
Кеңес өкіметінің жетпіс жылдық билігі, озбыр саясаты тұсында қазақ әдебиетінің тарихынан жазықсыз сызылып тасталған, болмысы бөлек, рухы асқақ ақындардың бірі – Мағжан Жұмабаев. Ұлты үшін теперіш көріп, тарихтан уақытша аты жойылса да, халқының жүрегінен мәңгілікке орын алған ақын – қазақтың маңдайына бітіп, пешенесіне сыймай кеткен марғасқа, өңіріміздің тумасы. Небәрі үш жасында хат танып, одан кейін білім қуып, араб, парсы, татар, орыс тілдерін еркін меңгерген алғыр, зерек тұлғаның таңғы шықтай мөлдір шығармалары оқыған жанды өзіне еріксіз үйіріп, сыршыл сезімнің тұңғиығына батыратын нәзік сезімге, сырлы әуезге толы. Ол туған елді, кіндік қаны тамған қасиетті жерді, ананың сүтімен өне бойға дарыған тілді сүйіспеншілікпен жырлады. Елдік мұратты жырларының арқауы етіп, азаттық таңының арайлап атарына періштедей пейілмен сенді. Кеудесінде бұлқынған асқақ махаббатты “Маған атақ ұлтым үшін өлгенім, Не көрсем де Алаш үшін көргенім” деген өлең жолдарымен жалпақ жұртқа жария етті.
Бүгінде ақынның жырлары әлем халықтарының бірнеше тілдеріне аударылып, поэзиясын пір тұтқан көзі қарақты, жырға әуес оқырмандардың қатары күн сайын көбеюде. “Өлмейтұғын артына сөз қалдырған” дара ақынның туған күні – 25 маусым қарсаңында кіндік кескен қасиетті Қызылжар өлкесі талай игі шараның ұйытқысы болуды дәстүрге айналдырған. Солардың көркем мысалы – “Мағжан көктемі” республикалық өнер фестивалі. Өлеңді музыкаға айналдырған, дыбыстан сурет салған, сөзге жан бітірген Мағжан Жұмабаевтың туған күніне орайластырылып өткізілген “Мағжан көктемі” III республикалық өнер фестивалі еліміздің түкпір-түкпірінен, атап айтқанда, Маңғыстаудан, Батыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстарынан, Қарағандыдан жиналған дарындылардың басын қосты.
Аталмыш өнер фестивалінің Мағжанға арналған жазба ақындар мүшәйрасына, Мағжан өлеңдерін мәнерлеп оқу сайысына, Мағжан өлеңдеріне жазылған әндер конкурсына қатысуға алпыстан астам үміткер ниет білдірсе, ақтық сынға оның он бесі ғана жолдама алды. Еліміздің барлық өңірінен екі жылда бір рет өткізілетін “Мағжан көктемін” асыға күтіп, қатысуға үміт танытатын талапкерлердің санына қарап, аталмыш өнер сайысы игі дәстүр болып қалыптасып келе жатқанына қуанасың. Алдаспан ақынның артына қалдырған мол мұрасын насихаттап, бүгінгі және келер ұрпақтың жадында мәңгі сақтап, жаңғырту мақсатында ұйымдастырылған шара да бұл жолы шынайы өлеңге шөлдеген жұртшылықтың ыстық ықыластарын басты деуге болады.
24 маусым күні еліміздің түкпір-түкпірінен келген жиырмадан аса қатысушылар және қонақтар М. Жұмабаевтың туған жері – Сарытомар ауылында болды. Олар ұлы ақынның мұражайын аралап, туған жеріндегі ескерткішке гүл шоқтарын қойды.
Фестивальдың екінші күні ақынның Петропавлдағы темір жол вокзалы алдындағы ескерткішіне тәу етіп, гүл шоқтарын қоюмен басталды. Осы салтанат үстінде Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының бірінші орынбасары, ақын Ғалым Жайлыбай М. Жұмабаевтың мөп-мөлдір асыл лирикасы, өмірі жайлы сөз сабақтады. Содан кейін С. Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрында ақынның арпалысқа, соқтықпалы соқпаққа толы өмір жолы, тірі кезінде жұлдызы жанбай, тіпті, жоғалып кетуге шақ қалған шығармалары, бірегей туындылары терең қамтылған деректі фильм көпшілікке көрсетілді. Бұдан кейін сахна шымылдығы ашылып, “Марғасқа Мағжан” тақырыбында театрландырылған қойылым назарға ұсынылды. Осылай салтанатты түрде ашылған өнер фестиваліне қатысқан облыс әкімі Ерік Сұлтанов қазақ поэзиясының жарық жұлдызы М. Жұмабаевқа арналған “Мағжан көктемінің” Қазақ хандығының 550 жылдығы мерекесіне арналып отырғандығын, ақын жырларын кеңінен насихаттап, ұрпаққа аманаттау мақсатында өңірімізде түрлі игі істердің атқарылғандығын тілге тиек етті. “Мағжан” әдеби-көркем қоғамдық-саяси журналының жарық көретіндігін, Мағжан Жұмабаев атындағы алаң, көше бар екендігін, мұражай, ескерткіштің бой көтергендігін, сондай-ақ, алдағы уақытта да қыруар жұмыстардың атқарылатынын жеткізді.
Еліміздің әр өңірінің үкілеп жіберген үміткерлері ақынға арналған жүрек жауқазындарын жарыса оқыды. “Жырыңды оқып, жаным талай толқыды, Кірпігімнен маржан үздім сол түні… Басылмады жыр-тамырдың солқылы, Сен не дейсің, ерке Есілдің толқыны?” – деп сауал қоя отыра, жүректерді лириканың ерке лебімен жауап қатуға итермелеген жас ақын, Алматы облыстық тілдерді дамыту басқармасының бөлім басшысы Гүлбақыт Қасенованың, “Үзбедің үміт ертеңгі күннен, Қажыдың, бірақ тозбадың, Құнарлы, нәрлі, көркем жырыңмен, Жүректің қылын қозғадың”, – деген Оңтүстік Қазақстан облысынан келген үміткер Біржан Байтуовтың талпыныстары жиналғандар көңілінен шыққан сияқты. Бұл байқауда өңір намысын жазба ақындар мүшәйрасында Жарқын Жұпархан қорғап, жүлделі үшінші орынға ие болды.
Ақынның өлеңдерін мәнерлеп оқу кезеңінде марғасқаның шоқтығы биік “Батыр баян” поэмасын, “Мешіт пен абақты”, “Сүй, жан сәулем” өлеңдерін нақышына келтіріп оқыған талапкерлердің талабы да сүйсінтті.
Мағжан өлеңдеріне жазылған әндер сайысында көмейлеріне бұлбұл ұя салған қарағандылық Марғұлан Тұяқов, қостанайлық Данияр Сағынтаев, өңіріміздің намысын қорғаған Біржан Есжанов сынды әншілер сахнаның сәніне айналып, ақынның әр тақырыпқа жазылған өлеңдеріне әуен жазып, құлақ құрышын қандырды.
Қонақтарға да, жерлестерге де қызу қолдау танытқан көрермендерге фестиваль соңында жеңімпаздардың есімдерін жариялау үшін сахна төріне көтерілген Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының директоры Жарасбай Сүлейменов осындай шараны ұйымдастыруға қолдау танытып, Алматыдан арнайы келген Ғалым Жайлыбайға алғысын білдірді.
Нәтижесінде жазба ақындардың мүшәйрасында астаналық ақын Серік Тұрғынбекұлы бас бәйгені еншіледі. Мәнерлеп оқу сайысында мүдірмей, көптің көңілінен шыққан павлодарлық Оразбек Бахатқанның жұлдызы жанса, ән бәйгесінде Қостанай облысынан келген Қалибек Дербісалин үздік деп танылды.
Нұргүл ОҚАШЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.