«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

МАҚСАТЫМЫЗ – ҚОҒАМ ТЫНЫШТЫҒЫН КҮЗЕТУ

Елбасы “100 нақты қадам” Ұлт жоспарында жергілікті билік органдары мен қоғамдастықтарға есеп беретін жергілікті полиция қызметі құрылатынын айтқан болатын. Бүгінгі күні біздің облысымызда жергілікті полиция өз қызметіне кірісіп те кетті. Біздің қарауымызға қоғамдық тәртіп күзеті, тұрмыстық қылмысқа қарсы тұру, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету және ұсақ қылмыстарға мүлдем төзбеушілік мәселелері беріліп отыр. Жергілікті полиция қызметінің құрылымына учаскелік инспекторлар, жол-патрульдік, ювеналдық, табиғатты қорғау полициясы, әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімшелері, қабылдаушы-бөлушілер және арнайы қабылдаушылар кіреді.

Қазіргі таңда жергілікті полиция қызметіне әкімшілік ғимарат (Володарский көшесі, 18) берілді. Жол-патрульдік полициясының саптық бөліністері үшін 37 бейнежетон сатып алынды. Қаланың орталық алаңына бейнебақылау және компьютермен жарақталған “Модуль” стационарлық бекеті орнатылды. Әкімшілік полиция қызметкерлерінің кәсіби деңгейлерін арттыру мәселесі де назарға алынған. Жеке құрамды оқыту, кешенді талдау және әдістемелік көмек беру мақсатында арнайы профилактика кабинеті ашылды.  

Жергілікті полиция қызметі аз күннің ішінде көшедегі қылмыстардың алдын алу, қоғамдық тәртіпті, азаматтардың және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында көптеген кешенді шараларды жүзеге асырды. Соның нәтижесінде облыс аумағындағы апаттар – 13,3 пайызға (15-тен 13-ке дейін) және жарақат алушылардың саны 34,8 пайызға (23-тен 15-ке дейін) төмендеді.

Жеті мыңнан астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды, соның ішінде 5 мыңы – жол қозғалысы ережесін бұзғандар. Ал қоғамдық орындарда тәртіп сақтамаған 2 мыңға жуық тұрғынға әкімшілік хаттама толтырылды. Әрине, біздің мақсатымыз екінің бірін жазаға тарту емес, заңды сақтайтындардың санын көбейту. Әсіресе, “темір тұлпарды” тізгіндегендердің арасында ережеге бағынбайтындар бар. Алдағы уақытта да ондай бассыздықтарға жол бермеу жұмыстарын әлсіретпейміз. Жыл басынан бері мас күйінде рульге отырған 125 жүргізуші ұсталды, 500-ге жуық көлік иесі жылдамдықты арттырғаны үшін жазаланды. Сондай-ақ, жол полицейлері қауіпсіздік белдігін тақпаған 600 адамға ескерту жасады.

Жергілікті полиция қызметінің есебінде тұрған маскүнемдер мен нашақорлар, бұрын сотталғандар арасында да түсіндіру, алдын алу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мұндағы мақсатымыз – түрлі қылмыстардың алдын алу, тұрмыстық зорлық-зомбылықты болдырмау. Ойнақтап жүріп, от басудың соңы өкініш екенін ұғындыру. Жоспарлы шаралар барысында полиция есебінде тұрғандардың саны артты. Олардың жүріс-тұрысы тәртіп сақшылары тарапынан бақыланатын болады. Тұрғындар тәртіп бұзушылыққа мүлдем төзбеушілік танытса, онда полицейлердің жұмысы да жеңілдей түсер еді. Бұл мақсатта да біршама жұмыс атқарылатын болады. Жоғарыда аталған әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша 3 мыңнан астам тұрғынға жалпы сомасы 22 миллион теңге айыппұл салынып, бүгінгі күні соның 10 миллион теңгеден астамы өндіріліп алынды.

Қанат АЙТБАЕВ,

облыстық жергілікті полиция

қызметінің бастығы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp