«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МАҚСАТЫМЫЗ АЙҚЫН , МҮМКІНДІГІМІЗ ЖЕТКІЛІКТІ

Елбасымыздың Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдауларын мемлекетіміздің, ел тұрғындарының болашағын бағамдап, алға басар қадамдарымыздың бағыттарын айқындайтын баға жеткісіз бағдар деуге болады.

Жолдауда еліміздің жаңа ғылыми, технологиялық жетістіктерін басшылыққа ала отырып, мал шаруашылығын дамыту ауыл шаруашылығын өркендетудің өзекті міндеттерінің бірі ретінде Елбасымыздың назарынан тыс қалған емес.

2014 жылы саланы дамытуға 50 миллион теңгеден астам мемлекеттік жәрдем түріндегі демеуқаржы берілді. Бұл ретте “Сыбаға”, “Құлан”, “Алтын асық” мемлекеттік бағдарламаларының мал шаруашылығын дамытуға септігі тиюде.

Ауданда мал тұқымын асылдандыру жұмысы жүргізілуде. “Мичуринское” ЖШС-нің негізінде “Ангус” тұқымды 500 бас ірі қараны бордақылау алаңы, ал “Москворецкое” ЖШС-інде “Әулиекөл” тұқымды 150 бас асылтұқымды репродуктор шаруашылығы құрылды.

“Атамекен Агро Тимирязево” ЖШС асылтұқымды репродуктор шаруашылық ретінде “Ангус” тұқымды мал өсіре отырып, Ресей Федерациясынан қосымша 280 бас мал сатып алды. Мұның өзі ұрғашы малды 800 басқа дейін көбейтті.

Жолдаудың бірінші бағытының шеңберінде инфрақұрылымдық жобалар бойынша республикалық бюджеттің есебінен 36,6 миллион теңгенің үш жобасы жүзеге асырылды.

Ал екінші бағыты бойынша 2014 жылы 21 адам кәсіпкерлік негіздерін оқып шықты.

Үшінші бағыттың шеңберінде 6 адам қайта оқуға, 2 адам кәсіби біліктілігін жетілдіруге жіберілді. Игерген мамандықтарына орай 8 адам жұмысқа орналастырылды. Кәсіби оқуды ұйымдастыруға республикалық бюджеттен барлығы 1,3 миллион теңге бөлінді.

Бұл орайда біз жұмыс берушілермен ортақ қарым-қатынас орнатуға тырысамыз. Соның нәтижесінде 8 жұмыс берушімен келісімшарт бекітіп, 11 әлеуметтік жұмыс орнына қол жеткіздік. Бұл жұмысты үстіміздегі жылы да жалғастырамыз.

Тіркелген жұмыссыздық деңгейі еңбекке қабілетті тұрғындардың 0,4 пайызын құрады. Бұл облыстық көрсеткіш деңгейінде.

Аудан бойынша орташа айлық еңбекақы 2014 жылы оның алдындағы жылмен салыстырғанда 6,7 пайызға артып, 65434 теңге, соның ішінде ауыл шаруашылығы саласында 73595 теңге болды. Облыс бойынша бұл көрсеткіш – 69052 теңге. Еңбекақының зейнетақының өсуіне орай тұрғындардың жан басына шаққандағы кірістері де артты.

“Дипломмен – ауылға!” бағдарламасын жүзеге асырудың шеңберінде өткен жылы баспана алу үшін әлеуметтік саланың мамандарына 20,7 миллион теңгенің 10 кредиті берілді. Көтерме жәрдемақы түрінде 11 маманға 1,5 миллион теңгенің әлеуметтік көмегі көрсетілді.

Жолдауда жаңа жолдар салуға және бұрынғыларын жөндеуге айрықша назар аударылғаны белгілі. Бұл бағытта облыс әкімі Ерік Сұлтановтың қолдау көрсетуімен ауданымызда жолдардың жағдайын жақсартуды қаржыландыру көлемі артып отыр. Облыстық және аудандық маңызы бар жолдар үшін жыл сайын бюджеттен қыруар қаржы бөлінеді. Үстіміздегі жылы ауданның автомобиль жолдарын ағымдағы жөндеуге республикалық бюджеттен бөлінген 45 миллион теңге қаржыны игереміз. Бұл жұмыстарды мамыр айынан бастамақпыз.

