Газетіміздің үстіміздегі жылғы 23 қазандағы санында араларында Мағжан Жұмабаев бар бір топ азаматтың фотосуретін жариялаған болатынбыз. Ақмола облыстық “Акмолинская правда” газетінің фототілшісі Төлеген Қощығұлов өзінің бұл суретті Еңбекшілдер ауданы “Казгородок” мекенінде тұратын Зура Темірханованың жеке мұрағатынан алғанын, онда бейнеленген азаматтарды танитын адамдар табылып қалар деген үмітпен редакцияға жолдап отырғанын жазған еді. Кешікпей бұл суретке басқа басылымдар да назар аудара бастады, “Жас қазақ” газетінде, “Абай kz” порталында жарияланды.
Алғашқылардың бірі болып хабарласқан Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің проректоры Дихан Қамзабекұлы суретті көре сала, бір тұлғаның бейнесі көзіне оттай басылғанын, ақын Мағжанның сол жағында отырған азамат – болашақ аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Алаш үшін кеудесін оққа төсеуге барған Смағұл Садуақасұлы (1900-1933) екенін жазыпты. “Біздіңше, бұл фотосурет 1919 жылы Омбының бір оқу орнының жанында түсірілген. Бұл аумақтың ел басқару жүйесінде қазақ және татар секторы (мысалы, білім бөлімінің қазақтатар секциясы) болғаны мәлім. Мына оқығандар – Омбы шәкірттері, білім қызметкерлері. Бәлкім, мұғалімдер курсының тыңдаушылары болуы да мүмкін”, – деп жазыпты есімі елімізге жақсы танымал ғалым.
Осы суретке байланысты редакция поштасына келіп түскен екінші хаттың авторы – өзіміздің жерлесіміз, қазір Алматыда тұратын тарих ғылымдарының кандидаты, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дің доценті Гүлнәр Мұқанова Мағжан Жұмабаевтың сол жағында отырған адам белгілі Алаш қайраткері Жұмағали Тілеулин дейді. “Жұмағали ағамыздың зайыбымен кейінірек түскен суретімен салыстырсақ, көптеген ұқсастықтар табамыз. Сірә, бұл сурет Ж.Тілеулин Омбыдағы медицина училищесінде оқып жүрген кезде түсірілген болуы мүмкін”, – деп жазыпты Гүлнәр Қайроллақызы.
Суретте Мағжан Жұмабаевтың сол жағында отырған адамның Жұмағали Тілеулин болуы әбден мүмкін. Ж. Тілеулин алғаш рет абақтыға түскенде Мағжанның оған жыр арнап: “Ардақты ер! Ұмытылмас қылған ісің, Күні ертең айбынды Алаш жинап есін, Көксеген көп заманнан тілегіңді Жарыққа шығаруға жұмсар күшін” деп жазғанына қарағанда, олар жақын араласқан, дос болған. Алайда, екі автордың суреттің түсірілу мерзімі жайында айтқандарында алшақтық бар. Диқан Қамзабекұлы “Біздіңше, бұл фотосурет 1919 жылы Омбының бір оқу орнының жанында түсірілген”, – десе, Гүлнәр Қайроллақызының ойы сурет Ж.Тілеулин Омбыдағы медицина училищесінде оқып жүрген кезде түсірілген дегенге саяды.
Меніңше, екі ғалым да суреттің түсірілген уақытын дөп басып айта алмай отыр. Гүлнәр Қайроллақызының айтқанына келсек, Жұмағали Тілеулин Омбыдағы әскери-медициналық училищені 1913 жылы тамамдады. Ол кезде Смағұл Садуақасов небәрі он үш жастағы бозбала, Мағжанмен қатар отыратын кезі емес. Ал Диқан Қамзабекұлы болжаған 1919 жылы Жұмағали Тілеулин Омбыда болған жоқ, 1917 жылы Омбы қаласында “Алаш” партиясының (Ақмола облысы бойынша) бөлімшесін құруға белсене қатысып, осы жылы Орынбор қаласында өткен 2-жалпықазақ съезінде Алашорда Ұлттық үкіметіне мүше болып, Бүкілресейлік Құрылтай жиналысы депутаттығына сайланған Ж. Тілеулин 1918 жылы 12 ақпанда қамауға алынғанды. Тұтқыннан босағаннан кейін ол Петропавлға оралып, уездік земство басқармасында қызмет істеді. Осы жайларды саралай келіп, сурет 1917 жылы түсірілген деп ой түюге болады. Өйткені, нақ осы жылы ол Омбыда болған.
Енді Жұмағали Тілеулин туралы бір-екі ауыз сөз. Жұмағали Тілеулин 1890 жылы Көкше өңіріндегі қазіргі Айыртау ауданының Шұқыркөл деген жерінде дүниеге келген. Алаш қозғалысы қайраткерлерінің бірі. “Жұмағалидың өз жұртын озық елдер қатарынан көруді көксеген ұлтжандылығы, елінің азат ертеңін ойлап, қашанда халқының қамын жеген едіге азаматтығы оны қазақ қырында ұлтазаттық қозғалысының туын көтерген “Алаш” партиясына алып келді. Кейін ол оның белсенді мүшесі болып қана қоймай, серкелерінің де біріне айналды”, – деп жазған еді белгілі қаламгер Сарбас Ақтаев (“Ана тілі”, 31 мамыр 2012 ж.).
Жоғарыда айтқанымыздай, 1913 жылы Омбы әскери-медицина училищесін бітірген Ж. Тілеулин 1913-17 жылдары Петропавл уезіндегі ауруханада фельдшер болды, 1919-21 жылдары Көкшетау уезіндегі денсаулық сақтау бөлімінде жұмыс істеді. 1922 жылы Петропавлдағы қазақ мектептерінде мұғалімдер дайындайтын үшжылдық курсты басқарып, 1923-27 жылдары директоры болды. Ол А. Байтұрсыновтың тапсыруымен “Гигиена” (Орынбор, 1924), “Жұқпалы аурулар” (Мәскеу, 1926), “Қотыр” және “Жұқпалы науқастар, оларға қарсы қолданылатын шаралар” (екеуі де Мәскеуден, 1926), “Денсаулық” (Орынбор, 1926) атты кітаптар жазды. Сондай-ақ, атап айтқанда, “Көз ауруы – трахома”, “Мерез” (екеуі де Мәскеуден, 1924), “Қолдағы хайуандардан адамға жұғатын аурулар” (Мәскеу, 1927) сияқты медицина тақырыбына арналған кітаптарды аударды.
Алашорда серкелерінің қатарында он сегізінші жылы Ж. Тілеулин де тұтқындалып, үш жыл түрмеге отырып шықты. Оның басына үйірілген қауіп бұлты осыдан кейін де сейіле қойған жоқ, жиырмасыншы жылдардың аяқ шеніндегі қуғын-сүргіннің екінші толқынына тап болып, тағы да қамауға алынып, екі жыл тұтқында отырған соң Ресейдің Орталық қаратопырақты аймағына жер аударылады. Онда Белозер аудандық ауруханасында дәрігер болады. Айдауда жүріп те ол қаламын қолдан түсірмей, жергілікті газеттерге дәрігерлік кеңес жазады, медицинаның күрделі мәселелерін зерделеп, зерттеумен айналысады.
Билік айдау мерзімі аяқталған Ж.Тілеулинді Қазақстанға жолатпай, Қырғызстанға жібереді. Ол 1932 жылы Қырғызстандағы Фрунзе (қазіргі Бішкек) қаласында ауруханаға дәрігер болып жұмысқа орналасады. 1938 жылы Қырғызстанның Новотроицк ауылында аурухана меңгерушісі болып қызмет атқарып жүргенде қайта тұтқындалып, ОГПУ “үштігінің” шешімімен ату жазасына кесілді. Үкім 1938 жылдың ақпанында жүзеге асырылды. Сөйтіп, Алаш ардагерінің ұлтым, жұртым деп соққан от жүрегі басқа елдің аспаны астында тоқтап, басқа жерден топырақ бұйырды.
Жұмағали Тілеулин 1958 жылы Түркістан әскери округі әскери трибуналының шешімімен ақталды.
Жарасбай СҮЛЕЙМЕНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.