Мағжан Жұмабаевтың өмірі мен шығармашылығы жайында деректі фильм де түсірілді, театрда спектакль де сахналанды.
Өткен жылы С.Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрында Дулат Исабековтің “Өйтпесе, Мағжан бола ма?” спектаклі қойылды. Кинорежиссер Марат Қоңыров түсірген “Мағжан” деректі фильмі Түркияда көрсетілді. Енді, міне, ақиық ақын мен оның жары, сенімді серігі, әдеби мұрасының шырақшысына айналған Зылиха Құрманбайқызы туралы спектакль Алматы қаласындағы Мемлекеттік корей музыкалық комедия театрында корей тілінде сахналанып, жуырда Оңтүстік Кореяда өткен 32-ші Халықаралық театр фестивалінде шетелдіктердің назарына ұсынылды.
Спектакль “Әйел махаббаты” деп аталады. Оның авторы – жазушы, драматург Жұмагүл Солтиева. Ал қоюшы-режиссері Мемлекеттік корей музыкалық комедия театрының режиссерлері әрі актрисалары Елена Ким мен Анна Цой. Мағжанның бейнесін Алишер Махпиров сомдады. Дыбыс режиссері – Георгий Юн.
Аталмыш театр 1932 жылы Ресейдің Қиыр Шығысында құрылып, 1937 жылы Қызылорда қаласына көшірілген. Қазіргі таңда театр Алматы қаласында орналасқан. Осы жылдар ішінде театрда 250-ден астам түрлі жанрдағы спектакльдер мен концерттік бағдарламалар қойылды.
Пьесаның авторы Жұмагүл Солтиевамен телефон арқылы сұхбаттасудың сәті түсті. Көптеген драматургиялық шығармалардың авторы Жұмагүл Қуанышбекқызы:
– Бұл пьеса арқылы қазақ әйелінің еріне, отбасына деген беріктігін көрсеткім келді. Қазақ әйелдерінің бойындағы мұндай бекзат қасиетті жазықсыздан-жазықсыз түрмеге қамалған жарының жоқтаушысы, жанашыры бола білген Зылиха апайдың қиындыққа толы өмірінің мысалынан-ақ көруге болады. Жазаға кесілген Мағжанды ит өлген жерге дейін сан мәрте іздеп барып, айдаудың ауыртпалығын сүйгенімен бірге бөліскен Алаш арысының өмірлік серігінің бейнесі арқылы қазақ әйелдеріне ескерткіш орнатуды көздедім, – деген ол Оңтүстік Кореяда өткен Халықаралық фестивальде көрерменнің спектакльді қалай қабылдағандығы жайында айтып берді.
Кореяның 400 мың халқы тұратын Кунсан қаласында өткен аталмыш фестивальді Оңтүстік Кореяның Мәдениет министрлігі мен елдің театр қайраткерлері одағы ұйымдастырды. Бұл фестивальда Қазақстанның атынан өнер көрсеткен Мемлекеттік корей музыкалық комедия театры бекерден-бекер отандық драматургтің шығармасына жүгінбесе керек. Өткен жылы Мұхтар Әуезовтің “Қаракөзін”, 2010 жылы Дулат Исабековтің “Мұрагерін” ұсынған корей театры бұл жолы да қазақ халқының тарихынан, мәдениеті мен тұрмыс-тіршілігінен сыр шертетін қойылымды ұсынбаққа бел байлайды. Театрдың қоюшы-режиссері әрі актрисасы Елена Кимнің айтуынша, корей театры Қазақстан мен Оңтүстік Кореяның мәдени көпірі іспетті.
– “Әйел махаббаты” спектаклін бекер таңдағанымыз жоқ. Бұл қойылымда Мағжан мен Зылиханың ғана емес, бүкіл қазақ халқының тарихы суреттеледі, – деді қойылымда Зылиханың бейнесін сомдаған Елена Ким.
– Қазақ тілінде жазылған пьеса бірде-бір рет мемлекеттік тілде сахналанбаса да, корей тілінде қойылды. Қыз Жібек пен Төлеген, Еңлік пен Кебек махаббатына теңестірілген Мағжан мен Зылиханың басынан кешкен хикаялары негіз болған спектакльді корей халқы көздеріне жас алып тамашалады, – дейді пьесаның авторы Жұмагүл Солтиева.
Корей Республикасының театр қайраткерлері одағының бас хатшысы Чон Дже Хо бастапқыда қазақ спектакльдерін корей көрермені түсіне ала ма деген ойда болыпты. Қойылымнан кейін көрермендердің қазақ халқының тарихы мен мәдениетіне, Мағжан ақынның шығармашылығы мен өмірбаянына деген қызуғышылықтың пайда болғанынан, қойылымның күшін байқаған екен.
Кореяның белді театр режиссері Кан Ти Щик: “Пьесада суреттелген оқиға біздің халқымызға өте жақын. Қазіргі заманның нақышымен қойылған спектакль фестивальда көрсетілген қойылымдардың ішіндегі ең үздігі” деген баға беріпті.
– Корей жұртшылығының пьесаны ыстық ықыласпен қабылдауының тағы бір себебі – спектакльде Мағжанның өлеңдері мен әндерінің қазақ тілінде шырқалғандығында. Спектакльде басты басымдық ақынның шығармашылығы мен Зылиханың жұбайына деген шексіз махаббатына берілді. Пьеса “Әйел махаббаты” деп бекер аталмаса керек. Мемлекеттік тілде жарық көрген пьеса алдымен орыс тіліне, кейін корей тіліне аударылды. Мағжан Жұмабаев өлеңдері орыс тіліне аударылса да, қойылымда сахнагерлер ақынның туындыларын қазақ тілінде орындады. Бірақ көрермендерге өлеңдер корей тіліне аударылып тұрды. Спектакльдің өзегі “Япур ай” әні болды, – дейді театрдың баспасөз хатшысы Евгения Ли.
Спектакль Оңтүстік Корея Республикасының Мәдениет министрлігінің арнайы грамотасымен және театр ұжымы екі елдің мәдениетаралық байланысының дамуына қосқан үлесі үшін медалімен марапатталды.
Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.