Елбасы өз Жолдауының төртінші бағытында жылумен және сумен жабдықтау жүйелерін жаңғыртуды жылдамдату жөнінде тапсырма берді. Осыған байланысты ауданның жергілікті атқарушы органдарының барлық нысандарды жылыту маусымына сапалы дайындау, барлық көкейкесті мәселелерді уақытында шешу болып табылады. Әлеуметтік-мәдени нысандар үшін отын дайындау, білім және денсаулық мекемелеріндегі қазандықтарды жөндеу жұмыстары атқарылды.

Тимирязеводағы қазақ мектеп-интернатында қазандық орнатылды. Сәбит Мұқанов атындағы жалпы білім беретін мектеп-гимназияның жертөлесіндегі жылыту жүйесін республикалық бюджеттен бөлінген 7,2 миллион теңгенің есебінен күрделі жөндеуге қол жеткізілді.

Аудандық орталық аурухананың резервтегі қазандығын ауыстыруға 1,1 миллион теңге жұмсалды. Соған қоса 1,6 миллион теңгеге орталық аурухананың жылыту жүйесі жөнделді.

Көппәтерлі коммуналдық тұрғын үйлердің дәліздерінде жөндеу жұмыстары жүргізілді, кәріз жүйелері жаңартылды, шатырлары жылу ұстайтындай етіп жөнделді.

Республикалық және жергілікті бюджеттерден трансферттердің есебінен “Ақ бұлақ” бағдарламасының шеңберінде Хмельницкое ауылының су құбырының таратушы желілерін қайта жаңарту және Тимирязево ауылының қысымды су мұнарасын ауыстыру бойынша екі инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Бұл жобаларға 87,1 миллион теңге бөлінді: соның ішінде республикалық бюджеттен – 69,3 миллион теңге, облыстық бюджеттен 17,8 миллион теңге көлемінде мақсатты трансферттер алынды.

Үстіміздегі жылы республикалық және облыстық бюджеттердің трансферттері есебінен Хмельницкое ауылында 3,5 шақырым су құбырының құрылысы және қайта жаңарту жұмыстары, Тимирязево ауылында су тарату ғимараты алаңында сыйымдылығы 50 текше метр қысымды су мұнарасын ауыстыру жұмыстары жүргізіледі.

Докучаево ауылында 115,3 миллион теңгеге су құбырлары құрылыстарын және су тарату желілерін қайта жаңартудың жобалық-сметалық құжаттары жасалды. Биыл осы ауылда су құбырларының тарату желілерінің құрылысында 109 миллион теңгені игеру көзделіп отыр.

Елбасымыздың өскелең ұрпақтың білім алуына ерекше көңіл бөліп отырғаны баршаға аян. Ал ғылымның дамуы білім берудің материалдық-техникалық негізін нығайтумен тығыз байланысты. Бүгінгі жастардың өздерінің әлеуетін айғақтап, дамытуына барлық мүмкіндіктері бар. Атап айтқанда, өткен жылы Тимирязеводағы Сәбит Мұқанов атындағы жалпы білім беретін мектеп-гимназия мен Степное орта мектебіне химия кабинеттері сатып алынды. Бұл үшін республикалық бюджеттен 8,2 миллион теңге жұмсалды. Ауданның барлық мектептері телефон байланысымен қамтылып, Интернет жүйесіне қосылған. 10 мектеп интерактивті режімде жұмыс істейді.

Қажетті қаржының бөлінуі ауданның мектеп жасына дейінгі мекемелеріндегі орындар тапшылығы проблемасының шешілуіне жағдай жасады. Бүгінде мектеп жасына дейінгі тәрбие берумен және оқытумен қамту толық жүзеге асырылды.

Елбасы өз Жолдауында біздің алдымызға жалдамалы әлеуметтік тұрғын үйлер салуды дамытудың айқын міндетін қойды. Осы ретте біздің ауданда 2014 жылы пайдалануға берілген 12 пәтерлі коммуналдық тұрғын үйде жас мамандарға жайлы пәтерлер бөлінгенін айта кеткен жөн.

Биыл біз Қазақстан халқы Ассамблея мен Конститутциямыздың 20 жылдығын, Ұлы Жеңістің 70 жылдығын, Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өтеміз. Осы айтулы даталарды атап өте отырып, біз рухани тұрғыда кемелденіп, ынтымақ-бірлігімізді арттыра түсуге тиіспіз.

Еркін БАЗАРХАНОВ,

 Тимирязев ауданының әкімі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp