Алғашқы көрсетілімі республикамыздың кинотеатрларында мереке күндері өткен “Оралу” атты отандық кинотуындыны қызылжарлықтар да тамашалады.
Көркемфильмнің авторы әрі қоюшы-режиссері – Рашид Сүлейменов. Басты рөлдерде Санжар Мадиев пен Аружан Джазильбекова ойнайды.
Оқиға біздің заманымызда өрбиді. Мақсат есімді жас ғалым Еуропада жұмыс істейді. Туған елінен жырақ кеткен ол өзін Мақсат деуден Макс деп айтқанды ұнатады. Содан-ақ, оның Отанына деген сүйіспеншілігінің жоқтығын аңғаруға болады. Еліне бірнеше жылдан соң оралған ол ата-тегін ұмыта бастайды. Жүрегінде туған жерге деген титтей де сүйіспеншілік қалмаған Макс ойда жоқта кіндік қаны тамған ауылына барады. Көздегені – атасынан қалған мұраны иелену. Бірақ барлығы ол ойлағандай болмайды. Мал шаруашылығымен айналысқан атасының фермасын сатпақ болады. Макс атасының ескі қолжазбаларын ақтарып отырып, оның ғылыммен айналысқанын біледі. Медицина саласындағы жаңалығын аяқсыз қалдырған атасының ісін өзі жалғастырады. Ауыл десе де, мұнда да ғылыммен айналысуға мүмкіндік бар екеніне көзі жеткен Мақсат ақыр-соңында елде қалуға ұйғарады.
Қым-қуыт оқиғаларға толы фильмнің түйіні “Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол” деген мақалға саятындай. Білім қуып шекара асып, еліне оралуды көздемейтін жастарға үндеу десе де болады. Себебі, бас кейіпкердің образы арқылы фильм авторлары шетелдегі жас қазақстандықтарды елге келіп, мемлекетіміздің дамуы үшін еңбек етуге шақырады.
Фильм 19 наурыздан бастап еліміздің барлық кинотеатрларында көрсетіле бастайды.
Бақытжан ЖОЛДАСҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.