірге топыраққа айналған. Баяғыда отыз күн, отыз түн айтылатын Қобыландылардың ауызда адасып, азғантайы ғана қалған. Талай түндерге созылған ертегілердің басы қайырылып, аяғына жетіп, шоп-шолақ болып қалған. Талай жүйріктердің тұңғиық таза толғаулары – араб, парсы, сарт-сауанның сөздері араласып, балдыр-батпаққа айналған…
Бірақ талайлар ұмытылып қалды деп қанша өкінгенмен, әлде болса да, ауызда аман қалған әдебиетіміз талай елдердің ауыз әдебиетінен бай. Әлде болса да, ауыз әдебиетіміз бір елдің жазба әдебиетіне негіз болуға жарарлық. Өзінің ауыз әдебиетін негіз қылмай ешбір елдің жазба әдебиеті өркендемек емес. Біздің де жазба әдебиетіміз ауыз әдебиетін негіз қылуға міндетті. Алдымен сабақты шеттен емес, өзінен алуға міндетті. Жазба әдебиетіміз негізді, берік өз еліміздің әдебиеті болам десе, өзіміздің ауыз әдебиетімізге қайтуға міндетті. Мағына аз десе де, түр аз десе де.
Осы күні біздің оқушыларымыз қазақ әдебиеті десе, Абайдан бергі әдебиетті ғана ойлайды, қазақ ақындары десе, Абайдан бергі ақындарды ғана көреді. Әдебиетті білсе де, ақындарды білмейді. Білсе де, білгісі келмейді. Ауызға алынбайтын олардың жазығы не? Жазалары – шығарған нәрселерін Қазандағы Каримовтерге, Орынбордағы Хұсайыновтарға, яки осы күнгі Гос-издаттарға бастырмағандықтары ма? Бұл ауыр жаза емес қой. Шынында, сол өткен ақындардың көбінен жаңа ақындар әлі озып кете алды ма? Өзгені қоя тұрайық, жұрт келемеж қылатын Шайхысламұлы Жүсіпбектің “Қыз Жібегіндей” кім не нәрсе жазды? Ол ойланатын әңгіме.
Сол “бейкүнә” ұмытылып бара жатқан ақындардың біреуі – менің бір-екі сөзбен таныстырайын деп отырғаным – Базар жырау. Базардың дәл қанша терең ақын екендігі туралы мен бұл жерде толық пікір айта алмаймын. Қолымда Базардың 4-5-ақ өлеңі бар. Мұндай өлеңмен ақынды өлшеуге болмайды ғой. Бірақ осы төрт-бес өлеңінде-ақ Базардың сөзге жүйрік, ойлы ақын екендігі сезілетін сықылды.
Базар Қазалы үйезіне қарайтын Кіші жүз Шөмекей-Балқы руынан болса керек. Жуырда, 10-15 жылдың ішінде, өлгенге ұқсайды (Базардың өмірі туралы еш нәрсе біле алмадым). Қазалылық Жомарт молда Базар жырауды жоқтаған бір өлеңінде былай суреттейді:
Кеңесі кеңінен келген кертағы еді,
Үш жүзге орман-дария ортақ еді.
Иіріліп, толықсып аққан дариядай
Шалқыған шартарапқа орқап еді.
Бұл Базардың ақындығының кеңдігін, тереңдігін, сөзге жүйріктігін айтқаны ғой. Шынында, Базарың көр-жерді өлең қылып, көрінгенді мақтайтын құр малтапқыш болмас. Асса, елдің қамын ойлаған, қалса, өзінің ойына терең бойлаған «кеңесі кеңінен келетін» ақын екендігі өлеңдерінен байқалады.
Базар жырау сол Шөмекейдің ағасы өлген біреуіне мынадай деп көңіл айтады:
Бұл заманда би бар ма,
Темір тұяқ Мұрындай?
Белі жуан құр андай,
Ақылыңа болайын
Тасты жарып, қайнаған
Бағардағы бұлақтай.
Олардың айтқан сөзіне
Халқы салар құлақты-ай,
Жапырылып Құрандай.
Бешенемде өткен дүниеден
Атамның салған жолы деп,
Анамның пішкен тоны деп,
Бейшараны жылатпай,
Жылатқанды ұнатпай.
Анадан туған сен едің
Тай-жолбарыс сияқты-ай.
Тиген жерін тілетін
Айбалтаның баурына
Болаттан салған қияқтай…
Жоқтамайтын ер бар ма,
Атасы бірге бауырды?
Шын аруана қаса нар
Қабырғадан саз кешсе,
Қайғырмай тартар ауырды.
Қабағын қағып білдірмес
Арқадағы жауырды.
Алдында аға барғанда
Атандай бұтыңды алшайтып,
Жарасты керсең ауыңды.
Байтаққа керек сен едің
Тілейміз хақтан сауыңды.
Бұл өлеңде Базардың қазақы сөзге шеберлігі көрініп тұр. Сонымен бірге бір ескеретін нәрсе мынау. Оқушылар бұрынғы ақындардың бәріне, қанша ақындығы күшті болғанымен, мақтауға тұрса-тұрмаса да байды, мықтыны мақтамайтыны жоқ деп қарайды. Бұл пікірде бірталай қате бар. Тегінде, ақын біткеннің бәрі мықтыны, бай біткеннің бәрін мақтай берген емес. Шын ақындар өздерінше мақтауға тұрарлығын ғана мақтаған. Мысалы, Базар жырау “Темір тұяқ Мұрынды” мақтаса, халқы “Құрандай жапырылып” сөзіне құлақ салғаны үшін, яғни жалпақ елдің ақылгөйі болғаны үшін мақтап отыр. “Жекеңді” бейшараны жылатпағаны, жылатқанды ұнатпағаны үшін мақтап отыр. Мынау көңіл айтқан мырзаның өзіне, байтаққа керек болған соң ғана саулығыңды тілейміз деп отыр. Қысқасы, қазақтың шын ақыны ешбір уақытта мықтыны мақтаған емес. “Байтаққа пана болған” мықтыны мақтаған. Ылғи қарадан шыққан қазақтың ақыны еш уақытта қарасын ұмытқан емес. Өткеннің бәрін өртеп жібереміз дей бермей, мұны біз де ұмытпауымыз керек.
Жоғарыда біз Базар жырауды “асса, елінің қамын ойлаған, қалса, өзінің ойына терең бойлаған ақын”, – дедік. Бұл сөзді төмендегі өлеңдермен шешуге болады. Базар жырау патша Арыс Түркістанды жаңа алған кезде өмір сүрген адамға ұқсайды. Ол кез – Жайдан сықылды қырғыздың соғылғандары, Байзақ, Құдайберген сықылды қазақтың құдай ұрғандарының шенді-шекпенге қарық болып, жалпақ елдің “аузы түкті гәуір, жеті басты ауыр” деп қан жылап жүрген кезі ғой. Сол кезде кешегі көкжал Кененің ер ұлы Сыздық “елім” деп жортып жүріп, Шөмекей ішіне барса керек. Сонда Сыздық бастаса гәуірден құтыламыз деп жалпақ елмен бірге Базар жырау да қуанғанға ұқсайды. Базардың ә дегеннен Сыздыққа айтқаны:
Кенеден туған Сыздық жүр
Көрмеймін деп гәуірді.
Қорлығына көнбен деп,
Көңілі осылай бөлінді.
Сыбанып батыр білекті,
Қайтпаған қайсар жүректі,
Тәңірі оңғарса тілекті,
Кенеден туған ер Сыздық
Келтірер өзі ретті.
Дариға, бірақ Құдайбергендерін құдай атқан азған елге жалғыз Сыздық не қыла алсын?! Жалғыз өзі – “ретті” қалай келтіре алсын? Аласұрған Сыздық ойдан-қырға жортумен өмірі озады. Жалпақ елдің де иманы бәсеңдей береді. Сонда көкірегін ыза кернеген Базар жыраудың жырлағаны:
Қызыл тілін безеген,
Дұшпанға оғын кезеген.
Сауытын киіп салынып,
Қызыл қанға малынып,
Наз бедеуін жебеген.
Бес қаруын белсеніп,
Көмілген жолды көзеген.
Дариядай толқып кернеген,
Пенде еркіне көнбеген,
Дұшпанның жолын зерлеген,
Көзі бір қанды ер Сыздық
Қайданы тола ашумен,
Қияда жүрді-ау қажумен…
Бізде жүрді аз ғана
Жолбарыстай ыңыранып,
Қанаға сыймай тасумен.
О, дариға, дүние-ай,
Өкси-өкси күн өтті-ау,
Аласұрған жүректі
Екі қолдап басумен…
… Оның жалынды жастығы болған. Оның да іздеген бағыты болған. Жете алмаған, қажыған. Жеңдім деген, алданған… Осыларды жырлайды Базар. Бірақ шерлі елдің шын баласы ғой Базар. Өз шерін толғап отырып, елдің шеріне түсіп кетеді:
Дүниені қудым ізденіп,
Ұстамаққа кездесіп.
Дүние қырын салмады,
Ешбір маған әмір ғып.
Бұл жалғанға келген соң
Әртарапқа толқытты
Көңіл мұндар желденіп.
Дүние қызық көрінді
Алтайыдан алдымда,
Соқпаққа көрдім серменіп.
Құлпырған қара құндыз деп,
Тұңғиықты тереңге
Талай құлаш сермедік.
Жолбарыстай ыңыранып,
Қайрат сыймай қанаға
Нар бурадай көлбедік…
Опасы жоқ дүние
Түспей қолға қуғанмен
Неше бір алуан түрленіп.
Өткіздік өмір ғахлетпен;
Атаңа нәлет дүниенің
Алдағанын шын көріп.
Хақ шариғат ойламай,
Дүниенің кірімен
Қалды бір көңіл кірленіп…
Талма тал түс болғанда
Талықсығанға ұқсаймыз;
Дүние – киік, адам – ит,
Қуа-қуа ізденіп,
Ерлерге азап шектірді.
Атаның мекен, қонысын
Кәуір алып жерленіп,
Азаттыққа қару жоқ…
Қарусыз жауға бару жоқ…
Осы күнде біз тұрмыз
Саңлау таппай көздейтін…
Бұрынғы өткен ерлердің
Еске түссе істері
Іш толады шерленіп…
Көкіректің қабы жарылып,
Ретімен шығарға
Сөз сыймайды керленіп…
Өлім босағасында тұрып Базар жыраудың айтқан ұзақ өлеңінің ішінде мынадай сөздер бар:
Дүние, бір толқыттың, бір қорқыттың,
Айрылып аждаһадай ақыр жұттың.
Болғанда бізге жолдас сертің қайда?
Достықты құшақтасқан неге
ұмыттың?
Құлаштап, дүние сені, қармансақ та
Кері келгенге ұқсайды Қорқыттың…
Осы аз ғана өлеңдерден Базардың бірталай терең ақын екендігі байқалуға тиісті. Бірақ Базар туралы толық бір пікірге келу үшін оның барлық өлеңдерімен таныс болу керек. Бұл менің қолымда жоқ. Менің мақсатым – сұлу сөздері бар Базар атын білдіру еді. Түркістандағы, әсіресе, Қазалыдағы хат білетін азаматтардың Базардың сөзін жинаулары тиіс. Әсіресе, Базарды “кеңесі кеңінен келген кертағы” деп әдемі жоқтай білген Жомарт молданың тірі болса, жазып беруі игі болар еді.
“Ақжол” газеті.
1923 жыл, №374.