Өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов Мағжан Жұмабаев ауданына жұмыс сапарымен барып, көктемгі егіс науқанының барысымен және өңірдегі әлеуметтік-экономикалық жобалардың жүзеге асуымен танысты.
Ауданда егіс науқаны қарқынды жүріп жатыр. Сапар барысында аймақ басшысы «Нұрсен Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің егіс алқаптарына барып, жергілікті диқандармен кездесті. Қазір облыста көктемгі дала жұмыстары қызған шақ. Бұл – ауыл шаруашылығы саласындағы жүйелі жұмыстың, еңбек адамдарының маусымдық науқанға дайындығының көрінісі.
– Ауданда жол бойы сервисін дамыту бағытында ауқымды жоба іске асырылып жатыр. «Эталон-Маркет» жанар-жағармай құю бекеті жаңартылып, 500 млн. теңге инвестиция тартылған. Сонымен қатар «Азия Woods» ағаш өңдеу цехы ашылып, 25 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Кәсіпорын ағаш көмірін, жаңқа, брикет және поддондар өндіреді, – деді облыс әкімі.
Өңір басшысы «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында аудан тұрғындарымен бірге көшет отырғызды. Жалпы ауданда 23 мың ағаш отырғызу жоспарланған.
Успенка ауылындағы су тапшылығын шешуге арналған жобаға да ерекше көңіл бөлінді. Мұнда 2,5 шақырым су желісі тартылмақ. Сондай-ақ Лебяжье, Достық, Октябрьское, Қарағанды, Қарақоға және Булаев елді мекендерінде де ауызсу жүйелерін жаңғырту жұмыстары жүргізілуде.
– Сулышоқ ауылында жергілікті шаруа Қайрат Жәнібеков салған шағын орталық пен демалыс орталығында болдым. Бизнестің әлеуметтік салаға белсенді араласып, ауылдың дамуына үлес қосып жатқаны құптарлық. Ауылда көпбалалы отбасылармен ерекше кездесу өтті. Гүлнұр Ахаева мен Асхат Нүсіпов 17 бала тәрбиелеп отыр, оның 10-ын – асырап алған. Нұркен Нұрсейіт пен Сарагүл Бейсебаева 9 баланы өсіріп жатыр, олардың төртеуін асырап алған. Бұл отбасылардың балаларға деген шексіз қамқорлығы – зор құрметке лайық, – деді өңір басшысы.
Ауданда білім мен мәдениет нысандарына жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр. Булаево қаласында мектеп-бөбекжай кешені күрделі жөндеуден өтуде. Жақын арада жас техниктер үйі, Батыр Баян атындағы мектеп-гимназия мен «Березка» балалар лагері де жаңартылады.
Сапар соңында аудандық Мәдениет үйінде тұрғындармен кездесу және көпбалалы аналарға мемлекеттік наградалар табыстау рәсімі өтті. Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов көпбалалы аналар – Анастасия Кислинская, Наталья Шаманаева, Меруерт Құлымбетова, Елена Нарыгина және Лидия Бойконы «Алтын алқа» және «Күміс алқа» төсбелгілерімен марапаттап, олардың ел болашағы үшін жасаған еңбектеріне алғыс білдірді.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
«Soltüstık Qazaqstan».