Бүгінде ақиық ақынның туған жері Мағжанды іздеп келгендерді қарсы алып, қонақжайлылық танытуда. Еліміздің түкпір-түкпірінен және шетелден келетін қонақтарға қазақ поэзиясының шолпан жұлдызы атанған жерлестерінің туған жерін, өмір жолын, шығармашылығын таныстырып, дәріптеп отырған Сасықкөлге іргелес жатқан Сарытомар ауылы да ақын тағдыры жайлы көп сыр шертері анық.
Бір кездері 120-дан астам отбасы түтін түтеткен ауылда қазір 56 шаңырақ тірлігін жасауда. Ауылдың бүгінгі ахуалы жаман емес. Өзге ауылдарда білім мен мәдениеттің жалғыз ғана ошағы – мектеп болса, Сарытомардағы Мәдениет үйі, мұражай, мешіт, фельдшерлік-амбулаторлық пункт халық игілігіне қызмет етіп тұр.
– Мағжанның туған жері болғандықтан, ауылға келіп-кететіндердің қарасы қалың. Бір сөзбен айтқанда, шалғайдағы кей ауылдар сияқты томаға-тұйық өмір сүріп жатқан жоқпыз. Талантты ақынның есімі таныс, маржан жырларын қаныға оқыған әр зиялы азаматтың ат басын бұрар ауыл болғандықтан, жауапкершілікті айқын сезінеміз. Келімді-кетімді кісілер рухани байып қана қоймай, елдің көркіне тамсанып кетсе екен деген оймен апта сайын сенбілік ұйымдастырып, ауылды таза ұстаймыз, – дейді Молодежный ауылдық округінің әкімі Нұрсұлтан Шахметов.
Екі жүзден астам адам тұратын ауылда да көптеген қазақ елді мекендеріне тән мәселелер бар. Іргесі сөгіліп, ауыл тұрғындарының саны азайса да, киелі топырақты қимайтындардың арқасында шаңырағы шайқалмаған. Керісінше, мемлекеттік бағдарламалар бойынша кәсібін ашып, мал өсіріп отырған іскер азаматтар ауылдың әлеуетін нығайтуда. Солардың бірі – Ербол Өтеуленов. “Жұмабаев” шаруа қожалығының құрылғанына он жылға жуық уақыт өткен. Әу баста егін шаруашылығымен айналысқан кәсіпкер екі жылдан бері мал өсіріп, ырысын арттырып отыр. Иелігіндегі 1400 гектар алқапқа бидай, арпа ексе, “Сыбаға” бағдарламасы аясында алған алпысқа жуық сиырдың сүтін “Булаев май зауыты” жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне өткізеді. Сегіз ауылдасын жұмыспен қамтыған кәсіпкер алдағы уақытта мал басын 100-ге жеткізбек.
– Бүгінгі таңда жұмыс істеймін деген кісіге ауылда да екі қолға бір күрек табылады. Түрлі мемлекеттік бағдарламалардың арқасында кәсібін ашып, сүйікті ісімен айналысып отырғандар қаншама. Бұл – Сарытомар ауылының тұрғындарының да қолынан келер іс. Ауылда жайлы өмір сүруге барлық жағдай жасалған. Тек ауылдың іргесін нығайту үшін келіп жатқан жас мамандар тұрақтаса екен, – деген тілегін жеткізді Ерболат Жұмабайұлы. Тұрғындарының 90 пайызы жұмыспен қамтылған сарытомарлықтардың көз қуанышына айналған жас мамандардың дені ауылдағы орта мектепте жұмыс істейді. Мағжанның туғанына 115 жыл толуы қарсаңында күрделі жөндеуден өткен білім ордасының ескі ғимараты 2008 жылдан бастап мектеп жанындағы интернат ретінде бүлдіршіндерге есігін айқара ашыпты.
– Бүгінгі таңда мектебімізде 68 оқушы білім алады. Оның жиырма шақтысы – жақын маңдағы ауылдардың балалары. Мектеп пән мұғалімдерімен толық қамтылған. Бір жылдары кейбір пәндердің мұғалімдері зейнет демалысына шығып, қиналғанымыз рас. Соңғы үш жылда ауылға 15 жас маман келді. Олардың алды шаңырақ көтеріп, сарытомарлықтардың қатарын көбейтті, – дейді мектеп директоры Ботагөз Батанова.
Әдетте, қала өмірін аңсайтын жастардың ауыл-аймақтарға барып еңбек етулері көңілді қуантарлық жағдай. Мемлекеттің жастарға қолдау көрсету мақсатында әзірлеген “Дипломмен – ауылға!” бағдарламасы өз жемісін берді десек болады. Мектеп ауылдың тірегі екенін жақсы білетін ата-аналар білім ордасы ойдағыдай қызмет етсе, балаларының болашағы үшін алаңдамай, ауыл тіршілігін дөңгелетіп жүре берері анық.
Өңірімізде жыл сайын оқушылар арасында республикалық “Мағжан оқулары” өткізіледі. Байқауға еліміздің әр түкпірінен келген балалардың арманы – Сарытомарға бару. Мағжанның туған жері – Сасықкөлдің жағасы, оның айналасындағы орман ақынның жырын жаттап өскен балаларға ерекше әсер етеді екен.
Сасық деп еркелетіп, ат қойған көл,
От-суға иең түгіл, жат тойған көл,
Назданып, жүйрік мініп, тарлан шүйіп,
Көксілдер тұс-тұс жақтан ат қойған көл.
Кір жуып, кіндік кесіп, сенде өскен көл,
Құрбымен ойнап-күліп, кел дескен көл,
Жарысып, тайға мініп, батпаққа аунап
Күресіп күн батқанда белдескен көл, – деп ақын жырларына қосқан киелі мекеннің қадірі бөлек. Сарытомардың топырағын қадір тұтатындар үшін ақынның мұражайы да қастерлі. Бұл мұражайдың ашылғанына да 26 жыл болған. Оның негізін қалағандардың бірі – Сарытомар орта мектебінде 46 жылдай еңбек етіп, білім ошағын басқарған марқұм Ерік Көжекбаев. Мағжан Жұмабаев ақталғанға дейін оның шығармашылығы қазақ әдебиетінің ақтаңдақ беттерінің бірі болғаны белгілі. 1989 жылы Еркін Көжекбаев Сарытомар орта мектебінің бір бөлмесін мұражайға айналдырып, ұмыт бола бастаған жерлесінің атын жаңғыртқан. Бүгінгі таңда сол мұражай отауы бөлек, төрт бөлмелі жаңа ғимаратта орналасқан. Келбетіне көз сүйсінеді. Мұражайдағы жәдігерлердің әрбіреуінің сақтап келген өзіндік сыры бар. Мұндағы жәдігерлердің ішінде ақынның зайыбы Зылиха ханым тапсырған ескі Құран, жайнамаз, етік келушілердің назарына бірден түседі. Сарғайып, көнерген ақын құжаттарының арасында Омбы мұғалімдер семинариясында оқып жүрген кезіндегі сыныптан сыныпқа көшіру хаттамасы да тұр. Сондай-ақ, ақынның көзі тірісінде жарық көрген басылымдары, жазу машинкасы, үстелі, басқа да жәдігерлер жинақталған. Десек те, ақын туралы ғылыми жоба жазып жүрген оқушылар, Мағжанды зерттеп жүргендер арнайы келетін бұл мұражайға ғылыми ізденіс, ағартушылық бағыт жетіспей тұр. Себебі, мұражай тарихи дерек ретіндегі ескерткіштерді, өнер туындыларын, мәдени құндылықтарды сақтап, жинақтап қана қоймай, ғылыми-танымдық қызмет атқаратын мекеме екенін ескерсек, бүкіл түркі әлеміне аты мәшһүр Мағжан Жұмабаевтың өмірі мен шығармашылығы баяндаудан гөрі зерделеуді қажет ететінін де ұмытпаған абзал.
Білмеймін не боларын, қайран көлім,
Жарайды тең болмаса күн мен түнің.
Итиіп қарашекпен келіп қонса,
Басыңнан құсың ұшып кетер сенің, – деп ақын алаңдаушылық танытқан бұл жердің қадірін асқақтатып, ырысын еселеу үшін жергілікті билік те бар күштерін салуда.
– Ауыл тұрғындарының санын көбейту үшін оңтүстіктен көшіп келетін ағайындарды қабылдауға әзірміз. Ауылда бос тұрған бірнеше үй бар. Өткен жолы Алматы облысынан бірнеше кісі келіп, ауылдың әлеуетімен танысып кетті. Ауылға келер жолды да жөндеу – күн тәртібінде тұрған мәселе, – деген ауылдық округ әкімі Нұрсұлтан Қазтайұлы келер жылы ақынның 125 жылдық мерейтойына орай жолдың жайы да оң шешім табарына сенімді.
Ажарын ашып, көркін келтіріп тұрған әлеуметтік нысандары бар ауылдың тағдыры қыл үстінде тұрмаса да, Мағжанын іздеген халық ұнжырғасы түспей, марқайып қайтса екен деген ой мазалайды. Бір кездері көше бойы сымдай түзелген үйлердің бүгінде арасы сиреп, алдыңнан жүгіріп шығар баланың да қарасы азайған. Тек бір көрініс мәңгілікке сақталардай. Кезінде Мағжан туған жеріне келгенде Сарытомар мен Сасықкөлдің арасы қара жолға айналып, ауыл тұрғындарының легі толастамайды екен. Жер бетінде Алашы аман болса, ақынын жоқтап келушілер де толастай қоймас.
Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суреттерді түсіргендер
Талғат ТӘНІБАЕВ,
Амангелді БЕКМҰРАТОВ.