«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МАҒЖАН, СӘБИТ ЖӘНЕ БАСҚАЛАР…

Мен Еңбекшілдер ауданында іссапарда жүргенімде таныстарымның бірінің үйіне тоқтап едім. Шайдан соң үй иесі екеуміз тысқа шығып, асымызды басып, тұрмыс-тірлік жайлы әңгіме-дүкен құрып тұрдық.

Айтатындай негіз де жоқ емес, өйткені елуінші жылдардағы ұрпақтар біраз оқиғаларды бастан өткергенін білеміз ғой. Мен де сол уақыттың ұрпағымын. Кейін қос ғасырдың тоғысын бастан өткердім.

Сол аулада жатағандау бір үй көрші орналасыпты. Мен онда кім тұратынын сұрадым. Сол сұрағымды естіп тұрғандай, үйдің босағасынан бір әйел аттай беріп, бізге қарай жүрді.  

– Айналайын, – деді ол маған, – мен сіздің тілші екеніңізді, газетте қызмет істейтініңізді білемін. Үйге жүріңіз. Мен сізге бір нәрсе көрсетейін.

Біз, үйдің иесі екеуміз, әйелдің соңынан ердік.

Үйі шағын болғанымен, жинақы әрі таза екен. Көзге түсер жиһазы жоқ бірнеше шағын бөлмелі үй.

Төрүйдің қабырғасында әшекейлермен өрнектелген ерекше домбыра, ер адамның күмістелген белбеуі ілінген.

Сәлден соң Зура апай (оның есімі осылай екен) төрүйге аяқ басты. Қолына сарғайып кеткен, кейбір жері жыртылған үлкен сурет ұстап кірді.

– Қарағым, – деді ол маған, – жас күнінде менің атам осы суретке түсіпті. Ол болашақтағы зиялы адамдармен, қазақ әдебиетінің саңлақтарымен бірге оқыған екен. Көне сурет, осыны қайта шығарып көрші. Сенің қолыңнан келеді ғой.

Әбден көнеріп, сарғыш тартып кеткен суретке үңіліп тұрып, мен жас күндеріндегі Мағжан Жұмабаев пен Сәбит Мұқановты бірден таныдым. Сонда маған мынадай бір ой келді: тегі, Зура апайдың атасы Омбыда, яки Орынборда, мүмкін Петропавлда олармен бірге оқыған шығар?

Мен бұрын мұндай суретті көрген емеспін. Апайға суретті үлкейтіп шығаруға уәдемді беріп, оны өзіммен бірге ала кеттім.

Зура Фазылқызы атасы жайлы әңгімелеп, оның өз заманында он саусағынан өнер тамған ісмер болғанын айтты. Ұлт аспаптарын тамаша жасайтынын тілге тиек етті. Сонымен бірге зергер де болыпты. Алтынмен аптап, күміспен күптеп талай бұйымдарды әшекейлеген көрінеді. Осылайша ертоқым, ат әбзелдерін жасап, қамшы өрумен айналысыпты.

Ал бәрінен де әшекейлі домбыраларды жасауға құмар екен. Солардың бірі Зура Темірханованың үйінің қабырғасында ілулі тұрған, мана көзіме шалынған домбыра еді.

Мен осы суреттің нақты қай жылы, қай қалада түсірілгенін сол жерде анықтап сұрап алмағаныма әлі күнге өкінемін. Жорамал көп-ақ. Мысалы, осы суретте оған түскен адамдардың артындағы бөренеден қиылған, терезелері үлкен үйге қарағанда, бұл бір ауқатты адамның үйі ме екен деген ой келеді. Әлде бір оқу орны ма екен? Өйткені, алдыңғы қатарда жерге жайғасқан балалар балдырған шәкірттерге ұқсайды. Арасында татар балалары да бары айқын көрінеді. Олай болса, бұл Орынбордағы немесе Қызылжардағы қазақтатар мектептерінің бірі ме екен? Себебі, осы қалалардағы ауқатты адамдардың өз үйлерін оқу-ағарту мақсатында шәкірттерге бергені тарихтан белгілі ғой.

Екінші қатарда отырғандардың оң жақтан үшіншісі Мағжан екені анық. Оның киген киіміне қарағанда, не Омбының мұғалімдер семинариясында оқып жүрген кезі, яки Қызылжардағы педтехникумда (қазіргі өзінің атындағы колледжде) сабақ беріп жүрген шағы болуы мүмкін.

Ал ең артындағы қатарда тұрғандардың сол жақтан төртіншісі – қалпақ кигені Сәбит Мұқанов деген ойдамын. Бұл, тегінде, Сәбеңнің Петропавлда “ЧОН”-да (части особого назначения) қызмет істеп жүрген кезі болса керек. “ЧОН” революциялық, әскери-саяси ұйым болғаны тарихтан аян. Осы ойыма Сәбит Мұқановтың үстіне киген сырт киімі түрткі болды. Мұндай киімдер, көбіне, осындай ұйымдарда қызмет істегендерге берілгені анық.

Осы суретті “Солтүстік Қазақстан” газетіне ұсына отырып, онда бейнеленген адамдарды танитын көзі тірі адамдар табылып қалса, біраз жайлар анықталар ма еді деп ойладым.

Төлеген ҚОСШЫҒҰЛОВ,

журналист.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp